1-15 маусым аралығында "Алматы жастары" бағдарламасы аясында жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін алу үшін өтініштер мен құжаттар қабылданады. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.
Өтінімді kezekte.kz сайтында "Тұрғын үй қызметтері" бөліміндегі Almaty Jastary сервисі арқылы 2026 жылғы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін беруге болады. Порталда авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарлама аясында несиелеудің келесі шарттары қарастырылған:
- несие сомасы – 20 млн теңгеге дейін;
- пайыздық мөлшерлеме – 5%;
- бастапқы жарна – 10%.
Сонымен қатар бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі бар.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) Алматы қаласының тұрғындары қатыса алады.
Негізгі талаптар қатарында – Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеудің болуы, соңғы бес жыл ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің атына тұрғын үйдің болмауы, сондай-ақ Алматыда кемінде алты ай ресми еңбек өтілі және міндетті зейнетақы аударымдарының болуы.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлерін, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын, журналистерді, әлеуметтік сала қызметкерлерін, құқық қорғау органдарының өкілдерін, коммуналдық қызмет қызметкерлерін, сондай-ақ "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларын қамтиды.

