Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында толассыз жауған жаңбырдан кейін Түрген өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілді. Соның салдарынан туристік аймақтардан адамдар эвакуацияланып, бірнеше аумақты су басып, бірқатар жолдарда қозғалысқа шектеу енгізілді. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, Түрген өзенінің тасуы салдарынан Түрген – Ассы автожолының 25-шақырымындағы учаскені су басқан.
"Сондай-ақ өзеннің 6–9 шақырым аралығындағы жағалауда орналасқан алты киіз үй мен "Түргенсай" демалыс аймағына жақын аумақтарды су шайып, қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара бүлінген. Оқиғаға байланысты туристік аймақтарда болған адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында БАК бойындағы автожолдың 54-шақырымындағы көпірдегі су өткізгіш құрылғының маңын су шайып жатқаны анықталған", – делінген хабарламада.
Әкімдік бұл көпірдің 2024 жылы апатты деп танылғанын хабарлады.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 шілдеден бастап қауіпсіздік мақсатында облыстық маңызы бар КВ-49 "БАК бойындағы автожол" бағытында көліктің барлық түрінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.
ТЖД мәліметінше, мұндай шешім таулы аймақтағы нөсер жаңбырдан кейін Тұрген өзенінің ағысы күшейіп, жол қозғалысына қауіп төндіруіне және көпірді су шайып кету қаупіне байланысты қабылданған.
Жағдайды үйлестіру үшін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің жетекшілігімен полиция, төтенше жағдайлар қызметі және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел штаб құрылды.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Су басудың салдарын жою және тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.