Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Комиссия "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектілерінің жалпы сомасы 525 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекет пайдасына аудару және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерін мақұлдаған. Арнаулы мемлекеттік қорға аударалытан қаражат есебінен келесі нысандар салынады:
- Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен;
- Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы;
- Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы.
"Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Осы жылдың басынан бастап Комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімдерді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды", – деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысындағы Зеренді ауылында спорттық кешен және Түркістан облысындағы Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінген болатын.
Комиссия жұмысы жалғасуда.
Оқи отырыңыз: Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы 50 миллиард теңгенің активін қайтарады