Қайрат Сатыбалды мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам активті қайтарады, деп хабарлады Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті.
"Олардың қатарында Алматыдағы екі ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар. Қайрат Сатыбалдыұлынан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылды.
Сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 миллион теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды.
Оқи отырыңыз: Қайрат Сатыбалдыұлының қандай мүліктері мемлекетке қайтарылды. Антикор тізім жариялады
Қ.Сатыбалдыұлы мен оның жақындарына тиесілі жалпы сомасы 33 миллиард теңге болатын шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында. Оларға:
- Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла;
- Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер;
- құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік;
- құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Стамбул қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады.
Жалпы Қайрат Сатыбалды 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңгеге активтерді қайтарды.