Тікелей эфир

Ақтау халқы таза суға зар: "Лас суға ақы төлеп шаршадық"

Тұрғындар дүкеннен суды бөтелкелеп сатып алып, пайдалануға мәжбүр.

Ақтауда таза суға зар болып отырған халықтың мәселесін өңірдің шенеуніктері әлі күнге шеше алмай отыр. Өйткені, қаладағы пәтерлердің құбырынан ішпек түгілі жуынуға да жарамайтын қап-қара, лай су ағып жатыр. Тұрғындар бірнеше жылдан бері осындай сапасыз су үшін ақы төлеп шаршаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ыстық су кесте бойынша ғана беріледі. Бірақ, ол да лай.

"Жаз бойы осы, су бірде болады, бірде болмайды. Кранды ашсам, қара су ағып тұр. Дүкеннен 5 литрлеп су тасып ішіп отырмыз", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Света Өтелгенова.

Қаланың тағы бір тұрғыны Рыскүл Тикеева да ақысы төленіп отырғасын таза су беру қажет екенін айтады.

"21 ғасырда суға ақы төлеп, одан бөлек дүкеннен тағы суды сатып алып ішеміз деп кім ойлаған", – дейді ол.


Оқи отырыңыз: 


Ауыз судың әлегін айта-айта шаршаған халық енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Әкімдіктегілер болса облыс бойынша тәулігіне 51 мың текше метр судың жетпейтінін растап отыр. Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылға дейін 9 зауыт салу үшін 282 миллиард теңге қаражат бөлу жоспарда бар екенін айтады.

"Барлық зауыттың қуаты тәулігіне 260 мың текше метрді құрайтын болады. Бұл зауыттар уақытылы іске қосылатын болса, облыс деңгейіндегі ауыз суға деген қажеттілікті толықтай өтеп, мәселені шешетін боламыз", – дейді Маңғыстау облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.

Бұдан бөлек, әкімдіктегілер Ақтау қаласының ауыз су, кәріз және жылу желілерінің тозығы жеткенін айтып отыр. Сол үшін алдағы екі жылда 918 шақырым инженерлік желіге жаңғырту жұмыстары жүргіземіз деп сендірді.

Серіктестер жаңалықтары