Тікелей эфир

Тау етегіндегі ауыл таза суға жарымай отыр

Түркістан облысында ауыз су азабын шеккен аулы тұрғындары мұң шақты.

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Талдыбұлақ ауылында таза ауыз су жоқ. Бюджеттің 88 миллион теңгесіне жүргізілген жаңа ауыз су жүйесі жарамсыз болып қалған. Тіпті тіршілік нәрін тазалайтын сүзгі де жыл өтпей істен шыққан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Таза ауыз су жоқтығынан ауылда іш ауруы белең алған. Ал шенеуніктер бар кінәні жұмысты сапасыз жасаған мердігерлерге жауып отыр.

"Бізге беріліп жатқан су фильтрден өтпейді. Су ащы. Оны ішкен бала-шағаның іші ауырып, бәрі дәрі-дәрмек алып, емделіп жатыр. Халық әбден әбіржіді. Бұл су малдың ішуіне де жарамайды", – дейді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Ердос Саттаров.

Аудан басшылығы үш жыл бұрын Талдыбұлақ ауылына жүргізілген су жүйесі құрылысына бюджеттен 88 миллион 278 мың теңге қаржы жұмсалғанын да, көп ұзамай су тазартқыш құрылғысы істен шыққанын да мойындады. О баста бұзылған жерін дереу қайта жөндеп береміз деп сендірген компания уәдесінен тайқыған.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысының егістіктеріне су тапшылығы төніп тұр


"Ол фирманың 5 жылдық кепілдік мерзімі бола тұра, бүгінгі таңда мекеме банкрот болып кетті. Біз оны сотқа беріп, тиісті шараларын көрдік. Дегенмен осы халықтың сұранысына байланысты біз өзімізге қарасты "Таза су" мекемесі арқылы бүгін фильтрлерін алып келдік. Бүгін-ертең ауыстырып, дүйсенбі күні халық сапалы ауыз су ішетін болады", – деп сендірді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов.

Алайда көпшілік әкімнің мәселе бірер күнде шешіледі деген сөзіне сеніңкіремеді. Өйткені дәл осындай уәде бұған дейін де айтылған. Ал бұзылған су сүзгісінің құны 500 мың теңге екенін айтқан шенеуніктер құрылғынының шығынын банкрот болған компанияның тәркіленген мүлкі есебінен толтырамыз деді.

Серіктестер жаңалықтары