Тікелей эфир

Аймағамбетов: Балалар "Маша и Медведь" пен "Синий трактормен" шектелмей, қазақша мультфильмдер көруі тиіс

Депутат қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлу туралы норма заңға енгенін еске салды.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында қазақша және қазақ тіліне сапалы аударылған мультфильмдердің аз екенін айтып мәселе көтерді. 

Оның сөзінше, қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. 

"Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар "Синий трактор" мен "Маша и Медведь" сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз", – деп жазды Асхат Аймағамбетов. 


Оқи отырыңыз: 


Мәжіліс депутатының айтуынша, қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар. Мәселен, "Балапан" телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. 

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми зерттеу жүргізу қажеттігіне де тоқталып, осыған байланысты мәжіліс депутаттары Ғылым министрлігіне тиісті ұсыныс жасалғанын айтты. 

"Әлемдік хит мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ", – деді депутат. 

Серіктестер жаңалықтары