Тікелей эфир

"Қазақ ертегілері де қорқынышты ғой". Вице-министр Nickelodeоn-ды қазақша сөйлету туралы пікір білдірді

Мамырда Nickelodeоn және Tiji арналары қазақ тілінде сөйлей бастады.

Осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді. 

Жиында өз пікірін білдірген журналистердің бірі Nickelodeоn арнасының кей туындылары балалар психикасына зиян екенін айтып, мысал келтірді.

"Бұл арна 180 елде көрсетіледі. Бұл елдердің мәдениеті қазақы мәдениетке мүлде жатпайды. Сіздер айтып отырған "Сантьяго и пираты" мультфильмін көрдім. Бірақ, онда біздің мәдениетімізге сай келмейтін сөздер бар. "Губка Боб" мультфильмінде де ешқандай мәдениет жоқ. Келісімшартқа қол қоймас бұрын қай мультфильмді шығару керек, қайсын шығармау керек екенін сараптадыңыздар ма?", – деп сұрады журналист.


Оқи отырыңыз: Ақпарат министрі: Балаларға жекеменшік теле не YouTube арна ашылса, оған тек қуанамыз


Сауалға жауап берген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров алдын ала әлеуметтік зертету жүргізілгенін алға тартты.

"Біз әлеуметтік зерттеулер жүргіздік. Бәрін сараптап, сараладық. Мәселені Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары қарады. Әрбір адамның пікірін ескерсек, кейбіреулерге бұл телеарна мүлде ұнамайды. Қанша адам болса – сонша пікір бар. Ал біз қорытындыны әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы жасадық", – деген вице-министр шешім қабылдауда әлемдік тәжірибе ескерілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, Данияр Қадыров  өзінің де балалары бар екенін, қолы тигенде солармен бірге өзі де мультфильм қарайтынын жеткізді.

"Рас, арасында жақсысы да, ақылға сыймайтыны да бар. Бірақ, қазақтың ертегілерін алсаңыз да, қорқыныштылары бар ғой. "Жезтырнақ", "Жалмауыз кемпір", "Алтын сақа" – бәрін айта берсек, әрбірінен қисынсыз бірдеңе тауып алуға болады", – деді Данияр Қадыров.

Вице-министр алдағы уақытта аталған телеарналарға сараптама жасалатынын да айтты. 

Серіктестер жаңалықтары