Қазақстанда жолаушылар пойызындағы купелерге әйелдер мен ерлерді бөлек орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы билет сатудың жаңа жүйесін енгізуді жоспарлаған. Қазір мамандар арнайы жоба әзірлеп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл мәселе соңғы уақытта пойыздарда әйелдерге қатысты әдепсіз әрекеттердің жиілеуіне байланысты көтеріліп отыр. Жолаушылар арасында қыздарға тиісу, ерсі қылық көрсету, балағат сөз айту жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттерге барған азаматтар жауапқа тартылып жатыр. Дегенмен әйелдердің бір бөлігі қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санайды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Қазақстанда Түркиядағы жүйеге ұқсас билет сату тәртібін енгізуді ұсынған.
Анадолы елінде купедегі бірінші билетті ер адам алса, қалған орындар ер адамдарға, ал әйел адам сатып алса, қалған орындар әйелдерге сатылатын жүйе бар.
"Қазақстан темір жолы" бұл ұсыныстың компания жоспарында бұрыннан бар екенін мәлімдеді. Алайда жаңа жүйені бірден енгізу мүмкін емес. Ол үшін арнайы зерттеу жүргізіліп, мамандардың қорытындысы қажет. Қазір Қазақстанда әйелдерге арналған жеке вагондар да бар. Бұл жоба 2021 жылы іске қосылып, бірнеше ондаған бағыттағы пойызда қолданылып келеді.
Заңгерлер жолаушыларды вагондар мен купелерде жынысына қарай жаппай бөлу мәселесіне күмәнмен қарайды. Заңгер Алексей Божковтың пікірінше, мұндай тәсіл қоғамды бөлуге әкелуі мүмкін.
"Вагонды әйелдердікі, ерлердікі деп бөлудің салдары басқа да жағдайға жеткізуі мүмкін. Бұл қоғамды екіге бөледі. Ал оның соңы қалай болатынын білмейміз. Ертең біреулер автобусты, трамвайды, тіпті көшені, үйлерді солай бөлуді талап етсе қайтеміз?!", – деді Алексей Божков.
Мамандардың пайымдауынша, мәселені жолаушыларды шектеу арқылы емес, қауіпсіздік шараларын күшейту арқылы шешкен тиімді. Атап айтқанда, пойыздардағы бейнебақылауды арттырып, тәртіп сақшыларының жұмысын күшейту ұсынылады.