Тікелей эфир

700 млн теңгеден астам қаржы жымқырған мердігер үстінен 200 адам шағымданды

Жәбірленуші алматылықтар құқық қорғау органдарынан көмек сұрайды.

Алматыда үйіне құрылыс жұмыстарын жүргіземіз деп, сан соғып қалған 60-қа жуық адам қалалық прокуратура алдына жиналды. 154 миллион теңгеден астам сомаға алдандық дегендер құқық қорғау органдарынан көмек сұрайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Наразы топ мердігер компания басшысының үстінен арыз жазғанымен, ол бірнеше рет бостандыққа шығып кеткен екен. Енді жәбірленушілер бұл істі қала прокуроры жеке бақылауына алса дейді. Алматыдағы прокуратура алдына таңғы тоғыздан келген тұрғындар Дмитрий Павлов есімді азаматқа алданғандарын айтады. Сөздерінше, ер адам жаңадан салынған үйге жөндеу жұмыстарын жүргіземін деп, жалған келісімшарт жасап, ақшасын алған соң ізін суытады.

"Менің өз тұрғын үйімдегі адамдардан отыздан астам адамды алдапты. Одан бөлек, 2014 жылдан бері көптеген адамдарды алдап, миллион доллардан астам қиянат келтірген", – дейді жәбірленуші Сауран Байтарақов.


Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында балалар 84 жыл бұрын салынған мектепте білім алады


Жәбірленушілердің сөзінше, құрылысшымын деген Дмитрий Павлов 2014 жылдан бері адамдарды сан соқтырып келеді. Оның үстінен арыз жазғандардың саны 200-ге жуықтайды. Қарапайым халықты 700 миллион теңгеден аса қаражатқа сан соқтырып кеткен адамның үстінен аудандық прокурорлардың қылмыстық іс қозғамауы көпшіліктің үлкен күмәнін тудырып отыр.

Ал қалалық прокуратура өкілі күдіктінің тағы да ұсталғанын айтып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Егер де полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінде қандайда заң бұзушылық орын алса, прокуратура тиісті прокурорлық акт енгізеді. Яғни, күдіктіні себепсіз босатқан полицейлер де жазаға тартылуы әбден мүмкін", – деді Алматы қаласы прокуратурасының өкілі Бауыржан Төлендінов.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары