Тікелей эфир

300 көлік, 26 пәтер, 3 млрд теңге. Маңғыстауда 700 адам Plus Capital қаржылық ұйымына алданған

Салымшылардың бәрінің құжатын жалғыз нотариус қана рәсімдепті.

Маңғыстау облысында 700 адам Plus Capital қаржылық ұйымына мүлкі мен қомақты қаражатын салып, алданып қалған. Жарнамасы Ақтау көшелерінде ілініп, әлеуметтік желіде кеңінен таралған қаржы ұйымы Артур Темірғалиевтің атына тіркелген. Алайда құжаттарға оның есепшілері мен өзге қызметкерлері қол қойған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Артур Темірғалиевтің қазір қайда екені белгісіз. Ол туралы 1,5 жылдан бері хабар жоқ. Алаяқ салымшыларға қаражатын 2 есе етіп қайтаруға уәде еткен екен. Салымшылар құжаттар нотариалды түрде рәсімделгендіктен сенген, алайда нотариус София Кушниренко жалған құжат рәсімдеп отырыпты. 700 адамның да құжатын осы жалғыз нотариус рәсімдеген.

"Халық бұл нотариуске сенді, себебі ол Әділет министрлігінде тіркелген. БИН номері бар", – дейді салымшы Сайлаугүл Әсемова.

Маңғыстау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Әуес Көшкінбай жеке нотариустардың күнделікті іс-әрекетін ЕНИС базасынан қарап отыруға өздерінде рұқсат жоқ екенін алға тартады:

"Егер олардың жасаған іс-әрекетін тергеу жүргізу қажет болса, онда біз азаматтардан түскен арыз-шағым есебінде қараймыз".

Салымшылар бұл қылмысқа бірнеше адамның қатысы барын айтып, бұл жерде ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен деп күдік келтіріп отыр. Бұл күдікті Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов та қуаттап отыр:

"Тергеп-тексеру, заңды құқығын қорғау органдары дұрыс тексермеген. Көбін шақырмаған, ал сот барысында жәбірленушілерді тек 5 минутқа шақырған".

Қаржылық ұйымның арбауына түскен тек салымшылар емес. Темірғалиевтен жылжымайтын мүлікті сатып алғандар да бар. Осы іске қатысты тергеу былтыр ақпан айында жүргізіліп, сот биыл шілдеде басталған.

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

Серіктестер жаңалықтары