Тікелей эфир

2024 жылға сақтандыру мәртебесін қалай алуға болады

Келер жылы дербес төлеушілер аударатын ай сайынғы жарна 4250 теңгеге, бір жылдың жарнасы 51 мың теңгеге жетеді.

Сақтандырылмаған азаматтардың әлі де алдағы 12 айға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосылуға мүмкіндігі бар. Жарнаны жыл соңына дейін төлеген азаматтар 9 мың теңге үнемдей алады. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы хабарлады.

2023 жылы ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге тең. Ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5 пайызын төлейтін дербес төлеушілердің ай сайынғы жарнасы биыл 3500 теңгені, бір жылдың жарнасы 42 мың теңгені құрайды. Келер жылдан бастап ЕТЖ мөлшері 85 мың теңгеге жетпек. Яғни, дербес төлеушілер аударатын ай сайынғы жарна 4250 теңгеге, бір жылдың жарнасы 51 мың теңгеге жетеді.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өткен немесе алдағы 12 айға жарна аударып, сақтандыру мәртебесін ала алады. Әлбетте, алдағы жылдың жарнасын қазір төлеп қойған тиімді. Ол үшін 2024 жылдың қаңтарынан желтоқсан айына дейін жарна аудару қажет. Жыл соңына дейін алдағы 12 айдың жарнасын бұрынғы мөлшерлеме бойынша төлеу арқылы 9 мың теңге үнемдеуге болады", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Медициналық сақтандыруы жоқ адамды емхана қабылдамай қойса не істеу керек?


Сақтандыру мәртебесін төмендегі байланыс арналары арқылы білуге болады:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
  • fms.kz сайты;
  • Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
  • 1414 байланыс орталығы;
  • Damumed мобильді қосымшасы;
  • Halyk мобильді қосымшасы;
  • BCC.KZ мобильді қосымшасы;
  • Kaspi.kz мобильді қосымшасы;
  • Электронды үкімет порталы egov.kz.

Сақтандыру жүйесі мен төлемдер жайлы толық мәліметті fms.kz ресми сайтынан алуға болады.

Серіктестер жаңалықтары