10 қаңтарда 2023 жылғы алғашқы ҰБТ басталды. Ол 10 ақпанға дейін өткізіледі. Тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш түсті, деп хабарлады ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы.
Хабарламаға сәйкес, 2023 жылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалған. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады.
Сонымен қатар дистракторлар саны азайды (жауап нұсқалары). Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) сегізден алтыға дейін азайған.
Оқи отырыңыз:
- ҰБТ-да кімдер шет тілінен тест тапсырудан босатылады?
- ҰБТ-ға фитнес білезік пен смарт көзілдірік тағып баруға тыйым салынбақ
- 2023-2024 оқу жылына 88 мыңнан астам оқу гранты бөлінді
Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар", "Ақпараттық қауіпсіздік" білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны "Математика-Информатика" комбинациясы бойынша тапсырады.
"Біз тестілеу кезінде ғана емес, оған дайындық барысында да жағдай жасауды жалғастырамыз. Мысалы, 11 білім беру орталығы талапкерлерге тегін онлайн сабақтар өткізеді. Оқу жылының басында ҰТО сайтында "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" бойынша 100 дата, "Қазақ әдебиеті" және "Орыс әдебиеті" бойынша әдебиеттер тізімі, "Информатикадан" терминдер тізімі орналастырылды. Сондай-ақ ҰБТ сұрақтары мен тест жоспары құрастырылған оқулықтардың тізімі жарияланды", – деп атап өтті ҒБЖМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ, ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.