Тікелей эфир

Несие тарихы. Жұмыс берушіге не үшін керек және оны қалай алады?

Бірінші несие бюросының басшысы мәліметтерді беру рәсімі қалай жүзеге асырылатыны туралы айтып береді.

Қазақстанның Бірінші несие бюросы (БНБ) жұмысшысының қарыздары туралы мәліметтермен хабардар болуы үшін жұмыс берушілерге олардың несие тарихын ұсынады. Ұйымның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева мұның кімдерге қатысты екенін, мәліметтерді берудің тәртібі мен ақпараттардың қалай бағаланатыны туралы тарқатып айтып береді.

Қызмет қалай жұмыс істейді?

Рәсім былай жүзеге асырылады. БНБ-мен ынтымақтастық орнату туралы келісімге отырған компанияның арнайы сайтқа кіру мүмкіндігі болады. Несие тарихын тексергісі келген жұмыс беруші жұмысшысының жеке куәлігінің скан-көшірмесі мен тексеруге келісімі туралы өтінішті жүктейді. БНБ кеңсесі маманы құжаттардың дұрыстығын салыстырады. Оның растауымен жұмыс берушіге несие есебінің сілтемесі жолданады.

"Бұл – жұмыс берушілердің пайдаланатын не пайдаланбауға болатын қызмет түрі болып саналады. Ол – заңдық бастама, қызметкерді жазалайтын не болмаса оған белгілі бір шек қоятын шара болып есептелмейді. Біз ешкімнің құқығын шектемейміз және заң бұзбаймыз. Егер (әлеуетті) жұмысшы келісімін бермесе, оның несие тарихына да қол жеткізу мүмкін емес. Осы үшін біз оның келісімі бар ма жоқ па, өзінің қолы қойылған ба, сондай-ақ оның құжаттарын толық тексереміз. Оны арнайы супервайзер жасайды" деп түсіндірді Ә.Нұрғалиева.

Мәліметтерді берудің басты шарты қандай?

Көп сомада несиесі бар жұмысшының жазбаша келісімінсіз мәліметтер ешкімге берілмейді. БНБ басшысының айтуынша, бұл қызмет белсенді түрде іске асырылып жатыр және күннен күнге оған сұраныс артып отыр. Мәселен, 2018 жылы мыңдаған адам осындай тексерістен өткен.

Несие тарихы адам туралы нені айқындай алады?

– Егер жұмысшының банк алдында берешектері болса, компанияға үсті-үстіне хат жазылып, сот орындаушылар келеді. Бұл жұмыс берушілер мен әріптестері үшін белгілі бір деңгейде қолайсыздықтар туғызады.

Бұрын жұмысына қоңырау шалып, сіздің әріптесіңіз банкке мынадай сома қарыз деп айтатын еді. "Коллекторлық қызмет туралы" ҚР заңына сәйкес бұған тыйым салынды. Соған қарамастан жұмыс берушілер ә дегеннен жұмысшының қарызы бар ма, проблемасы бар қарыз алушымен байланысып жатырма, жоқ па соны тексеріп алғанды жөн санайды, – дейді Ә.Нұрғалиева.

– Есепте сондай-ақ несие бойынша төлем сомасын қарауға болады. Мәселен, адам айына банкке 100 мың төлеуі керек, ал ол 120 мың жалақы төлейтін қызметке келіп отыр. Бұл ретте жұмыс беруші оның жалақысының бір айға жетпейтінін түсінеді. Сол үшін ол табыс табудың қосымша көздерін іздей бастайды. Егер адамның ипотекалық несиесі немесе ұзақ мерзімді басқа да қарызы болса, ал ай сайынғы төлемдері уақытылы түсіп тұрса (несие тарихы жақсы), оның жұмысқа жауапкершілігі жоғары болады, ұзақ уақыт жұмыс істеуі де мүмкін. Мұндай адамдар тұрақтылықты бағалайды, – дейді бюро басшысы.

HeadHunter компаниясының маркетинг және PR бөлімінің директоры Анна Шевченконың айтуынша, адамның несие тарихы жұмыс беруден бас тартуға немесе басқа үміткерлер алдында артықшылығын көрсетуге себеп бола алады.

"Жұмысшының несие тарихы оның несиесі мен қарыздар бойынша міндеттерін орындау көрсеткіші саналады. Сәйкесінше, несие тарихына қарап оның орындаушылық қасиетін, жауапкершілігін, өзінің мүмкіндіктерін бағалап, қаражаттарын тиімді басқару қабілетін көруге болады. Несие тарихы онша емес адамды материалдық жауапкершілігі жоғары позициядағы лауазымдарға жұмысқа орналастырудан бас тартуға жол беруі мүмкін" дейді сарапшы.

А.Шевченконың айтуынша, несие тарихы жақсы жұмысшының жауапкершілігі жоғары екенін аңғаруға болады. Ал, жұмысшының несиесі оның жұмысқа орналасуына ынтасын оятып, жаңа орында несиесін төлеу үшін табысын көтеру мақсатында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге себеп болуы мүмкін.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Кредитная история. Зачем она нужна работодателям и как её получают

Несие тарихын қандай компаниялар тексереді?

Ә.Нұрғалиеваның айтуынша, жұмыс берушілер, әсіресе материалдық жауапкершілігі жоғары лауазымдарға жұмысқа қабылданушылардың несие тарихын тексереді. 2018 жылы көбінесе ритейлерлер мен қаржылық ұйымдар бұл қызметті көп пайдаланған.

"Несие тарихы – ресми қаржылық құжат екенін түсіну керкк. Бұл жауапкершіліктің белгілі бір индикаторы іспеттес. Халықаралық тәжірибеде автокөлікті, пәтерді жалға беру кезінде азаматтардың несие тарихына үңіледі. Біз несие рейтингіне әсер ететін спектрлерді кеңейтуді жоспарлар отырмыз. Бұл адамдардың қарыздарына жауапкершілікпен қарауына жол ашады. Бұдан былай біз несие тарихына айыппұлдар мен салықтық қарыздарды қосып жатырмыз. Жақын уақытта коммуналдық төлемдер бойынша қарыздарды да енгіземіз" дейді Ә.Нұрғалиева.

Кредиторлар алдында қазақстандықтардың қандай қарыздары бар?

БНБ дерегінше, 2018 жылы елімізде жалпы сомасы 3 трлн теңгенің 7,2 млн бөлшек несиесі берілген. Бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда 1,3 есеге көп, ал берілген сомалар 30%-ға артық. 2018 жылы бір несиенің орташа көлемі 411 мың теңгені құраған. Ал, 2017 жылы бұл сома 433 мың теңге болған.

Несие нарығының өсуіне қарыз беретін ұйымдардың көбеюі, нарықтағы басқа да ұйым қызметтерінің жандануы, сондай-ақ қосымша мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларының (соның ішінде ипотекалық бағдарламалар) іске қосылуы әсер еткен.

Авторы Ербол Қазистаев.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары