Тікелей эфир

Медина, Падишах, Максимильян. Қазақ балалардың еншісіне қандай есім бұйырып жүр?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Алихан мен Амирлер көбейген. Балаларға есім беруде қазақтың төл дыбыстары неге өзгеріске ұшырап кетеді?

Қазақ халқы баланың есімін түрлі табиғи құбылысқа, қоғамда болып жатқан оқиғаларға, елді мекен, жер-су, жан-жануарлар, өсімдік атауларына, түс пен бояуға, сондай-ақ, баланың дене мүшелерінің ерекшелігіне де байланыстырып қойып отырған. Оған тарихта мысал көп. Дегенмен, бүгінде балаға есім еншілеуде жаңашылдық бар. Бұл өзгеріс біреуге қалыпты құбылыс көрінгенімен, енді біреулер атойлап жүр. Осыған орай, Informburo.kz бала есімдеріне жасалған ресми статистиканы саралап, мәселені этнографтардың талқысына салды.

"Отбасылық дәстүрде балаға ат қою мәртебесіне оның атасы мен әжесі не әулеттің үлкені ие болған. Ата мен ененің көзі тірі болса, ұл мен келіннің балаға атты өзіміз қоямыз деуі бертінге дейін болмаған жағдай. Балаға есімді әулет басшысының, шаңырақ иесінің қоюы – ертеден сақталып қалған дәстүр", – дейді этнограф Ахмет Тоқтаба.

Оның ойынша, адамның аты тағдырына әсер етеді, сондықтан есім беруге ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ, ырымдап қойылған атты өзгертуге де болмайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала санына қарай жәрдемақы төлеу бала туу көрсеткішіне қалай әсер етті?

Тарих ғылымдарының докторы, этнограф Жамбыл Артықбаев дәстүрлі ат тергеу тәсілдерін бөлек, қоғамдағы елеулі оқиғалар да тұтас ұрпақтың есімдерінің өзгерісіне әкеліп отырған.

"Көне және орта ғасырлардағы ер адамдардың есімдерінен жауынгерлік дәуірдің ерекшелігін байқауға болады. Оған қоса, көбіне Баһадүр деген қосалқы есім тағы берілген. Мысалы, Абылай Баһадүр хан, Тәуке хан туралы дерек қағаздарында Тәуекел Баһадүр хан деп жазылған", – дейді тарихшы.

Ал XVIII ғасырдан бастап Ресейге бағынышты болып, кейін Кенесары көтерілісі аяқталғаннан кейін қазақ халқы бейбіт малшы қауымға айналды. Тиісінше, есімдерге де ерекшелік енді. Бұл дәуірде Қылышбай, Шоқпарбай, Найзабек сынды жауынгерлік есімдердің орнын Қойлыбай, Жылқыбек, Күзеубай, Жайлау сынды шаруашылық сипатты аттар басқан.

Келесі кезең – Кеңес заманы болса, бұл дәуірде Марлен, Мэлс, Ленинбектер көп өмір сүргенін білеміз. Ғылым мен техниканың дамуымен Ракета, Вертолет, Космосбектер дүниеге келе бастады.

Бұл мысалдың бәрі – негізгі мәселеге кіріспеміз. Бүгінгі тақырып – қазіргі заманғы қазақ есімдеріне арналып отыр.

Еуропашыл есімдер

Этнограф Жамбыл Артықбаев қазақты еліктегіш халық деп есептейді. Ол батысқа шекара ашылып, мәдени байланыс жолға қойылған тәуелсіз Қазақстан дәуірінде есімдердің де еуропашыл сипат алып бара жатқанын айтады. Тіпті, кей отбасылар қазақша есім таңдаса да, қазақтың төл дыбыстарынан айырып, еуропаша дыбысталуына мән береді. Мәселен, Әдемі – Адема, Әлихан – Алихан, Айнұр – Айнура, Айкүн – Айгюн және басқалар. Ал таза еуропашыл (ал кейінгі кезде кәріс, жапон, түрік халықтарының есімдеріне құмартушылар да көбейген) есімдер қою қалыпты құбылысқа айналған.

Дегенмен, тарихшы оған аса алаңдап, мән берудің қажеті жоқ екенін айтады: "Әр тарихи заманның адамдар есіміне өз әсері болады. Оған жақсы не жаман деп баға беруге болмайды. Бұл – замана заңдылығы".

Алайда екінші этнограф Ахмет Тоқтаба Еуропаға еліктеумен қазақ есімдерінің ұмыт болып бара жатқанына қарсы: "Мәселен, Дален, Сабина сынды есімдер әдем естілгенімен, оларда еш мағына жоқ! Жастардан: "Балаңа неге Бөгенбай, Қабанбай деп ат қоймайсың?", – деп сұрасам, өскенде "Кабан" деп мазақ қылады деп ақталады".

Оқи отырыңыз: "Баланы урологқа бес жастан бастап қарату қажет". Ерлердің жыныстық қуаты неге төмендеп кетті?

Бүгінде жиі қойылатын есімдер қандай?

Есім мәселесінде этнографтардың өзінің пікірі екіге жарылды. Ал нақты сандар не дейді? Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы туған 4 129 ұл балаға Алихан деп ат қойылыпты. 5 441 қызға Раяна деген есім берілген екен. Бұл екеуі – ең көп қойылған есімдер. Ал үздік 20 есімнің тізімімен төмендегі кестеден танысуға болады.


2019 жылғы ең жиі қойылған 20 есім

2019 жылы ең жиі қойылған 20 есім / Скриншот stat.gov.kz сайтынан жасалды


Өңір бойынша бөлініске назар аударсақ, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында София мен Артем есімдері жиі қойылады екен. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар облыстарында Амир мен Медина есімдерінің жұбы үздік шыққан. Тағы бір қызы мәлімет:

  • Ұлдар арасында Алихан есімі қатарынан 10 өңірде үздік шықса;
  • Қыздар арасында Медина 8 өңірде топ жарған.

Жиі қойылатын есімдер тізімінен этнограф Жамбыл Артықбаев көтерген қазақтың төл дыбыстарынан айырып, еуропаша дыбысталатын есімдер беру мәселесін анық аңғарамыз. Мысал: Әмір – Амир, Әлихан – Алихан, Мәдина – Медина.


спмриот

Өңірлер бойынша есімдер статистикасы / Скриншот stat.gov.kz сайтынан жасалды


Жыл әлі аяқталмаса да, биыл жиі қойылатын есімдер тізіміне енуге Алихан, Айсұлтан, Айлин мен Медина есімдері үмітті екен. Мәселен, 2020 жылы қыркүйек айында ғана:

  • 400-ге жуық Алихан;
  • 400-ден астам Медина;
  • 400-ден астам Айлин;
  • 200-ден астам Айсұлтан мен Нұрислам дүниеге келген.

Қыркүйекте ұлдарға жиі қойылған есімдер

Қыркүйекте ұлдарға жиі қойылған есімдер / Скриншот stat.gov.kz сайтынан жасалды



Қыркүйекте қыздарға жиі қойылған есімдер

Қыркүйекте қыздарға жиі қойылған есімдер / Скриншот stat.gov.kz сайтынан жасалды


Қандай ерекше есімдер бар?

Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде ақындардың, батырлардың және хандардың құрметіне орай балаға есім беру ешқашан дәстүрден қалған емес. Солардың ішінде үш екі топты бөліп қарауға болады.

  • Абай Құнанбайұлы құрметіне: Абай, Құнанбай, Абай-Арғын, Ұлжан, АбайДілдә, Еркежан, Айкерим, Мағауия, Зере.
  • Ұлы батыр хандар есімдері: Абылайхан, Ақназар хан, Әбілқайырхан, Жүсіпхан, Кенесарыхан, Керейхан, Құбылайхан, Қарахан, Қасымхан.
Бұдан бөлек, ерекше есімдер қатары тағы бар. Олар: Құдірет, Ізіқұтты, Нұр-әдеп, Ақмамық, Ақкөгершін, Ақтаңым, Үкіліайару, Максимильян, Мехметибрахим, Падишах және басқа.

Адам есімі тағдырына ықпал ете ме?

Бұл ХХ ғасырдың басынан бері ғалымдардың зерттеу жүргізіп келе жатқан тақырыптарының бірі. Соның нәтижесінде кейін адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болды. Адам есімдерін зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, есім бала өміріне айтарлықтай әсер етеді: сәбиді неғұрлым көркем есіммен атаған сайын бала соған сәйкес көркемделе түседі.

"Адам есімінің тағдырына қаншалықты әсер ететінін айта алмаймын, бірақ туған ай-күні тағдыры мен мінезіне әсер етуі мүмкін. Өйткені, адам – табиғаттың бір бөлшегі, қандай болсақ та, біз табиғаттан бөлек кете алмаймыз, – дейді Жамбыл Артықбаев. – Мысалы, екі адам бір-бірімен тіл табыса алмай, ренжіп жүрсе, қазақ "олардың жұлдыздары қарсы" деп жатады".

Оқи отырыңыз: "Аңсаған сәби" аясында ЭКО-ға жылына 7 мың квота беріледі. Оны қалай алуға болады?

Атты ырымдап қою дәстүрі

"Қазақтың қанына сіңген дәстүрі. Соның ішінде бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою – бұрындары жақсы ырым саналған. Ата-бабаларымыз жаңа туған нәрестеге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен баласына әдейі түпкі мағынасы сиықысыз есімдерді де қойған", – дейді Жамбыл Артықбаев.

Сәбиге ат қоюдағы салт-дәстүрлер:

  • Балаға артық саусағына қарай ат қою. Мысал: Артық, Артықәлі, Артық-бай, Қосекен.
  • Балаға тіл-көз тимесін деген ниетпен ат қою. Мысал: Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай.
  • Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін ат қою. Мысал: Тасболат, Тастемір, Шымырбай.
  • Баласы шетіней берген үйде жас сәбиге ат қою. Мысал: Аман, Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл.
  • Бала-шағасының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен ат қою. Мысал: Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Тоқсанбай, Ұзақбай.
  • Бұрын-соңды болған қару-жарақ аттарына байланысты ат қою. Мысал: Қылышбай, Мылтықбай, Найзабек, Садақбай, Шоқпарбай.
  • Елдің ардақты аза-маттарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен жаңа туған балаға ат қою. Мысал: Абай, Абылай, Ғабит, Жәнібек, Исатай, Қазыбек, Махамбет, Сәбит, Сәкен, Сырым, Төлеби, Ыбырай.
  • Ерекше көзге түскен белгілеріне қарай ат қою. Мысал: Анарбай, Қалдыгүл, Қалдыбай, Құдірет, Меңдібай, Меңдігүл, Сүндет.
  • Ислам дінінің әсеріне байланысты ат қою. Мысал: Ғали, Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Оспан, Сүлеймен, Хадиша.
  • Қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қою. Мысал: Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал, Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар.
  • Мерзімінен бұрын дүниеге келген балаға ат қою. Мысал: Лекер, Шалабай, Шалабек.
  • Мұрат-мақсатыма жеттім-ау деген ниетпен ат қою. Мысал: Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат.
  • Соңғы балаға ат қою. Мысал: Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай.
  • Төрт түлік мал, аң мен құстарға байланысты ат қою. Мысал: Арыстан, Аюбай, Бота, Ботагөз, Бүркіт, Қойшыбай, Сандуғаш.
  • Ұлы жоқ үйде қыз туғанда ат қою. Мысал: Болған, Тойған, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, Ұлжан, Ұлту.

Қазақстан көпұлтты ел болғандықтан, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері де ескеріледі:

  • Орыс халқында көзі тірі туысының атын балаға қою – қалыпты құбылыс.
  • Еврейлер тек қайтыс болған туысының атын қояды.
  • Қырғыздарда баласына өзі ерекше құрметтейтін адамдардың атын қою бар.
  • Тәжіктерде да балаға ерекше ат қою дәстүрі бар, алайда, 2015 жылы ел билігі бұл дәстүрді заң жүзінде доғарды. "Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы" Заңға түзетулер енгізіліп, балаға адамның ары мен намысына нұқсан келтіретін, сондай-ақ, "тәжіктердің ұлттық мәдениетіне сай емес" ат қоюға тыйым салынды.

Әйтеуір, балаға ат қою – шын мәнінде қиын да, жауапты іс. Әйтсе де, ата-ананың көбі барынша мына екі қағиданы ұстануға тырысады екен:

  • баланың есімі құлаққа жағымды естілуі керек;
  • ұлттық сипатқа ие болғаны жөн.

Біз өз тарапымыздан бұл екеуіне қоса "мағынасы да жақсы болса, тіпті, керемет" демекпіз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары