Тікелей эфир

Көлік жүргізушісі қандай жол ережелерін бұзса, куәлігінен айырылады?

Көлiкті басқару құқығынан айыру мерзiмi алты айдан кем болмауға және он жылдан аспауға тиіс.

Елімізде жол ережесін бұзғандарға айыппұл салынады, тіпті әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сай көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім шығарылса ғана, уәкілетті орган жүргізуші куәлігін алып қоя алады. Қалған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаннан кейін жүргізуші куәлігі дереу иесіне қайтарылады. Алып қойылған жүргізуші куәлігінің орнына жүргізушіге уақытша куәлік беріледі. 

Informburo.kz жиі бұзылтын жол ережелеріне қолданылатын жазаларды тізді. 2022 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 063 теңгені құрап, соған сай айыппұлдар мөлшері де артты.

№1. Жылдамдықты белгілі бір нормадан арттыру

  • сағатына 10-нан 20 км дейiнгi шамаға арттыру – 5 АЕК (15 315 теңге);
  • сағатына 20-дан 40 км дейiн – 10 АЕК (30 630 теңге);
  • сағатына 40 км және одан көп болса – 20 АЕК (61 260 теңге);
  • жылдамдықты сағатына 20-40 және одан да көп шамаға арттыру жағдайы бiр жыл iшiнде қайталанса 30 АЕК (91 890 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

№2. Рөлде отырып телефон пайдалану

Жүргiзушi рөлде отырып телефонды не радиостанцияны пайдаланса 5 АЕК (15 315 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса айыппұл сомасы – 10 АЕК (30 630 теңге). Көлік айдағанда телефонды не радиостанцияны құлаққап не динамик арқылы пайдалануға рұқсат етіледі.

№3. Мас күйде көлік жүргізу

Жүргізуші көлікті алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына берсе 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Бір жыл ішінде қайталанса 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеледі.

Жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеледі. Бір жыл ішінде қайталанса 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 9 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылады.

Егер мұндай заңбұзушылықтарды көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаса 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Бір жыл ішінде қайталанса отыз тәулікке қамалады. Ал мұны әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар:

  • жүктi әйелдер;
  • 14 жасқа дейiнгi балалары бар әйелдер;
  • 18 жасқа толмағандар;
  • 1 және 2-топтағы мүгедектер;
  • 58 жастан асқан әйелдер;
  • 63 жастан асқан еркектер;
  • 14 жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер жасаса

оларға 200 АЕК (612 600 теңге)мөлшерінде айыппұл салынады.


Оқи отырыңыз: 2022 жылы айыппұл мөлшері қалай өзгерді? 12 әкімшілік құқық бұзушылыққа шолу 


№4. Көлік нөміріне қатысты заңбұзушылықтар

Көліктерді, тракторларды, өздігінен жүретін машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, мотоциклдерді және өзге де көлік құралдарын мемлекеттік нөмірсіз басқаруға болмайды.

Көлік нөмірі көрінбейтіндей лас күйде болса не өзінің белгіленген орнында орналаспаса, көлік белгісі стандарт талаптарына сай келмесе – 5 АЕК (15 315 теңге) мөлшерінде, ал бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанаса 20 АЕК (61 260 теңге) айыппұл салынады. 

Жүргізуші нөмірі жоқ, әлі тіркелмеген не қолдануға тыйым салынған нөмірмен көлік айдаса 10 АЕК (30 630 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.

Жалған немесе қолдан жасалған нөмір тағу: жеке тұлғаларға – 15 АЕК (45 945 теңге), лауазымды адамдарға – 50 АЕК (153 150 теңге), шағын кәсiпкерлiк пен коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (306 300 теңге), орта бизнес өкілдеріне – 200 АЕК (612 600 теңге), iрi кәсiп өкілдеріне 400 АЕК (1 225 200 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.

Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің түрін өзгерту, оларды жасырып тұратын құрылғылар қолдану, яғни жалған нөмірмен көләк жүргізу 20 АЕК (61 260 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жыл мерзiмге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады. 

№5. Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдау

Өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына уақытша куәлiгi, көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi немесе тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру полисi, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушi көлiк айдаса ескерту жасалады не 5 АЕК (15 315 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Жүргізуші куәлігін алмаған (жүргiзіп-үйренуден басқа), сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк айдаса – 20 АЕК (61 260 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК (91 890 теңге).

Жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік айдаса – 50 АЕК (153 150 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Ал бір жыл ішінде қайталанса 70 АЕК (214 410 теңге) айыппұл салуға не 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Басқару құқығы жоқ адамға не көлiк құралын басқару құқығынан айырылған адамға көлiкті айдауға беру – 50 АЕК (153 150 теңге), бір жылда екінші рет қайталанса 70 АЕК (214 410 теңге) айыппұл салынады.

№6. Қауіпсіздік белдіктерін тақпау, артық жолаушы алу, мотошлем тақпау

Жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау – 5 АЕК (15 315 теңге).

Қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану қағидаларын сақтамау – 5 АЕК (15 315 теңге).

Бұл заңбұзушылықтар бiр жыл iшiнде қайталанса – 10 АЕК (30 630 теңге).


Оқи отырыңыз: Көлік салығы қате есептелсе не істеу керек? Жүргізушілерге керек кеңестер


№7. Көлiкті жолға қойып кету, қарсы бағытқа шығу, басып озу қағидаларын бұзу

Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру –  15 АЕК (45 945 теңге);

Көлiкті жолдың бойына қойып кету, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу – 15 АЕК (45 945 теңге);

Бұл заңбұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК (91 890 теңге) айыппұл салынады.

Жолдың тыйым салынған жерлерінен кері бұрылу немесе бұрылыс жасап шығу – алты ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасына әкеледі. Мұны көлік басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаса, оған 50 АЕК (153 150 теңге) айыппұл салынады.

№8. Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы

Жүргізуші өзі қатысқан жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР жол жүрісі саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы – 5 АЕК (15 315 теңге);

Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу 50 АЕК (153 150 теңге) айыппұл салуға не бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Ал мұны жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салуға не отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша жауапкершіліктен босатылады.

№9. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің бұйрығын орындамау

Ішкі істер (полиция), әскери полиция органдары, көліктік бақылау органдары қызметкерінің ҚР аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау – 30 АЕК (91 890 теңге), ал бір жыл ішінде қайталанса көлік құралын басқару құқығынан алты ай мерзімге айыруға әкеп соғады. Мұны жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса оған 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Қызметкерлердің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау – 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру, ал бір жыл ішінде қайталанса 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 9 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.

Мұны жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады, ал бір жыл ішінде қайталанса 30 тәулікке қамалады. Бұл әрекеттерді әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаса оларға 200 АЕК (612 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Жүргізушіні қызметкер тоқтатқанда оның рұқсатынсыз көліктен шығып кетсе не шығу туралы талаптарды орындамаса – 5 АЕК (15 315 теңге), ал бір жыл ішінде қайталанса жүргізушіге 10 АЕК (30 630 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.


Оқи отырыңыз: Ескі айыппұлдарды қалай жоюға болады? Автокөлік иелеріне нұсқаулық


№10. Аварияға себепкер болу

Аварияға себепкер болу, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы – 10 АЕК (30 630 теңге), бiр жыл iшiнде қайталанса алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

№11. Адамды, көліктерді қағып кету

Көлiкті, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы – 20 АЕК (61 260 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет 40 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

Бұл әрекеттерді жүрггізуші куәлігі жоқ адам жасаса алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

№12. Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу

Көліктің тротуарда, гүлзарларда, көгалдарда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе оның тоқтап тұруы – 10 АЕК (30 630 теңге);

Басқа көліктердің қозғалуына кедергі келтіретін жерге тоқтау немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу – 10 АЕК (30 630 теңге);

Бұл әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.

Мүгедектердің көлігіне арналған тұраққа көлікті қою – 10 АЕК (30 630 теңге), бір жыл ішінде қайталанса – 15 АЕК (45 945 теңге);

Көліктің тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған тұраққа көлігін қойғаны үшін төлем төлеуден жалтарса – 3 АЕК (9 189 теңге); бір жыл ішінде қайталанса 5 АЕК (15 315 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Серіктестер жаңалықтары