Тікелей эфир

Автокөлік пен пәтерді Trade-in арқылы жаңасына ауыстыру қаншалықты қауіпсіз?

Бағдарламаның артықшылығы – автокөлік пен пәтерді құрылыс компаниялары мен олардың серіктестері сатып береді.

Trade-in – ескі пәтерді не көлікті жаңасына ауыстыру. Мұнымен автосалондар, құрылыс компаниялары айналысады. Сатып алушы пәтерін құрылыс компаниясына, автокөлігін автосалонға өткізеді де, үстіне ақша қосып жаңасын сатып алады. Informburo.kz автокөлік пен ескі пәтерді жаңа пәтерге ауыстырғанда неге мән беру керек екенін айтады.

№1. Трейд-ин арқылы қандай құрылыс компанияларынан үй сатып алуға болады?

Қазақстанда BI Group, Nova City (BI Group холдингіне кіреді), Orda Invest, Koktobe City, RAMS Qazaqstan және MWC компаниялар тобы ескі пәтерді жаңасына ауыстыру қызметін ұсынады.

Сондай-ақ, BI Group, Nova City, RAMS Qazaqstan және K7 Group компанияларында Auto trade-in бағдарламасы арқылы автокөлікті пәтерге ауыстыруға болады.

№2. Трейд-ин қай қалаларда бар?

Бұл қызмет Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана қолжетімді. Бірақ сол қалаларда сатып, Атырау, Ақтау және Шымкенттен жаңа пәтер сатып алуға болады.

Алайда Қазақстанның батыс өңірінде жұмыс істейтін K7 Group компаниясының Auto trade-in бағдаралмасы Атырау, Ақтөбе, Ақтау қалаларының тұрғындары үшін қолжетімді. Ал пәтерді үш қаладан бөлек Алматыдан да сатып алуға болады.

№3. Трейд-ин мәмілесі қалай жасалады?

Егер ескі пәтерді сататын болса:

  • Біріншіден, сатып алушы құрылыс компаниясына барып пәтер таңдайды;
  • Брондау туралы шартқа қол қояды. Кепілді жарна — 10%;
  • Құрылыс компаниясы сатып алушының пәтерін бағалайды;
  • Тараптар трейд-ин шартына қол қояды;
  • Құрылыс компаниясы немесе оның серіктесі (жылжымайтын мүлік агенттігі) пәтерді сатып алушыға сатады. Мұны пәтер иесінің өзі де жасай алады;
  • Сатып алушы жаңа жылжымайтын мүлікке үлескерлікпен қатысу туралы шартқа қол қояды.

Ал автокөлікті бағалаумен және сатумен құрылыс компанияларының серіктестері айналысады. Auto trade-in бағдаралмасына Қазақстанда тіркелген барлық автокөліктер (жүк көліктері мен мамандандырылған техникаларды қоспағанда) қатыса алады.


Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?


№4. Пәтерді қанша уақытқа брондауға болады?

Пәтер үш күнге тегін брондалады. Trade-in бағдарламасы арқылы өзіңізге ұнаған пәтерді бекітілген бағамен 60 күнге брондауға болады. Екі айдың ішінде клиенттің бастамасымен шарт бұзылса немесе пәтері сатылмаса 300 мың теңге ұсталып қалады.

№5. Екінші нарықтағы үйге қандай талаптар қойылады? 

  • Нұр-Сұлтан мен Алматыда орналасқан пәтерлер. Жеке сектор мен коммерциялық нысандар, жер учаскесі, жатақханадағы бөлмелер, паркингтер қарастырылмайды;
  • Үйдің салынған уақыты – 1961–1971 жж. ерте емес;
  • Құқық белгілеуші құжаттардың болуы;
  • Заңдастырылмаған қайта жоспарлау мен көзге көрінетін ақаулардың болмауы, кұрделі жөндеуді талап етпеу;
  • Орталықтандырылған коммуникацияның болуы талап етіледі. 

№6. Екінші нарықтағы пәтер қалай бағаланады және сатылады? 

Екінші нарықтағы пәтер құны жарнама сайттары мен жылжымайтын мүлік агенттіктерінің базасындағы баламалы нысандардың орташа нарықтағы бағасымен анықталады. Пәтер сомасы үйді трейд-шартының жарамдылық мерзімі ішінде (2-3 ай) сата алатындай болуы керек.

Егер құрылыс компаниясы пәтерді өзі сатып алатын болса, онда әдетте құны нарықтан 15-20% арзан болады.

Негізінен құрылыс компанияларының делдалдары арқылы сатылады. Агенттікке пәтер құнының шамамен 1% төленеді.
Үй иесі пәтерін өзі сатар болса сыйақы төлемейді. Құрылыс компаниясы кейде қызмет құнын агенттікке өзі төлейді.


Оқи отырыңыз: Пәтер алуға арналған 8 ипотека. Тиімдісі қайсы? 


№7. Трейд-ин арқылы үй алудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Артықшылықтары:

  • жаңа пәтердің бағасы бекітілген;
  • пәтерді сатып алушыны өзіңіз іздемесеңіз де болады;
  • делдалсыз мәміле жасау мүмкіндігі;
  • құрылыс компаниясы заң тұрғысынан толық алып жүреді;
  • жарнама алаңдарына хабарландыру орналастыру және фототүсірілім ұйымдастыру;
  • баспананы көрсету.

Кемшіліктері:

  • ескі пәтерді белгілі бір қалалардан ғана сатып алуға болады. Компаниялар өтімді пәтерді ғана ауыстыруға мүдделі;
  • ескі пәтердің құны төмендейді;
  • құрылыс ұзаққа созылып, жаңа пәтердің кілтін күтіп қалуыңыз мүмкін;
  • жаңа пәтер салынғанша баспанаңыз болмайды, өйткені ескі пәтер сатылған соң одан 15 күн ішінде көшу керек. Құрылыс компаниясы құрылыс аяқталғанша уақытша тұратын пәтер ұсынбайды;
  • жаңа пәтерді сатып алудан бас тарта алмайсыз, өйткені ескі пәтерді сатқан соң ақша құрылыс компаниясының шотына түседі;
  • трейд-ин шартын бұзғаны үшін комиссия төлеу керек – орта есеппен пәтер құнының 1%.

№8. Үстіндегі соманы бірден төлеу керек пе?

Сатылған автокөлік пен пәтер құны жаңа үйдің сомасына жетпесе құрылыс компаниялары келесі төлем түрлерін ұсынады:

  • 100% төлем;
  • бөліп төлеу;
  • ипотека.
Серіктестер жаңалықтары