Тікелей эфир

Мұғалім енді еңбекақысын өзі есептеп, кем төленген ақшаны өндіріп ала алады. Шағын нұсқаулық

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер жалақысын есептейтін онлайн калькуляторды іске қосқаннан бері 2 миллионға жуық адам өз еңбекақысын есептеген.

Педагог мамандар енді онлайн калькулятормен еңбекақысын өзі есептей алады. Сондай-ақ, Telegram-чатта жалақы есептеу және құқығының бұзылуы жөніндегі сұрақтарды талқылап, мәселесін шешеді.

Осы орайда Informburo.kz онлайн калькулятор мен мұғалімдер жалақысын есептеуге қатысты сұрақтарға жауап береді.

№1. Онлайн калькуляторды қалай қолданады?

Педагогтер zp.fvr.kz сілтемесі арқылы өтіп, еңбекақысын есептей алады. Калькулятор облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің жалақысын есептеуге арналған.

zp.fvr.kz сайтында арнайы форманы толтырған соң автоматты түрде нақты жалақы сомасы шығады. Сосын оны pdf форматта сақтап алуға болады.

№2. Жалақыны есептеп беретін мамандар бар ма?

Ешкім сіздің заңды алатын жалақыңызды, еңбек демалысы төлемін, сауықтыру жәрдемақысын есептеп бермейді. Бұл – мектеп бухгалтерінің жұмысы. Құқық бұзушылықтарды ескере отырып, биыл әр педагог еңбекақысын өзі есептей алатын сайт іске қосылды. Видео нұсқаулықпен осы жерден танысуға болады.

№3. Онлайн калькулятор жалақыны есептегенде қателеспей ме?

Сайттағы форманы дұрыс толтырсаңыз, калькулятор еңбекақыңыздың нақты сомасын шығарып береді.
Оқи отырыңыз: Педагог жалақысы, бір ауысымды мектеп, оқулық сапасы. Білім берудегі күрмеулі мәселелер қалай шешіліп жатыр?

№4. Калькулятор есептеген сома мен алып жүрген айлық сәйкес келмесе, не істеу керек?

Онлайн калькулятор есебін қағазға шығарып, бухгалтерге қайта санатып алыңыз. Еңбек кодексіне сәйкес, бухгалтер сізге ай сайынғы еңбекақыңыз бен ондағы төлемдер, аударымдар жайлы анықтама беруге міндетті.

Еңбек қатынастары бойынша туындаған сұрақтар бойынша облыстық, аумақтық кәсіподақ ұйымдары мен білім бөлімдерінің өкілдеріне хабаралсуға болады.

№5. Кем ақшаны өндіріп алуға бола ма?

Иә, өндіріп алуыңызға болады. Мектеп әкімшілігіне барып мәселені шешіп көріңіз. Еш нәтиже болмаса, кәсіподақ төрағасына арыз жазасыз. Содан әрі қарай аудандық, қалалық, облыстық кәсіподаққа арыздануға болады.

№6. Базалық коэффициент қалай есептеледі?

Базалық коэффициент білім, жұмыс өтіліңіз бен санатыңызға қарай есептеледі және өзгеріп отырады. Базалық қызмет ақысын коэффициентке көбейткенде қызмет ақысы шығады.

Оқи отырыңыз: "Болашақ педагогтер стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өседі". ҰҚСК үшінші отырысында айтылған маңызды мәселелер

№7. Еңбек демалысы ақысы қалай есептеледі?

Еңбек демалысы ақысы сіздің әр айдағы табысыңыздың жиынтығын сол айлардағы жұмыс кундерінің жалпы санына бөлгенде бір күндік жалақыңызды шығару арқылы сізге неше күн еңбек демалысы берілгеніне байланысты есептеледі.

Қазақстанда мұғалімдердің еңбек демалысы – 56 күн:

  • бес күндік мектеп мұғаліміне – 40 жұмыс күнінің,
  • алты күндік мектеп мұғаліміне 48 жұмыс күнінің ақысы есептеледі.

№8. Еңбек демалысы ақысы қанша күн ішінде төленуі керек?

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – демалыс басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Заңсыздық орын алса, сенім телефонына хабарласып, мән-жайды баяндап, прокуратураға арыз не өтініш жазып қалдырасыз.

№9. Сауықтыру жәрдемақысы қалай есептеледі?


Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері аптасына белгіленген нақты оқу жүктемесі есебінен анықталады. Сауықтыру сіздің нақты сағаттарыңызға төленеді.

Сауықтыру ақшасы үстемеақыңызды есепке алмай, қызметақыңызды ғана ескере отырып есептеледі:

17697 (базалық жалақы)× базалық коэффициент÷ 18× өзіңіздің нақты сағат саныңыз+25% (ауылдық жер болса).

Оқи отырыңыз: Педагогтердің еңбек демалысы 56 күнге ұзарады. "Педагог мәртебесі туралы" заң тағы қандай әлеуметтік кепілдіктер ұсынады?

№10. Мұғалім оқушысының жетістігі үшін сыйлықақы ала ма?

Халықаралық олимпиада, байқау және спорт жарыстарында жеңімпаз атанған оқушыны дайындаған мұғалім мемлекеттік білім беру ұйымының экономиясы есебінен үш қызметақы көлемінде сыйақы ала алады.

Оқи отырыңыз: Ел мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Ата-ана нені ескеруі қажет?

№11. Жалақы есептеуге қатысты сұрақтарды қайда талқылауға болады?

Telegram-чатқа қосылып, қазақ не орыс тілінде сұрақ қойып, жауап алуға болады. Топтың өз ережесі бар:

  • Тіл тигізуге тыйым салынады;
  • Чатқа 09.00-ден 20.00-ге дейін жазуға рұқсат;
  • Сенбі және жексенбі – демалыс күндері;
  • Ереже бұзғандар блокталып, чаттан шығарылады.

Чат әкімшілері бір сұрақты қайта-қайта қоймай, өткен хабарламаларды оқуға кеңес береді. Сондай-ақ, мәселені шешу үшін мұғалімдерге аты-жөнін, өзі жұмыс істейтін мектеп пен облыс, аудан, ауыл атауын жазуды сұрайды. Чатта мұғалімдер мен чат әкімшілеріненін басқа осы салаға жауапты мамандар отырады.

Білім және ғылым министрлігі, кәсіподақтар, Сапаны қамтамасыз ету комитеті және білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменттері, білім беру басқармалары ұстаздар құқығын қорғауға дайын екенін айтып отыр. Алайда мұғалімдер шағымдарының 99%-ы жасырын болатындықтан мәселені шешу қиынға түседі.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары