Тікелей эфир

Көп балалы отбасыларға не себепті атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындаудан бас тартып жатыр? 5 негізгі себеп

Арнайы Informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Арнайы Informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Informburo.kz атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудан бас тартудың негізгі себептері туралы айтып береді.

Қазақстанда 1 сәуірден бастап атаулы әтеуметтік көмектің мөлшерін өсірді. Бұған дейін АӘК алып келгендердің жәрдемақы көлемі автоматты түрде қайта есептеледі. Екі аптаның ішінде жұмыспен қамту орталықтарына 77 мың өтініш келіп түскен. Алайда кейбіріне ол тағайындалмай жатыр.

Кімнің АӘК алуға құқығы бар, ал кімге не үшін оны тағайындамайтыны туралы іnformburo.kz. төмендегі материалында тарқатып айтып береміз.

№1. АӘК дегеніміз не, оны кімге тағайындайды?

Атаулы әлеуметтік көмек – айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан берілетін ақшалай төлем.Ол отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа айлық табысы 20 789 теңгеден немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын тұлғаларға тағайындалады. Егер отбасының табысы бұл нормадан кем дегенде 1000 теңгеге асатын болса, жұмыспен қамту орталықтары оны тағайындамайды. Міне, өтініш берушілерге АӘК тағайындалмауының негізгі себебі де осы.

"Ереже солай. Біздің атқарушы орган екенімізді түсіну керек. Нормалар жазылды, біз солармен жұмыс істеп жатырмыз", – дейді Елорданың жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова.

1 сәуірден бастап отбасының табысына келесілер есептелмейді:

  • Көпбалалы отбасылардың арнаулы мемлекеттік жәрдемақысы (10 504 теңге);
  • "Күміс алқа", "Алтын алқа" иегерлерінің мемлекеттік жәрдемақысы (16 160 теңге);
  • Баланың мүгедектігі бойынша тағайындалған жәрдемақысы;
  • Студенттердің стипендиясы;
  • Жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен берілетін бір реттік әлеуметтік төлемдер.

АӘК тағайындау үшін:

  • Жеке куәлігінің көшірмесімен бірге жұмыспен қамту орталығына өтініш беру;
  • Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұрақты не уақытша тіркелу қажет.

Өтініш бергеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің үйіне тексеру актісін жасайтын комиссия келеді. Осыдан кейін ғана АӘК тағайындау не тағайындамау туралы шешім қабылданады. АӘК бірге жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шаралары жүзеге асырылады.

№2. Отбасының табысын есептеуде ата-әжелердің зейнетақылары ескеріле ме?

Informburo.kz АӘК тағайындауға қатысты жиі қойылатын сұрақтарды жинады. Оларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жауап береді.

№1 сұрақ:

"Менің 6 балам бар, оның төртеуі – кәмелет жасына толмағандар. Мен де, күйеуім де жұмыс істемейміз. Зейнеткер әке-шешелерімізбен бірге тұрамыз. Зейнеткерлер менің тікелей туысым екенін ескеріп, құжаттарымды қабылдаудан бас тартты. Өтініш, түсіндіріңіздерші", – деп сұрақ қойды Гүлнар Аймағамбетова.

Жауап:

"Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңға сәйкес, АӘК тағайындауда отбасы мүшелеріне бірге тұратын жақын туыстарының табыстары қосылады. Ата-аналары, балалары, асырап алған ұл-қыздары, туған немесе әкесі/шешесі бөлек аға-іні, әпке-қарындастары, ата-әжелері, немерелері (...) жақын туыстары саналады. Отбасының жиынтық табысын есептегенде отбасына кіретін табыстың барлық түрі, оның ішінде зейнетақы төлемдері де есептеледі" деп жауап берді Министрліктің баспасөз қызметінен.

№3. Табысты есептеу кезінде алименттер есептеледі ме?

№2 сұрақ:

"Мен бірінші күйеуіммен ажырасқаныма 11 жыл. Алимент алмаймын. АӘК аламын деп үміттенгенмін, алайда оларға баламның әкесінің алимент төлемейтіндігі туралы анықтама керек болып шықты. Бұл анықтаманы да әкеле аламын, бірақ онда бұрынғы күйеуімнің не себепті алимент төлемей жүргеніне қатысты негіздемесі жазылуы керек екен" деп шағымданды Гүлсім Рысмағамбетова.

Жауап:

Бұл жағдайда, ұзақ уақыт алимент төлемей отырғанын ескеріп, алимент алмайтыны туралы анықтамамен жұмыспен қамту орталығы бұл әйелдің АӘК тағайындауға қатысты өтінішін қабылдауы тиіс.

Егер алимент төлеуші төмендегілердің санатынан болса, отбасының жиынтық табысы алиментті есепке алмай есептеледі:

  • Жұмыс істемейтін және жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген болса;
  • Түзеу мекемелерінде немесе уақытша изоляторда болса (сот орындаушысының анықтамасын немесе түрмеде не уақытша изолятордағы жазасын өтеу мерзімін көрсетіп, балаларға алимент төлемей отырғаны туралы жазылған түзеу мекемесінің анықтамасын ұсынумен);
  • Туберкулез, психоневрологиялық, онкологиялық, емдеу-сауықтыру диспансерлерінің (стационарлардың) есебінде тұрғаны туралы тиісті медициналық ұйымдардың анықтамасын ұсынса;
  • Қазақстанның тиісті сұрау салу құқы жоқ мемлекетке тұрақты тұруға көшіп кеткен жағдайда;
  • Тиісті құқық қорғау органдарының анықтамасымен немесе учаскелік комиссияның қорытындысымен оның спирттік ішімдіктерді ішіп, есірткі заттарын қолданып, балаларынан және басқа да асырауындағы адамдарды бағып-қағудан қашқанын расталған жағдайда.

№4. Тіркеуде тұрмағаны үшін АӘК тағайындаудан бас тартуы мүмкін бе?

№ 3 сұрақ:

"Менің бес балам бар, ең кіші балам 4 айлық, үлкені 11 жаста. Күйеуім жақында жұмыссыз ретінде тіркелді. Мен наурыз айында Алматының Түрксіб ауданына тіркелдім, алайда қазіргі уақытта отбасыммен Алатау ауданында туыстарымның отбасымен бірге тұрып жатырмын. АӘК алу үшін Түрксіб ауданына жүгіндім, алайда маған тұрғылықты мекен-жайым бойынша уақытша тіркеуде екенімді растайтын анықтама әкелуім керектігін айтты. Туыстарымның үйінің құжаттары жоқ, сол себепті уақытша тіркеуге тұра алмаймын" дейді Маржан Өсерова.

Жауап:

– Егер отбасы бір мекен-жайға тіркеліп, алайда нақты тұратын мекен-жайы басқа болса, жұмыспен қамту орталықтарының мамандары АӘК тағайындаудан бас тарта алады және ол заңды. Өтініш беруші мұндай жағдайда бірінші кезекте көші-қон заңнамасын бұзып отыр.

Мәселен, сіз Нұр-Сұлтанда тіркелдіңіз, алайда Қосшыда тұрасыз. Біз мұндай адамдарды қабылдай алмаймыз. Өйткені біздің учаскелік комиссия қаланың сыртына шыға алмайды. Ал, ол Нұр-Сұлтанда тіркелгендіктен Қосшыда да оның құжаттарын қабылдамайды. Біз мұндай азаматтарға тұрғылықты мекен-жайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға және сол мекен-жайдағы әкімдікке баруға кеңес береміз, – деп жауап берді Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Почему многодетным семьям отказывают в назначении АСП? Пять основных причин

№5. Отбасының табысын есептеуде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен кіріс есептеле ме?

№4 сұрақ:

"Біз ауылда тұрамыз. Малымыз бар. Кейде маусымдарда сүт, май, сүзбе сатамыз. Ауылдық әкімдіктегілер біздің қосалқы шаруашылығымыздан кірісіміз бар екенін айтып, АӘК алуға құжат тапсыра алмайсыздар дейді. Кейбіреулер бұл кірістің маусымдық әрі аз екенін айтып, жәрдемақы алуға құқылысыңдар дейді. Қайсысы дұрыс? деп жүгінді Алмагүл Нұрғалиева.

Жауап:

Қосалқы шаруашылықтан түскен табыс отбасының жиынтық табысын анықтау кезінде есептеледі. Жиынтық табысты есептеу ережесімен мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмегін алуға үміткер отбасыларға қатысты еліміздің аймақтарының климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табысты есептеудің нормалары анықталған.

"Алайда жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы табысты кіріс көзі емес деп белгілей алады. Яғни әкімдіктер қосалқы шаруашылықтан түскен табысты есептемеуге құқылы" деп түсіндірді Министрліктің баспасөз қызметінен.

№6. Әр балаға тиесілі 21 мың теңгені барлық көпбалалы отбасы ала ала ма?

№5 сұрақ:

"Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасылардың әр баласына 21 мың теңгеден төлеуді тапсырды. Біз көпбалалы отбасымыз. Осы жәрдемақыны ала аламыз ба?" деп сұрайды Назымхан Кәрібаева.

Жауап:

"АӘК алушыларға 20 789 теңге көлеміндегі жәрдемақының кепілдендірілген төлемі 18 жасқа дейінгі балаларға ғана төленеді. Егер бала орта, техникалық, кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және ЖОО кейінгі білім алу ұймдарының күндізгі бөлімінде оқитын болса, кепілдендірілген төлем оларға оқуды аяқтаған мерзімге дейін төленеді (алайда 23 жастан жоғары болмауы тиіс).

№7. Өтінішті қарау мерзімі не үшін кешіктірілуі мүмкін?

Кейде өтініш беруші мен жұмыспен қамту орталықтарының кінәсінсіз өтінішті қарау мерзімі кешіктірілуі мүмкін. Мәселен, өтініш берушінің мекен-жайы ақпараттық жүйеде тіркелмеген болып шығады. Көбіне времянка мен саяжайларда тұратын аз қамтылған отбасыларға қатысты осындай жағдайдар болады.

"Біз оларға барып, мекен-жайын тіркеу керек деп айтпаймыз, яғни бұл олардың міндеті емес. Мекен-жайды тіркеудің әкімшісі –жергілікті атқарушы орган. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы орган тіркеуді жүзеге асыруы тиіс. Тіркелмеген мекен-жайға барып жұмыспен қамту орталықтарының мамандары тексеру актісін жасай алмайды" дейді Еңбек және халықты әлеуеттік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Мұндай жағдайда жұмыспен қамту орталықтары мекен-жайды тіркеу үшін оны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.

Екінші себеп – ақпараттық жүйеде мәлімделген табыстың болмауы. Осындай жағдайда орталық мамандары өтініш берушіден оның табысы туралы қолхат алады.

№8. Сұрақтар туындаған жағдайда қайда жүгінуге болады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "111" бірыңғай байланыс нөмірін іске қосты. Қазақстандықтар осы нөмірге хабарласа отырып, анықтама, мамандардың кеңесін және атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға қатысты сұрақтарға жауап, сондай-ақ басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы мәліметтер ала алады.

Қосымша анықтамаларды аймақтардағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алуға болады:

  • Нұр-Сұлтан – 8 (7172) 55-68-40, 8 (7172) 55-68-00;
  • Алматы – 8 (727) 261-67-24;
  • Шымкент – 8 (7252) 27-71-29, 8 (7252) 27-66-81, call-center 1313;
  • Ақмола облысы – 8 (7162) 29-86-24, 8 (7162) 29-86-27, 8 (7162) 29-86-26, 8 (7162) 29-86-25;
  • Ақтөбе облысы – 8 (7132) 54-34-97;
  • Алматы облысы – 8 (7282) 32-96-69;
  • Атырау облысы – 8 (7122) 32-48-28, 8 (7122) 35-43-49;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 8 (7232) 75-17-99, 8 (7232) 75-13-66;
  • Жамбыл облысы – 8 (7262) 45-55-60;
  • Батыс Қазақстан облысы – 8 (7112) 51-42-47;
  • Караганды облысы – 8 (7212) 43-20-94, 8 (7212) 43-16-80;
  • Қостанай облысы – 8 (7142) 50-16-11;
  • Қызылорда облысы – 8 (7242) 27-41-65;
  • Манғыстау облысы – 8 (7292) 60-52-53;
  • Павлодар облысы – 8 (7182) 90-31-42;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 8 (7152) 46-73-51;
  • Түркістан облысы – 8 (72533) 5-95-49, 8 (72533) 5-95-54.

Авторы Жадыра Жұлмұхаметова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары