Іnformburo.kz әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты оқиғаларға шолу ұсынады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 28 наурыз
Италияда Covid-19 құрбандарының саны 10 мыңнан асты
Италияда індеттің беті қайтар емес. Бүгінге дейін елде 10 мыңнан астам коронавирус жұқтырған адам көз жұмды. Тек соңғы тәулікте 889 адам дерттен көз жұмған. Бұл мәліметті азаматтық қорғау басқармасының басшысы Анджело Боррелли ұсынды. Жалпы алғанда елде 92 мыңнан астам науқас тіркелген.
Соған қарамастан азаматтық қорғау басқармасының өкілдері Covid-19 таралу қарқыны біршама баяулады деп мәлімдеді. Олардың дерегінше, бейсенбіде өсім 8,3% құраса, сенбі күні ол 6,9%-ға дейін төмендепті.
Италиядан кейін пандемия құрбандарының саны бойынша антирейтингте Испания мен Қытай тұр.
Оқи отырыңыз: АҚШ-та Covid-19 жұқтырғандар 100 мыңнан асты, ал Қытайда Ухань метросы іске қосылды. Әлем жаңалықтары
Нью-Йоркте 500-ден астам полиция қызметкері коронавирус жұқтырған
Нью-Йорк полициясының 512 қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл өткен тәуліктерде тіркелген көрсеткіштерден еселеп артық. Қауіпті вирусты жұқтырғандардың 442-сі полиция формасымен жүретін болса, қалған жетпісі – азаматтық қызмет көрсетушілер.
АҚШ Covid-19 жұқтырғандар саны бойынша дүние жүзінде көш бастап тұр. Елде 124 мыңнан астам науқас тіркелген. Ал 2 мыңнан астам адам індеттің құрбаны болды. Өлім әсіресе Нью-Йорк қаласы мен Вашингтон штатында көп.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен АҚШ алға шықты. Украина шекарасын жапты. Әлем жаңалықтары
Колумбиядағы жер сілкінісінің салдарынан мыңдаған адам карантин тәртібін бұзуға мәжбүр болды
Колумбияның орталық бөлігінде болған магнитудасы 5,1 жер сілкінісі сумен жабдықтау жүйесінің жұмысын бұзды. Салдарынан карантинде отырған мыңдаған адам сусыз қалды. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар көшеге су сатып алу үшін шығып, карантин тәртібін бұзуға мәжбүр болды. Чиа қаласының мэрі Карлос Сегураның айтуынша, сумен қамтамасыз ету мәселесі 30 дюймдік құбырдың зақымдануынан туындаған. Құбыр жөндеу уақыты әлі белгісіз. Сондықтан, жергілікті билік халықты сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтірілгенге дейін суды үнемді пайдалануға шақырды.
Ескеретін жайт, коронавирус инфекциясы кезінде судың жетіспеушілігі өте қауіпті. Өйткені адамдар жиі су ішіп, қолдарын тазалап жуу мүмкіндігінен айырылады.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика
Бір тәулікте Қытайда коронавирусты жұқтырудың 45 жаңа дерегі анықталды
Өткен тәулікте құрлықтық Қытайда коронавирусты жұқтырудың 45 жаңа дерегі тіркелді. Оның 44-і шет елден келген адамдардан анықталса, біреуі ел ішінде тіркелген деп хабарлады ҚХР Мемлекеттік денсаулық комитеті өзінің ресми сайтында. Жалпы шет елдерден Қытайға келгендердің арасынан 693 адам инфекция жұқтырған.
Бір тәулік ішінде бұрын коронавирус жұқтырғандардың бесеуі қайтыс болды. Барлығы инфекция таралуының эпицентрі болып саналатын Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді.
Оқи отырыңыз: "Ең әдемі шенеунік". Тұңғыш әйел облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова туралы
Ресей коронавируспен күрес үшін шекарасын толығымен жабады
Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин коронавирустың жаппай таралуының алдын алу үшін 30 наурыздан бастап мемлекеттік шекара арқылы қозғалысты тоқтатуды тапсырды. Ресей үкіметінің сайтында Мишустиннің қаулысы жарияланды. Құжатқа сәйкес Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль, темір жол, жаяу жүргіншілер, өзен және аралас өткізу пункттері, сондай-ақ Ресей-Беларусь мемлекеттік шекарасының құрлықтағы учаскесі арқылы жүріп-тұру уақытша шектеледі.
Оқи отырыңыз: Мектептерде қашықтан білім беру қалай жүргізіледі? Министр түсіндірмесі
Өзбекстанда 30 наурыздан бастап жеке көлікпен жүру шектеледі
Індеттің екпінінен сескенген Өзбекстан да қатаң карантиндік шараларға кірісті. Елде 20 сәуірге дейін жеке көлікпен жүруге тыйым салынбақ. Шектеу Ташкент, Нүкіс қалаларына, облыс орталықтарына, сондай-ақ дейін өңірлер арасына енгізіледі.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
Қытай Украинаға екінші мәрте гуманитарлық көмек береді
Қытай коронавирустан зардап шеккен Украинаға тағы да көмек көрсетеді. Медициналық маскалар, қорғаныш костюмдері және басқа да эпидемияға қарсы құралдар тиелген ұшақ борты дайын. Ол бүгін ел астанасы Киевке тауарларды жеткізеді. Кеше украиналық дипломаттар Қытай билігімен логистика мен кедендік рәсімдерді келісіп, авиациялық рұқсат алған.
Соңғы дерек бойынша, Украинада 356 адам коронавирус жұқтырып, 9 адам көз жұмған.