Әлем елдері Covid-19 коронавирусының таралуымен күресуде. Дегенмен, вирус күн өткен сайын күш алып, 200-ден астам мемлекетке тарады. Індеттің ілмегіне қазіргі дейін 536 мыңнан астам адам ілінді. Қауіпті індеттен 24 мыңнан астам адам көз жұмды. Іnformburo.kz әлемдегі оқиғаларға шолу жасады.
Италияда коронавирустан 33 дәрігер қайтыс болды
Италия Еуропа елдері ішінде коронавирустан қатты зардап шекті. Бұл мемлекет індеттен қайтыс болғандар саны бойынша бірінші орында тұр. Соңғы мәліметтер бойынша 8 мыңнан астам адам қауіпті дерттің құрбаны болған. Ал кеше бір тәулікте 662 науқас жан тапсырып, 4 500-ге жуық адам коронавирус жұқтырған. Қайтыс болғандардың қатарында дәрігерлер де бар. Италияның Ұлттық денсаулық сақтау институтының мәліметінше, осы күнге дейін елде 33 дәрігер көз жұмған. 6 200 медицина қызметкері вирус жұқтырған.
Италияда коронавирус құрбандарының көптігі сонша, мәйіттерді жерлейтін орын жоқ. Бергамо шіркеулері мен зираттарында ондаған табыт жиналып қалған. Оларды әскери жүк көліктерімен басқа аймақтардағы крематорийлерге жіберіп жатыр.
Есесіне елде қылмыстың күрт төмендеуі байқалады. 1-22 наурыз аралығында Италияда 53 мың қылмыс жасалыпты. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64 пайызға аз. Дәл осындай үрдіс Испанияда да байқалады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 26 наурыз
АҚШ Covid-19 жұқтырғандар саны бойынша көш бастады
АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Италияны артқа қалдырып, әлемде бірінші орынға шықты. 26 наурызда 15 мыңнан астам жаңа науқас тіркеліп, сырқаттанғандардың жалпы саны 83 мыңнан асты. Екінші орында Қытай, онда 81 мыңнан астам тұрғын қауіпті індетке шалдыққан. Ал 80 мыңнан астам адам жұқтырған Италия үшінші орынға тұрақтады.
АҚШ президенті Дональд Трамп елдің мұндай көрсеткішпен бірінші орынға шығуын тестілеу жүйесінің жақсы жұмыс істейтіндігімен байланыстырды. Онда жалпы саны 552 мың адам коронавирусқа тексерілген.
"Менің ойымша, бұл біздің тестілеу әдісімізге байланысты. Біз өте көп адамды тексеріп жатырмыз", – деді АҚШ президенті.
Вашингтон университеті алдағы 4 айда коронавирус індеті құрама штаттарда 80 мыңнан астам адамның өліміне әкелуі мүмкін деп болжам жасады.
Оқи отырыңыз: Карантин талабы күшейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына тағы қандай шектеулер қойылды?
Коронавирус АҚШ еңбек нарығындағы жағдайды күрт қиындатты
Коронавирус АҚШ-тың еңбек нарығын құлдыратты. Бір апта ішінде америкалықтар тарапынан жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға келіп түскен өтініштер саны 282 мыңнан 3,3 миллионға дейін он есе өскен. Бұл сан 1982 жылы АҚШ-тағы алдыңғы рекордтан едәуір артта қалды деп мәлімдеді АҚШ еңбек министрлігі. Вирустық инфекцияның тез таралуы Американың көптеген аймақтарындағы қоғамдық өмірге кедергі келтірді. Елдегі 330 млн адамның жартысына жуығы карантиндік шектеулерге тап болды. Көптеген дүкендер, мейрамханалар мен қонақүйлер жабылып, сапарлар тоқтатылды.
Оқи отырыңыз: "АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?
ЕуроОдақ еуропалық қауымдастық экономикасын сақтау жоспарын жасайды
Еуропа одағы экономикасын коронавирустық пандемиядан кейін қалпына келтірудің қаржылық жоспары жасалады. ЕуроОдақ елдерінің басшылары Еурогрупп пен Еуропалық комиссияның алдына осындай міндет қойды. Ұсыныстар 15 күн ішінде дайындалуы керек. Бұл туралы ЕуроОдақ саммитінің қорытындылары бойынша өткен бейнеконференцияда Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишель мәлімдеді. 6 сағаттан астам уақытқа созылған жиында қатысушылар қоғамдастықтағы алғашқы әлеуметтік тұрақтылықтың 5 жылдан 10 жылға дейінгі облигацияларының мәселесін талқылады. Мақсат – індетке және оның зардаптарына қарсы тұру үшін несие тарту.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?
Аргентинада карантин режимін бұзушылардан мыңға жуық көлік тәркіленді
Аргентина билігі бір апта ішінде ел аумағынан міндетті карантин талаптарын бұзған жүргізушілерден мыңға жуық көлік тәркіледі. Бұл мәліметті Аргентинаның Қауіпсіздік министрлігі таратты. Белгілі болғандай ел аумағында жалпы саны 206 мыңнан астам көлік тексерілген, олардың 938-і тәркіленіпті. Өйткені, 200 мыңнан астам адам арлы-бері жүруге рұқсат ететін қажетті құжаттарды көрсете алмаған. Көліктері тәркіленген азаматтар дереу үйіне жіберілген. Сондай-ақ, 21 наурыздан бастап Аргентинада оқшаулау талаптарын бұзғаны үшін 6,2 мың азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Аргентинада 589 адам коронавирус жұқтырып, олардың 12-сі қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі
Ресей 27 наурыздан бастап халықаралық әуе қатынасын тоқтатады
Жұманың түн ортасынан бастап көрші мемлекеттің әуе компаниялары шетелге тұрақты және чартерлік рейстерді тоқтатады. Онда тек шет мемлекеттерде жүрген Ресей азаматтарын ел аумағына әкелуіне байланысты рейстер, сондай-ақ Ресей Федерациясы үкіметінің жеке тапсырысы бойынша орындалатын рейстер ғана ұшады. Бұл шешім Ресейде коронавирустық инфекцияның таралуымен күресу жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысынан кейін қабылданды. "Аэрофлот" авиакомпаниясының хабарлауынша, қазіргі уақытта компания 94 халықаралық бағыттың 92-ін жапқан. Ал Ресейге оралуды жоспарлаған ресейліктердің тізімдері Денсаулық сақтау министрлігіне, Көлік министрлігіне және Аэрофлотқа 27 наурыздан кешіктірілмей жіберілуі керек. Барлық келген жолаушылар әуежайда инфекцияға тексеруден өтеді және 14 күнге үй карантиніне жіберіледі.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин алдағы аптаны демалыс деп жариялайтынын хабарлаған болатын. Яғни, демалыс күндері сенбі, 28 наурыздан жексенбі, 5 сәуірге дейін жалғасады. Бұл аралықта ресейліктердің барлығының жалақысы сақталады. Сондай-ақ, ол Конституцияға түзетулер бойынша дауыс беруді кейінге шегерді. Конституцияға түзетулер енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беру 22 сәуірге жоспарланған еді.
Айта кетсек, 1 маусымға дейін Ресей үкіметі барлық демалыс үйлерін, пансионаттар, балалар лагерлері мен курорттық аймақтарда орналасқан қонақ үйлерді жауып тастады. Нысандарға тек іссапарға баратын адамдар үшін қолжетімді болады.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?
Украина 27 наурыздан шекараны жапты
Украинаның шекарасы 27 наурызда жабылды. Оған дейін отанына қайтып үлгермеген ел азаматтары шекарадан өте алмайды. Бұл туралы президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Ол үйге оралу қажеттілігі туралы екі апта бұрын айтылғанын еске салды. Президенттің айтуынша, осы уақыт ішінде украиналықтардың көпшілігі өз бетінше оралған.
"Бұдан артық күтуге уақытымыз жоқ. Шетелде жүрген азаматтар мен ел ішіндегі 40 миллион азаматтың қауіпсіздігі арасында қиын таңдау болды", – деді Украина көшбасшысы.
Уақытында үйлеріне оралуға мүмкіндігі болмаған адамдарға шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер қамқорлық жасайды деп уәде етті Зеленский.
Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы
Халықаралық валюта қоры Қырғызстанға коронавируспен күресу үшін 120 млн доллар бөледі
Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиеваның айтуынша, пандемия басталғаннан кейін 80-нен астам мемлекет қорға көмекке жүгінген. Қор солардың қатарында Қырғыз Республикасына жәрдем беретінін мәлімдеген. Қазіргі уақытта іргелес елде 44 адам аты аман ауруды жұқтырған. Сондай-ақ, АҚШ коронавирустан зардап шеккен елдерге 274 миллион доллар бөлетіні белгілі болды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мәлімдеген. Оның айтуынша, қаражат пандемияға қарсы тұру үшін ең көп зардап шеккен 64 елге жіберіледі.
"Шұғыл медициналық көмек пен вируспен күресуге 100 миллион доллар қарастырылған. Қалған ақша "пандемияға қарсы әрекет жасауды жеңілдету үшін" Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңсесі арқылы гуманитарлық көмекке жіберіледі", – деді Майк Помпео.