Тікелей эфир

Коронавирус бес өңірде өршіп, Алматы "сары" аймаққа кірді. Карантин қайта енгізіле ме?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Денсаулық сақтау министрі желтоқсан-қаңтар айларында карантин шаралары күшейтілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақстанда коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлап келеді. 27 қарашадағы жағдай бойынша Covid-19 жұқтырғандар саны 129 213-ке жетті. 115 384 адам жазылса, 1 990 науқас қайтыс болды. Ахуалдың нашарлауына байланысты Алматы Covid-19 таралуы бойынша "сары" аймаққа енді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

Індет қайта өршіді ме?

"Жоғары қауіпті аймақта немесе қатаң шектеу шаралары енгізілген "қызыл" аймақта бес өңір бар. Олар: ШҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары. Өткен аптамен салыстырғанда "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстары ауысты. Қазір "сары" аймаққа Алматы енді, ал қалған өңірлер "жасыл" аймақта", – деді Алексей Цой.

Сонымен қатар министр Қазақстанның өзі де қазір коронавирус бойынша әлемдік жағдайда "сары" аймақта тұрғанын айтты. Оның мәліметінше, қараша айында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейі қазан айымен салыстырғанда 3,7 есе өскен. Еліміздегі барлық жағдайдың 70 пайызы жоғарыда аталған "қызыл" аймақта орналасқан бес өңірде тіркеліп отыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, қазірде қауіпті аймақ басшыларына жағдайды тұрақтандыруға тапсырмалар берілген.

"Өңірлердегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, бүгінде аймақ әкімдері қоғамдық тамақтану орындарына келушілер санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет нысандарының жұмыс кестесін қысқарту, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтату сынды қатаң шаралар қабылдады", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Коронавирус па, тұмау ма? Ауруды асқындырып алмас үшін не білу керек?

Карантин қашан енгізіледі?

Денсаулық сақтау министрі коронавируспен аурушаңдық өсіп келе жатса да, әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартты. Оның айтуынша, қазір елдегі ауруханалар тек 20 пайызға толған. Сондықтан індетке шалдыққандар үшін бос орын жеткілікті. Жағдай бақылауда. Десе де, желтоқсан-қаңтар айларында карантиндік шектеулер енгізілуі мүмкін.

"Апта сайын деректерді талдап, жағдайдың ары қарай дамуына болжам жасап отырмыз. Қазіргі уақытта қолда бар деректерге қарап, желтоқсан-қаңтар айларында карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін екенін көріп отырмыз. Барлығы жағдайды қаншалықты басқара алатынымызға байланысты болмақ",– деді Алексей Цой.

Денсаулық министрі жағдайдың күрт нашарлауына адамдардың өздерінің немқұрайдылығы әсер еткенін жасырмады. Ол халықтың тазалық шараларын естен шығарып, оның ішінде маска тақпайтынын және әлеуметтік қашықтықты сақтамайтынын алға тартты.

Сондай-ақ, министр отандастарымыздан алда келе жатқан мейрамдар мен жаңа жыл мерекелерінде сақтық шараларын күшейтуді сұрады. Әсіресе, ұжымдық кештерге қатыспай, адам көп жүретін жерлерге бармауға кеңес берді.

Оқи отырыңыз: Аязды күні маска тағу дұрыс па? Қыста коронавирустан сақтану жолдары

Вирус жұқтырған қанша жүкті әйел бар?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 247 жүкті әйел ауруханада коронавирустан емделіп жатыр. Ал Қазақстанда пандемия басталғаннан бері 8,8 мың жүкті әйел мен 124 жаңа туған нәресте індет жұқтырыпты. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Оның сөзінше, вирустың іштегі балаға берілу жағдайлары тіркелмеген.

"Бірақ, туғаннан кейін анасымен байланыс жасаған бір апта ішінде 124 жаңа туған сәби коронавирус жұқтырды. Оларда ауру симтомсыз түрде өтті. Тек талдау арқылы ғана жұқтырғанын білдік", – деді Ажар Ғиният.

Оқи отырыңыз: Covid-19 – бактериялық ауру емес. Ем алғанда неліктен антибиотик қолдануға болмайды?

Вакцина ақылы бола ма?

Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта Қазақстанға әкелуі мүмкін вакциналардың барлығын зерттеп жатыр. Министрлік басшысы тек ең тиімді деген екпені алатынын мәлімдеді. Барлығы тіркеу процедурасына байланысты болмақ.

"Қазақстан нарығында вакциналардың пайда болу кезеңіне қарай біз өз елімізде оны пайдаланып, халыққа екпе жасауға тырысамыз. Сол себепті, әзірге Қазақстанға қай вакцина бірінші әкелінетінін болжау қиын. Біз шамамен 10 шақты вакцинаның барын көріп отырмыз. Олар клиникалық сынақтың әртүрлі сатысында, – деді Алексей Цой.

Министрдің мәлімдеуінше, әлем елдерінде жасалып жатқан 5-6 вакцина клиникалық сынақтың үшінші сатысында тұр. Сол компаниялармен қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.

"Вакциналарды өндіретін компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл компаниялар Қазақстанға кіріп, тіркелуі керек. Олармен қанша вакцина жеткізе алатыны туралы келіссөздер жүргізілуде. Біз міндетті екпеге жататын азаматтардың санатын бекіттік. Оларға вакцина тегін егіледі", – деді Алексей Цой.

Оқи отырыңыз: Пневмония белгілері қандай және қалай оның алдын алуға болады?

Қазақстан коронавируспен күреске шетелден қанша қаржы алды?

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың мәлімдеуінше, Қазақстан індетпен күрес үшін шет мемлекеттерден бір тиын да қаржы алмаған. Оның айтуынша, қаражат тек мемлекеттік қордан ғана бөлінген.

"Шет елдерден коронавирустық инфекциямен күресуге қаражат алған жоқпыз. Барлығы үкіметтің резервтік көзінен және бюджеттен жұмсалды. Шетелден гуманитарлық көмек, яғни маска, дәрі-дәрмек және басқа заттар түріндегі көмек алынды", - деді Ажар Ғиният.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары