Тікелей эфир

Коронавирус па, тұмау ма? Ауруды асқындырып алмас үшін не білу керек?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
ЖРВИ мен тұмау маусымының басталуы коронавирусты анықтауда қиындық туғызуда. Белгілері ұқсас болғанымен, емдеу тәсілдері мүлде бөлек.

Осы орайда Нұр-Сұлтандағы Көпсалалы медициналық орталығына қарайтын қалалық инфекциялық орталықтың басшысы Татьяна Цечоева коронавирустан сақтану және оны асқындырып алмау жолдарын айтып берді.

№1. Ауруханаға кімдер дереу жатқызылады?

Келесі санаттарға жататын адамдар коронавирус жұқтырса, дереу ауруханаға жатқызылады:

  • өкпесінің 30 пайызы қабынғандар және өкпенің қанша пайызы қабынғанына қарамастан пневмониясы өршігендер;
  • қант диабетімен ауыратындар;
  • аса артық салмаққа ие жандар;
  • түрлі жүрек-қан тамырлары ауруына (әсіресе, артериалды гипертензиясы барлар) шалдыққандар;
  • аяғы ауыр әйелдер.

Сондай-ақ, коронавирус жұқтырған науқастың үйде емделуге не оқшаулануға мүмкіндігі болмаса, жедел жәрдем көлігімен бірден стационарға жеткізіледі.

№2. Вирусты өршітіп алмау жолдары қандай?

Дәрігер ең бірінші кезекте өз бетімен емделуді тоқтату қажеттігін айтады. Бірақ, өзге де сырқаты бар науқастар бұрыннан қабылдап жүрген базалық препараттарын қабылдауды тоқтатпауы тиіс. Яғни, коронавирус жұқтырған уақытта да, кейін стационардан шыққан күнде де бұрынғы режимді сақтап, препараттарды қабылдауды жалғастыру керек. Ал коронавирусқа емді ауру дәрежесін анықтаған дәрігер тағайындауы тиіс. Ауру дәрежесі уыттану синдромына, демнің жетпеу деңгейіне байланысты айқындалады.

Есте ұстаңыз: Covid-19 әр адамда әртүрлі деңгейде өршиді.

Оқи отырыңыз: Аязды күні маска тағу дұрыс па? Қыста коронавирустан сақтану жолдары

№3. Антибиотик пен антикоагулянт қолдану салдары

Антибиотик те, антикоагулянт та коронавирусқа қарсы профилактикалық шара ретінде қолданылмайды. Бұл препараттар тек емдеу кезінде және коронавирус салдарымен күрес үшін ғана тағайындалады. Мәселен, сырқат пневмонияға ұласқан кезде өкпенің тамырлары бітеліп, бактериялық флораның белсенді болуына байланысты не жаңа бактериялық флораның қосылуына байланысты өкпе қабынады. Коронавирус иммундық жүйені де әлсіретеді.

№4. Бөлмені қалай желдетеді?

Коронавирустан сақтану үшін жеке гигиена мен үй тазалығы қатаң талап етіледі. Алайда, қысқы уақытта бөлмені желдету кезінде суық тигізу қаупі бар. Сондықтан желдеткен кезде тоңып қалмас үшін бөлмеден шыға тұру керек.

Егер үйде коронавирус жұқтырған науқас оқшауланған болса, бұл бөлме міндетті түрде желдетілуі керек.

Оқи отырыңыз: Пневмония белгілері қандай және қалай оның алдын алуға болады?

№5. Созылмалы ауруы бар адамдар нені ескеруі керек?

Бұл санаттағы азаматтар коронавирустан сақтану үшін міндетті түрде оқшаулануы тиіс. Өйткені, коронавирус жұқтырып алса, созылмалы ауруы асқынып, емделу қиынға соғуі мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше инфекция жұқтыру қаупі бар қоғамдық орындарға бармауы керек. Созылмалы ауруы бар адамдарда коронавирустың алғашқы белгісі пайда болса, дереу медицина қызметкеріне жүгінген абзал. Дәрігер оны емдеудің әдістемесін айқындайды.

№6. Жедел жәрдемді қай кезде шақырған дұрыс?

Адамның дене қызуы парацетомол қабылдағаннан кейін де түспесе, бұл жедел жәрдем қызметіне хабарласу керектігінің белгісі. Сондай-ақ, мұндай белгілерге кеуде тұсының ауыруы (бұл тромб түзіле бастағанының белгісі), тыныс алудың тым жиілеуі де жатады. Бұл симптомдар пневмонияның асқынып бара жатқанының симптомдары.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

№7. Инфекцияның алғашқы белгілері

Негізгі белгілер:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • бұлшықеттердің ауыруы;
  • бас ауруы;
  • иіс, дәм сезу қабілетінің әлсіреуі.

Аурудың бұл белгілері бір уақытта немесе жеке-жеке де байқалуы ықтимал. Денеде әлсіздік байқалып, үнемі тер басады. Бұл белгілер байқалған жағдайда науқас жергілікті емханаға хабарласуы қажет.

№8. Коронавирус пен тұмаудың айырмашылығы

Вирусты аурулардың белгілерінің бәрі ұқсас. Бірақ, емдеу тәсілдері мүлде бөлек. Айталық, коронавирус инфекциясы негізінен оны жұқтырған адамның өкпесін нысанаға алады. Адамның өкпесінде тромб түзілуі мүмкін. Осыдан кейін бактериялық флораның белсенділігі күшейіп, өкпе қабынады. Бұл жағдайда әдетте ЖРВИ мен тұмау барысында вирусқа қарсы иммунитетімізді күшейтетін дәрілерді қабылдауға бтыйым салынады. Олар бактериялардың белсенділігін одан әрі арттырып жіберуі ықтимал. Сондықтан дұрыс диганоз қоймайынша өздігімен емделуге болмайды.

Серіктестер жаңалықтары