Коронавирустың жаңа толқыны қысқы уақытқа сәйкес келуі мүмкін екендігі елімізде әлдеқашан болжанып, дайындық күшейтілді. Қазіргі уақытта күн сайынғы вирус жұқтыру қарқыны артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, сырқаттану деңгейі 2,6 есе артты. Маусымдық тұмаудың күшеюі де жағдайды қиындатып тұр.
Оған қоса, қысқы мезгілде ауа температурасының төмен болуы дезинфекциялық шараларды жасауға кедергі келтіреді. Қазірдің өзінде көптеген сауда ойын-сауық орталықтары мен өзге мекемелер дезинфекциялық тоннельдерді алып тастады. Жоспарлы түрде қала көшелерінде жасалатын дезинфекция шаралары да уақытша тоқтатылды.
Мұндай жағдайда коронавирустан қалай сақтануға болады? ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалының дезинфектология және инфекциялық бақылауды ұйымдастыру бөлімінің эпидемиолог-дәрігері, бас маманы Гүлвира Тулеушова сұрақтарға жауап берді.
Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары
Аязды күні маска таққан дұрыс па?
Коронавирустан сақтанудың ең тиімді жолы – маска тағып, қолға қолғап кию. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басты ұстанымы. Сондықтан, қысқы суыққа қарамастан, маска тағу қажет. Оны дені сау адамдар жеке қорғаныш құралы ретінде (сырқаттанған адаммен байланыста болған кезде қорғану үшін) немесе инфекция көзін бақылау үшін (яғни, сырқаттанған адам инфекцияның одан әрі жұғуының алдын алу үшін) қолдана алады. Рас, аязды күні деммен маскаға мұз қатып, бұл ыңғайсыздық тудырады. Дымқылданған масканы таққан адам суық тиіп ауыруы мүмкін. Сондықтан, ылғал масканы жедел ауыстырып, құрғағын тағу қажет.
Сол секілді, медициналық қолғапты киген кезде де қолдың ылғалданбауын қадағалаған дұрыс. Дымқыл тартса, ауыстырған жөн. Қолғап ішінде қол терлесе, оны шешкеннен кейін суықта жүруге болмайды. Суықтау қаупі бар.
"ДДСҰ дерегі бойынша, адам бетін минутына орта есеппен 3-5 рет ұстайды екен, бұл ретте байқамай, лас қолымен ауру жұқтыру қаупін арттырады.Сондықтан, маска тағудағы мақсат – адамдарды беттің (не мұрын мен ауыздың) бөліктеріне кездейсоқ қол тигізуден қорғау", – дейді Гүлвира Тулеушова.
Оқи отырыңыз: Пневмония белгілері қандай және қалай оның алдын алуға болады?
Жеке қорғанысты күшейту керек
Жаздыгүні мекемелердің кіреберісіне дезинфекциялық тоннельдер орнатылып, қала көшелеріне дезинфекция жасауға баса мән берілді. Алайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қысқы мезгілде бұл әдістің тиімсіздігіне байланысты тозаңдандыру және тұманның түзілуі арқылы дезинфекциялауды ұсынбайды. Дезинфекциялау құралының қатып қалуына байланысты сыртта төмен температурада сыртқы дезинфекция жүргізу орынсыз деп есептеледі.
Сондықтан қоғамдық орындарға барғанда адамдардың өздері жеке қорғанысты күшейткені абзал. Қоғамдық орындара қойылатын дезинфекция құралдарының салқын болатынын ескеріп, өзімен бірге жылы антисептик алып жүрген артық болмайды. Сондай-ақ, 1,5-2 метр әлеуметтік ара қашықтық сақтауды ұмытпау керек.
"Тепловизиялық термометрлер қызбасы болса ғана анықтайды. Адам сырттан тоңып кірсе де, дене қызуы қалыпты температурадан жоғары болса ғана термометр жоғары көрсетеді", – дейді Гүлвира Тулеушова.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика
Тазалық сақтау – басты талап
Коронавирус аяздан қорықпайды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, штамм -25 градус температурада қалыпты өмір сүреді.
ДДСҰ деректері бойынша, SARS-CoV-2 – бұл сыртқы липидті қабығы бар вирус, оны дезинфекциялық құралдарға өте сезімтал етеді. Сондықтан бұл қоздырғышқа қарсы күресте дезинфекция өте тиімді. Сонымен қатар, Гонконгтың жетекші ғалымдарының зерттеулері 2-3 күннен кейін +37 градус температурада өлетінін анықтауға мүмкіндік берді. Ауа температурасы 38 градуста және 95% ылғалдылықта Covid-19 өзінің белсенділігін жоғалтады.
"Covid-19 температураға не климаттық ерекшеліктерге қарамастан жұғуы мүмкін. Сондықтан, өзіңді қорғау үшін қолды жиі және мұқият жуып, көзге, ауызға және мұрынға тигізбеу керек. Коронавирус инфекциясының алдын алудың ең тиімді тәсілі – қолды құрамында спирті бар антисептикпен үнемі сүрту немесе сабынды сумен жуу", – дейді Гүлвира Тулеушова.
Коронавирустан сақтанудың өзге шараларын осы материалдағы сілтемелер арқылы өтіп оқи аласыздар.