Тікелей эфир

Covid-19 – бактериялық ауру емес. Ем алғанда неліктен антибиотик қолдануға болмайды?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Адам ағзасында бактериялық инфекция анықталса, антибиотикті тек дәрігер тағайындауы керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен жыл сайын әлемде 18-24 қараша аралығында антибиотиктерді дұрыс қолдануды насихаттау масқатында "Дүниежүзілік антибиотиктер апталығы" атап өтіледі. Ұйым мәліметінше, жыл сайын 11 миллионға жуық адам инфекциялық аурулардан көз жұмады. Covid-19 пайда болғалы өлім саны күрт артқан. Бүгінде коронавирус жұқтырып қайтыс болғандар саны 1,33 миллионға жетті. Пандемия кезінде вирусқа қарсы препараттармен қоса бактерияға қарсы препараттарға сұраныс артты. Медицина мамандарының айтыунша, дәрігердің тағайындауынсыз өз бетімен антибиотик қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Осы орайда Қарағанды медицина университетінің клиникалық фармакология және дәлелді медицина кафедрасының профессоры Екатерина Юхневич антибиотикті дұрыс пайдаланбау мен оларға деген төзімділіктің қалыптасуы неге әкеп соқтыратынын айтып берді.

"Микробқа қарсы препараттарға деген тұрақтылық медицина негіздеріне қауіп төндіреді. Антибактериалды препараттар аурудың алдын алу және емдеу шаралары үшін қолданылуы тиіс болса да, оны дұрыс емес және негізсіз пайдалану барлық елдің, соның ішінде Қазақстанның медицинасына да қауіп төндіреді", – деді профессор.

Оның сөзінше, адам ағзасында бактериялар өте тығыз орналасқан. Ішекте, ауыз қуысында, өкпеде, тыныс алу жолдарында, шырышты қабаттарда және теріде бактериялардың болуы – адамның қалыпты микрофлорасы. Адамның қалыпты өмірі үшін бұл өте маңызды. Бірақ, белгілі бір жағдайларда патогендік бактериялар ағзаға енгенде немесе шартты түрде ағзадағы қалыпты бактериялар белсенді көбейе бастаса, адам сырқаттанады.

Оқи отырыңыз: Пневмония белгілері қандай және қалай оның алдын алуға болады?

Антибиотиктер пайда болғанда, яғни, жарты ғасырдан астам уақыт бұрын пенициллин ойлап табылған соң пневмония, туберкулез, менингит сияқты аурулар адамзат үшін қауіпті болмай қалды.

Қазақстанда қазіргі таңда антибиотиктер мен препараттардың барлық негізгі класы ұсынылған. Олардың ассортименті өте алуан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары дәрі-дәрмектерді үш санатқа жіктейді:

  • Access – кең ауқымда қолдануға қолжетімді. Оларды науқастарға дәрігерлер ұсынады.
  • Watch – бақыланатын препараттар бірінші кезекте ұсынылады, бірақ инфекциялар аз болса, тағайындауда сақ болу керек.
  • Reserve – басқа дәрі-дәрмектер нәтиже бермеген ең қиын жағдайда пайдаланылады.

"Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бізде бактериялық инфекциялардың таралуы өте жоғары. Жылына төзімді штаммдар мен бактериялардың түрлерінен 700 мыңға дейін адам көз жұмады. Шара қолданылмаса, онда бұл сан арта түседі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай миллионға жетуі мүмкін. Препараттар ассортименті неғұрлым көп болса, соғұрлым төзімділік артады. Процесті тоқтату мүмкін емес. Бірақ, оны антибиотиктерді ұтымды пайдалану арқылы бәсеңдетуге болады", – деді Екатерина Юхневич.

Коронавирус пандемиясы әлемде антибиотиктерді қолдануға әсер етті. Әлеуметтік қашықтықты, жеке гигиенаны сақтау арқылы бактерияға қарсы препараттарды пайдалану күрт төмендеді. Алайда Қазақстанда антибиотиктерді қолдану айтарлықтай артқан, өйткені, кей адамдар оларды коронавирустан қорғайды деп есептейді.

"Адамдар коронавирустың қандай ауру екенін түсінбегендіктен дәріханаға асықты. Айналасында бәрі емделіп жатқанын көріп "емделмей қаламыз" деп қорықты. Алайда, коронавирус бактериялық ауру емес. Сондықтан оны ешқандай жағдайда антибиотиктермен емдеуге болмайды", – деді Екатерина.

Оның сөзінше, клиникалық хаттамада антибиотиктерді тағайындау ешқашан қарастырылмаған. Вирустық инфекция болғандықтан антибиотиктер оған әсер етпейді. Бірақ, кей адамдарда ауру ағымында бактериялық флора қосыла алады. Мұны тек мамандар көреді.

Оқи отырыңыз: Дәрі тапшылығы мен антибиотиктер зияны. Үйде емделушілерге арналған маңызды 18 сұраққа жауап

Антибиотиктерді тағайындау мен қолдану

Профессор Екатерина Юхневич антибиотик тағайындаудың 5 ережесін атады:

Дұрыс науқас

Симптомдар әрдайым бактериялық аурудың көрінісі бола бермейді. Бактериялық инфекция күдігі анықталса, антибиотиктерді тек дәрігер тағайындауы керек.

Дұрыс антибиотик

Тағайындау туралы нұсқаулар болған кезде қандай бактерияның қоздырғышқа айналғанын білу және болжау өте маңызды. Бұл дәрі-дәрмектің ішінен дұрысын таңдау үшін қажет. Барлық схема емдеу және диагностика бойынша ұлттық клиникалық хаттамаларда көрсетілген. Негізгі және жалпы ауруларға қатысты ұсынымдар да бар.

Дұрыс доза және оның ұзақтығы

Бірінші күннен бастап емдеу курсы бойы дәрі-дәрмектің оңтайлы дозасын қабылдау өте маңызды. Өз бетінше дозаны көбейтуге не кемітуге болмайды. Емдеу ұзақтығы сақталуы тиіс. Әдетте науқас екінші күннен аурудың белгілерін байқамай, дәріні ішуді тоқтатады. Бірақ, ағзада бактериялар көп болғандықтан, кейбіреуі аман қалып, бейімделуі әбден мүмкін. Сол себепті міндетті түрде дәріні қабылдау мерзімінің соңына дейін қабылдау керек. Тағайындаудың "алтын стандарты" – кем дегенде 7-10 күн.

Дұрыс уақыт

Антибиотик тиімді әсер етуі үшін бүкіл кезең бойы әр күннің тұрақты концентрациясын сақтау керек. Барлық дозаны бірден қабылдауға немесе мүлдем қабылдамай қоюға болмайды. Қабылдау жиілігі мен уақыттың тұрақтылығы өте маңызды. Дәрі-дәрмектердің тамақпен өзара әрекеттесуін нақтылауды ұмытпаңыз. Дәрі-дәрмекті тамаққа дейін ішу керек пе, әлде тамақтан кейін ішу керек пе мұны дәрігер айтуы тиіс.

Дұрыс қолдану

Дәрігерлер мен пациенттер бактерияға қарсы препараттардың таблетка формалары инъекциялық формалардан мүлдем кем емес екенін білуі керек. Науқаста жеңіл немесе орташа ауру болса, инъекция егуге болмайды. Олар тек ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған науқастар үшін қажет. Таблеткалар инъекцияға балама бола алады.

Заманауи препараттар жеткілікті дәрежеде қабылдауға қауіпсіз. Алайда кез-келген дәрі-дәрмектің жанама әсерлері бар.

"Әр науқастың жағдайына байланысты препарат қабылдауда жанама әсерлер болады. Науқастардың бірі мұндай әсерлерсіз-ақ емделіп шығады, ал енді бірінде дәрі-дәрмекті қабылдау кезінде ыңғайсыздықтар болуы мүмкін", – деді профессор.

Оқи отырыңыз: Коронавирус күш алған жағдайда балалар денсаулығы қалай қорғалады?

Препараттарды қауіпсіз қабылдау мақсатында антибиотиктерді өздігінен тағайындауға және қолдануға жол берілмейді. Екатерина Юхневич дәрігер қажет санамаса, одан дәрі-дәрмек тағайындауды талап ету негізсіз екенін айтады. Науқас дәрігердің ұсыныстарын орындауы керек. Өзіне көмектескен дәрі-дәрмекті жақындары не туыстарына ұсынуға болмайды. Себебі, бір адам қолданған антибиотик міндетті түрде басқа адамға жақсы әсер ететініне кепілдік жоқ.

"Кез келген инфекцияның алдын алу дегеніміз – антибиотикпен емделуден қашу. Инфекцияны жұқтырмау үшін салауатты өмір салтын ұстау керек: жиі қол жуу, тамақ дайындау кезінде тазалық сақтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, инфекция белісі бар науқастармен тығыз қатынасқа түспеу, медициналық тексерістен өтіп тұру, өз уақытында екпе жасату. Денсаулық бірінші кезекте қажыр-қайратты талап ететін ұзақ жұмыс. Антибиотиктерді ғажап дәрі деуге болады. Олар шынымен адам өмірін құтқарады. Бірақ, дұрыс қолданбау арқылы уақыт өте келе оның ықпалын әлсіретіп алу мүмкін", – дейді Екатерина Юхневич.

Ол антибиотиктер мен шөп дәрілерді араластырып пайдаланудың тиімділігіне де тоқталды.

"Кез келген комбинация дәрігермен келісілуі тиіс. Егер бір нәрсені тұрақты негізде қабылдайтын болсаңыз, онда сіз бұл туралы дәрігерге хабарлауыңыз керек. Мысалы, көпке таныс шайқурай деген шөп көбінесе аралас шөптік препараттардың құрамында бар. Шайқурай бауыр ферменттеріне қатты әсер етеді. Сондай-ақ, басқа препараттардың тиімділігі мен дозасын төмендетуі немесе арттыруы мүмкін. Соның салдарынан емдеу нәтижесіз болуы мүмкін немесе жанама әсерлер туғызады", – дейді Екатерина Юхневич.

Сондықтан профессор фитотерапиямен бірге антибиотиктерді қабылдауды дәрігер бақылауы тиіс деп есептейді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары