Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Он үшінші күн

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Іnformburo.kz он үшінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он екі күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

25 наурыз, он үшінші күн

Сағат: 09.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда жеті адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың:

  • бесеуі Нұр-Сұлтанда;
  • екеуі Алматыда тіркелді.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Сағат: 11.30. Сыртқы істер министрлігінің хабарламасы

СІМ баспасөз қызметі Сауд Арабиясынан 33 қазақстандық азаматтың эвакуацияланғанын хабарлады. Олар Джидда қаласынан Ақтауға жеткізілді. Сауд Арабиясында еліміздің 100 азаматы өз еркімен қалып отыр. Олар бұл елдің түрлі қалаларында келісім шарт бойынша жұмыс істейді.

Сағат: 11.30. Алматы әкімдігінің брифингі

Брифингті карантиннен кейін жұмысқа қосылған Алматы тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова өткізді. Ол 10 наурызда коронавирус жұқтырған азаматпен бір рейсте Франкфурттен Алматыға ұшып келуі себепті 14 күн карантинде болды. Айзат Молдағасымовадан вирус табылған жоқ.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Сағат: 13.00. Ұлттық банктің хабарламасы

Банктің баспасөз қызметі коронавирус пандемиясына байланысты "7-20-25" және "Баспана-хит" тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына өзгерістер енгенін хабарлады. Ипотекалық несие төлемақысы 90 күнге ешбір айыппұл және өсімпұлсыз шегеріледі. Мұндай жеңілдікті 16 наурыздан (төтенше жағдай жарияланған күн) бастап алуға болады.

Сағат: 16.00. Алматы және Нұр-Сұлтан әкімдіктерінің хабарламасы

Карантин енгізілген екі қалада қоғамдық көліктердің қозғалысында өзгерістер болатыны белгілі болды. Атап айтқанда, 26 наурыздан бастап қоғамдық көліктер 19.00-ге дейін ғана жолаушы тасымалдайды. Оған қоса, Нұр-Сұлтанда қала іргесіндегі ауылдарға қатынайтын № 301, 302, 303, 304, 306, 307, 313, 314, 319, 320, 321, 322, 326 маршруттар 28 наурыздан бастап қызметін уақытша тоқтатады.

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

Сағат: 16.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Шымкентте бір адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ол – бұған дейін вирус жұқтырған жанның анасы. Осымен Шымкентте вирус жұқтырғандар саны 2-ге жетсе, республика бойынша 80-ді құрады.

Сағат: 16.55. Ақорда хабарламасы

Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық биотехнология орталығында болғанын хабарлады. Мемлекет басшысы Covid-19 жедел анықтауға мүмкіндік беретін тест жүйесімен танысты.

Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

Сағат: 17.00. Ақпарат министрінің онлайн брифингі

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус жұқтырған қазақстандық екі азаматтың жазылғанын хабарлады. Олар ауруханадан 26 наурызда шығады.

Сағат: 17.50. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасы

Министрліктің баспасөз қызметі төтенше жағдай режиміне байланысты жұмысынан айырылғандардың жәрдемақы алу тәртібі бойынша түсініктеме берді.

  • 42 500 теңге әлеуметтік төлемді төтенше жағдай режиміне байланысты жалақы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген қызметкерлер ала алады;
  • төлем тек орта, шағын және микро бизнес қызметкерлеріне беріледі;
  • төтенше жағдай енгізілген күнге дейін соңғы 12 ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына үш айдан кем емес уақыт аударымдар жасалған болуы шарт.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі

Сағат: 18.25. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының хабарламасы

Корпорацияның баспасөз қызметі республика бойынша барлық ХҚКО жұмысын уақытша тоқтатқанын хабарлады. Дегенмен, мемлекеттік қызметтерді (80 пайызы электронды үкімет порталында қолжетімді) электронды форматта алуға болады.

Сағат: 19.55. Алматы әкімдігінің мәлімдемесі

26 наурыздан бастап дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінен өзге барлық сауда және қызмет көрсету нысандары жабылатыны белгілі болды. Олар:

  • азық-түліктік емес сауда орталықтары (ауданы 2 мың шаршы метрден кіші), жеке тұрған азық-түліктік емес дүкендер, автосалондар, автобөлшек салондары, гүл павильондары;
  • қызмет көрсету нысандары: химтазалау, кір жуу орталықтары, фотоательелер, фотосалондар, оптикалар, ломбардтар, жылжымайтын мүлік агенттіктері, автожуу орындары, техникалық қызмет көрсету станциялары.
Оқи отырыңыз: "АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары