Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 1 сәуір

Informburo.kz фотосы
Informburo.kz фотосы
Іnformburo.kz жиырмасыншы күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он тоғыз күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

1 сәуір, жиырмасыншы күн

Сағат: 08.15. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 5 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың ішінде:

  • 4 адам Түркістан облысында;
  • 1 адам Шымкентте тіркелді.

Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны бесеу болса, олардың төртеуі Нұр-Сұлтаннан келген коронавирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болғандар, ал біреуі Алматыдан келген.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

Сағат: 11.20. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 15 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:

  • 6 адам Нұр-Сұлтанда;
  • 6 адам Ақмола облысында;
  • 2 адам Алматыда;
  • 1 адам Қарағанды облысында тіркелді.

Сағат: 11.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қарағандыда коронавирус жұқтырған 62 жастағы ер адам көз жұмды. Ол ауруханаға 30 наурызда ауыр халде түскен, диагнозы – екі жақты пневмония.

Науқас реанимацияға жатқызылғанымен, жағдайы нашарлап, 1 сәуір күні таңертең жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Ол Теміртауда нотариус болып қызмет еткен, облыс аумағынан шықпаған. Оның туыстары (36 адам) мен онымен қарым-қатынаста болғандар (26 адам) оқшауланды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

Сағат: 11.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қызылорда облысында 6 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Осы уақытқа дейін облыста коронавирус жұқтырған 24 адам анықталған болса, олардың ішінде:

  • 15 адам Жаңақорған ауданында;
  • 6 адам Қызылорда қаласында;
  • 2 адам Қармақшы ауданында;
  • 1 адам Шиелі ауданында тіркелді.

Сағат: 13.15. Алматы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы

Алматыдағы инфекциялық стационарлардан 3 науқас жазылып шықты. Олардың бірі – 2 жасар сәби.

Сағат: 14.00. Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарламасы

Елордада түрлі тұрғын үй кешендерінің 15 подъезді уақытша жабылды. Бұл үйлердегі вирус жұқтырғандар стационарға жатқызылып, олармен байланыста болғандар анықталған.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

Сағат: 16.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 3 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:

  • 1 адам Ақтөбе облысында;
  • 1 адам Алматы облысында;
  • 1 адам Қызылорда облысында тіркелді.

Сағат: 17.40. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің брифингі

Министр Дәурен Абаев қаңтардан бері коронавируспен күреске Үкімет резервінен 23,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.

Сағат: 18.30. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасы

10 пайызға артқан зейнетақы мен жәрдемақыларды ел азаматтары мамыр айынан бастап алатыны белгілі болды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылар 10% индексацияланатынын мәлімдеген болатын.

Толығырақ: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы

Сағат: 18.40. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Ақмола облысында 3 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрі де коронавирус жұқтырып, көз жұмған бірінші әйелмен байланыста болған адамдар:

  • екеуі – Қосшы ауылының 1998 және 1976 жылғы тұрғындары;
  • біреуі – Қоянды ауылында тұратын 2013 жылғы бала.

Сағат: 18.55. Маңғыстау облыстық әкімдігінің хабарламасы

3 сәуір сағат 00.00-ден облыс карантинге жабылатыны белгілі болды. Қалаға кіру мен одан шығуға тыйым салынып, елді мекендер арасында адамдардың қозғалысы шектеледі.

Сағат: 20.35. Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарламасы

Теміртау тұрғынының коронавирус жұқтырып, қайтыс болғанынан кейін қала жабылды. Қала периметрі бойынша 3 блок бекеті қойылады.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Сағат: 21.10. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 5 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:

  • 2 адам Алматыда;
  • 2 адам Солтүстік Қазақстан облысында;
  • 1 адам Қарағанды облысында тіркелді.

Осымен 1 сәуір қорытындысы бойынша республикада вирус жұқтырғандар саны 380-ге жетті:

  • Нұр-Сұлтан – 184;
  • Алматы – 86;
  • Қызылорда облысы – 25;
  • Ақмола облысы – 19:
  • Атырау облысы – 16;
  • Қарағанды облысы – 15;
  • Алматы облысы – 9;
  • Түркістан облысы – 5;
  • Ақтөбе облысы – 4;
  • Жамбыл облысы – 3;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 5;
  • Шымкент – 3;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Павлодар облысы – 1.

Жазылғандардың жалпы саны – 26.

Көз жұмғандар – 3.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары