Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 78 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
30 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 10 858
- Алматы – 2 616;
- Нұр-Сұлтан – 2 106;
- Атырау облысы – 1 036;
- Қарағанды облысы – 873;
- Шымкент – 835;
- Батыс Қазақстан облысы – 621;
- Жамбыл облысы – 377;
- Түркістан облысы – 370;
- Қызылорда облысы – 371;
- Алматы облысы – 353;
- Ақтөбе облысы – 338;
- Павлодар облысы – 205;
- Маңғыстау облысы – 255;
- Ақмола облысы – 152;
- Қостанай облысы – 177;
- Шығыс Қазақстан облысы – 119;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 54.
Жазылғандардың жалпы саны – 5 220
Көз жұмғандар – 38
Коронавирус жұқтырған бір науқас көз жұмды
29 мамырда Шымкентте коронавирус инфекциясын жұқтыру слдарынан 1945 жылғы әйел көз жұмды.
Қазақстанда Covid-19 жұқтырып, қайтыс болғандар саны 38-ге жетті.
Атырауда 1 маусымнан бастап карантин алынады
Атырау облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігер Темірбек Мұсағалиев "Атырау қаласында карантин 8 маусымға дейін созылады" деген қаулыға өзгерістер енгізді. Атырау қаласында 1 маусым сағат 00.00-де эпидемиологиялық сақтық шаралары сақтала отырып, карантин алынады.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, маска тағу режимі және 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті талаптар ретінде қала береді.
Оқи отырыңыз: "Жаппай жазаланса да, сабақ алмады". Алматы полициясы блок бекеттегі көлік апаты туралы шындықты неге бұрмалады?
1 маусымнан бастап уақытша шектеулер алынып, қаулымен шектелген қызмет салаларын қоспағанда, барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың штаттық режимде жұмысы жаңартылады. Атырау қаласындағы және ауданаралық блок бекеттер алынып тасталады.
1 маусымнан бастап әуежайдың, теміржол вокзалының және автостанцияның жұмысы жаңартылып, автобус жолаушылар тасымалы мен такси қызметі іске қосылады.
3 маусымнан бастап күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, базарлар мен азық-түлік емес дүкендердің қызметі жаңартылады.
Алайда карантин Мақат ауданының Мақат кентінде, Жылыой ауданында және Теңіз кен орнында, соның ішінде "Теңізшевройл" компаниясының вахталық кенттері мен Covid-19 таралу ошақтары бар мердігерлік ұйымдарының эпидемиологиялық жағдай толық тұрақтанғанға дейін сақталады.
Қазақстанда кинотеатрлар жұмысы қайта жанданады
1 маусымнан бастап:
- фитнес және СПА орталықтары жұмысын бастайды;
- спорт және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады, бірақ көрерменсіз өтеді;
- мектепке дейінгі білім беру мекемелері, қосымша білім беру ұйымдары (бір топта 15 адамнан көп емес) және ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың жұмысы жанданады;
15 маусымнан бастап кинотеатрлар ашылады, бірақ санитарлық талаптардың сақталуы міндеттеледі.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушылар жазғы мектепте IV тоқсан сабақтарын оқи алады
5 маусымнан қалааралық автобустар қатынайды
Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, 5 маусымнан бастап автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы қалпына келтіріледі.
Жолаушыларды автобустармен тасымалдау кезінде тасымалдаушылардың тиісті жұмыс алгоритмі Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптары ескере отырып әзірленді:
- бағдардың соңғы пунктінде автобусқа дезинфекция жүргізу;
- жолаушыларды салонға маскамен ғана кіргізу;
- жолаушылардың 1 метр қашықтықты ұстануы;
- жүргізушіні қолғап, маскамен қамтамасыз ету, оны әрбір 2 сағат сайын ауыстыру;
- автопарк қызметкерін екі аптада 1 рет Сovid-19-ға теріс нәтиже туралы анықтама болған кезде ғана жұмысқа шығару сияқты талаптар қойылады.
Әкімдіктер жолаушы тасымалы кезінде коронавирустың таралуының алдын алуда тиімді болу үшін тасымалдау процесіне қатысушылардың осы алгоритмге сәйкестігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
Республикада 313 қалааралық бағыт бар. Оларды 610 автобуспен (сыйымдылығы 45-55 орындық III санаттағы автобус) 88 тасымалдаушы кәсіпорын атқарады.
1 маусымда Алматы балабақшаларында кезекші топтар ашылады
Карантин жағдайында балабақшалардың жұмысқа дайындығын объективті түрде бағалау мақсатында Білім басқармасының бұйрығымен құрамына эпидемиолог-мамандар, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері, аудандық әкімдіктер мен Nur Otan партиясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген 9 мониторингтік топ құрылды.
Оқи отырыңыз: "Жабылу алдындамыз". Карантин жеке меншік балабақшалар жұмысына қалай әсер етті?
Мониторингтік топ мүшелерімен мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтардың дайындығы тексеріліп жатыр. Балабақша дайындық актісін алғаннан кейін ғана ашылады.
Мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтарын ашу үшін келесі санитарлық-эпидемиологиялық режимді қатаң сақтауы қажет:
- балаларды кезекші топтарға учаскелік педиатрдың денсаулығы туралы берген анықтамасымен қабылдау, одан кейін бала 3 жұмыс күнінен артық болмаған жағдайда тексеріп қабылдау;
- баланы мектепке дейінгі ұйымдарға мына санаттағы тұлғалардың әкелуіне болмайды: соңғы 14 күнде коронавирус жағдайлары тіркелген шет елдерден және өңірлерден келген тұлғалар, жүкті әйелдер, 65 жастан асқан тұлғалар, өткір респираторлық ауру белгілері байқалған тұлғалар;
- қызметкерлерді жұмысқа Covid-19 (ПТР, күні 7 күннен кешіктірілмеген) зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі болуы ұсынылады.
Ақтауда жағажай және демалыс базалары ашылады
Маңғыстау облыстық бас санитар дәрігер қаулысына сәйкес өңірде 1 маусымнан бастап карантиндік шаралар жеңілдейді.
- 6.00-23.00 аралығында қозғалуға рұқсат етіледі;
- спорт залдардағы спорттық жаттығуларға жұмыс регламентін шектеусіз, ғимарат ішіндегі адам санын 30% дейінгі сыйымдылықпен қамти отырып рұқсат етіледі;
- қоғамдық тамақтану орындарына, дәмханалар мен мейрамханалар (тойханаларды қоспағанда) 50 адам отыратын орыннан асырмай, эпидемияға қарсы шараларды және ара қашықтықты қатаң сақтай отырып сағат 23.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат етіледі;
- жағажай және демалыс базалары эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтай отырып жұмысын бастайды;
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралады. Ол үшін не істеу керек?
- қоғамдық моншаларға және СПА орталықтарына ішіндегі адам санын 30% дейінгі сыйымдылықпен қамти отырып жұмыс жасауына рұқсат беріледі;
- сауда ойын-сауық орталықтары сағат 9.00-22.00 аралығында қызметін жалғастырады. Бірақ, кинотеатрлар мен балалардың ойың алаңдарына және мұз айдындарына уақытша рұқсат етілмейді;
- Жетібай мен Мұнайшы ауылдарына кіру және шығуға шектеу қойылады (яғни, блок бекеттер орналастырылады);
- мекемелерде қызметкерлердің 50%-ы үшін қашықтан жұмыс жасату тәртібі жалғасады.