Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 29 мамыр оқиғалары. Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 450 адам тіркелді

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Коронавирус жұқтырғандар саны 10 382-ге жетсе, соңғы тәулікте 157 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 77 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

29 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 10 382

  • Алматы – 2 499;
  • Нұр-Сұлтан – 1 957;
  • Атырау облысы – 1 024;
  • Қарағанды облысы – 829;
  • Шымкент – 813;
  • Батыс Қазақстан облысы – 580;
  • Жамбыл облысы – 370;
  • Түркістан облысы – 364;
  • Қызылорда облысы – 346;
  • Алматы облысы – 349;
  • Ақтөбе облысы – 338;
  • Павлодар облысы – 205;
  • Маңғыстау облысы – 224;
  • Ақмола облысы – 151;
  • Қостанай облысы – 165;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 114;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 54.

Жазылғандардың жалпы саны – 5 057

Көз жұмғандар – 37

Қазақстандықтар енді басқа қалаларға өз көлігімен бара алады

Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов қазақстандық көлік жүргізушілеріне басқа қалаларға қатынауға рұқсат берілгенін хабарлады.

"Маусымның 1-нен бастап блок бекеттер алынады. Соған орай, аймақтар мен облыс орталықтарының арасындағы көлік қатынастары қайта жанданады. Осылайша, тұрғындар енді тек автобус не пойызға мінбей, өздерінің жеке көлігімен де жолға шыға алады", – деді Сәдуақас Байғабылов.
Мұның алдында Қазақстанның барлық аймағындағы блок бекеттердің 1 маусымнан бастап ашылатыны белгілі болған еді. Бас санитар дәрігердің талабы бойынша жасалған алгортимге сәйкес, тасымалдаушылар автобустарға үнемі дезинфекция жүргізіп отыруы тиіс. Сол сияқты жолаушылар көлікке тек медициналық маскамен ғана кіруге міндетті. Олар кем дегенде 1 метр ара қашықтықты сақтауы қажет. Жүргізушілер де медициналық қолғаппен, маскамен қамтамасыз етіліп, өз уақытында ауыстырып отыруы керек.

Алакөлде демалыс маусымы 19 маусымда ашылады

"Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы басшысының орынбасары Қанат Әлмағамбетов 1 маусымнан бастап Достық бекетіне дейін баратын екі пойыз жүре бастайтынын хабарлады.

"10 маусымнан кейін қалған пойыздар іске қосылады. Алакөл 19 маусымда ашылады деп жоспарлап отырмыз. Жолаушылар пойызын да іске қосу жоспарда бар", – деді Қанат Әлмағамбетов.

Оның айтуынша, билеттер бағасы өспейді, жыл басында бекітілген тариф бойынша қалады. Ал, мемлекетаралық пойыздар әзірше тек ел ішінде ғана жүреді.

"Бағалар бұрынғы қалпында тұр. Сонымен қатар, біз динамикалық баға өзгерту процесін де тоқтаттық. Бұрын жолаушы пойызға 45 күн бұрын билет алса, оған арзандау баға, ал 2 күн қалғанда билет алған адамға қымбаттау баға ұсынатынбыз. Ал, қазір әлеуметтік маңызы бар бағыттарда мұндай баға өзгерісін алып тастадық. Дәл қазіргі жағдайда жолаушылар өздерінің саяхатын алдын ала жоспарлай алмайтынын жақсы түсініп отырмыз", – деді "Қазақстан Темір Жолы" өкілі.

Оқи отырыңыз: "Олардың жүрген жолында қабірлер мен мәйіттер қалатын". Сара Камеронның "Аштық жайлаған дала" еңбегі

Коронавирус жұқтырған 6 адам жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырылды

Бүгін Covid-19 жұқтырған 6 науқас жансақтау бөлімінен шықты. Олардың қатарында Нұр-Cұлтан қаласының 2 тұрғыны, Алматы қаласының 2 тұрғыны, Қарағанды және Қызылорда облысының тұрғындары бар. Жалпы алғанда, Қазақстанда қазірге дейін 166 науқас жансақтау бөлімінен тұрақты палатаға ауыстырылған.

28 мамыр күні Қазақстанда Сovid-19 жұқтырған 356 адам тіркелді. Осылайша, вирустың таралу көрсеткіші 3,7 пайызға жетті. Елордада 28 мамыр күні жаңадан тіркелген 48 жағдайдың ішінде 96 жастағы қария мен туғанына 16 күн ғана болған нәресте бар.

Оқи отырыңыз: Бақытжан Сағынтаев: Карантин кезінде Алматы экономикасы 9,2%-ға төмендеді

Маусым айында балабақша, жаттығу залы, кинотеатр және спа-орталықтар ашылады

Covid-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия 1 маусым күні Қазақстанда фитнес-орталықтар, спа-салондар, балабақшалар ашылатынын хабарлады. Ал, кинотеатрлар 15 маусым күні жұмысын бастайды. Барлық мекемелер санитарлық талаптарды сақтауға міндеттеледі.

Балабақшалар мен қосымша білім беру мекемелеріне біршама шектеулер қойылған. Атап айтқанда, бір топта көп дегенде 15 баланың болуына рұқсат етіледі. Сондай-ақ, 1 маусымда ғылыми-зерттеу институттары мен ғылым орталықтары жұмысын қайта бастайды.

Маусымнан бастап, көптеген нысандар іске қосылатынын ескере отырып, Covid-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия қазақстандықтарға санитарлық талаптарды қатаң сақтап, маска тағып, арақашықтықты сақтап жүруі керектігін ескертеді.

Оқи отырыңыз: "Болашақ педагогтер стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өседі". ҰҚСК үшінші отырысында айтылған маңызды мәселелер

Біртанов: қазақстандықтардың қозғалысын шектеуге еш негіз жоқ

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан аймақтарындағы коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші теңелгенін хабарлады.

"Эпидемияға қарсы шаралар, оның ішінде шектеулер сол күйінше қалады. Ал, аймақтар арасындағы қозғалысқа рұқсат берілгені - облыстар арасында вирусты жұқтыру көрсеткіші теңелгенінің нәтижесі. Сол себепті, бұдан былай тұрғындардың қозғалысын шектеуге негіз жоқ", – деді министр.

Біртановтың айтуынша, карантин режимі жеңілдегенімен, қазақстандықтар сақтық шараларын ұмытпауы тиіс.

"Тұрғындар өндіріс орнында, жұмыста, қоғамдық орындарда, көлікте эпидемияға қарсы шараларды орындауға міндетті. Мұндай сақтық вирус жұқтырғандар санының күрт көбейіп кетпеуінің алдын алады", – деді министр.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары