Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 19 мамыр оқиғалары. Маусымда басталуы тиіс халық санағы кейінге шегерілді

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 311 адам анықталып, 129 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 67 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

19 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 6 751

  • Алматы – 1 872;
  • Нұр-Сұлтан – 1 287;
  • Атырау облысы – 769;
  • Шымкент – 435;
  • Батыс Қазақстан облысы – 329;
  • Қарағанды облысы – 263;
  • Қызылорда облысы – 250;
  • Түркістан облысы – 240;
  • Ақтөбе облысы – 228;
  • Алматы облысы – 212;
  • Жамбыл облысы – 208;
  • Павлодар облысы – 167;
  • Маңғыстау облысы – 162;
  • Ақмола облысы – 134;
  • Қостанай облысы – 98;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 58;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 39.

Жазылғандардың жалпы саны – 3 598.

Көз жұмғандар – 35.

Маусымда өтуі тиіс халық санағының бірінші кезеңі кейінге шегерілді

Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына және карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жалпыұлттық халық санағының дайындық кезеңі 27 шілде – 25 тамыз аралығына ауыстырылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабарлады.

Бұған дейін 1-30 маусым аралығында халық санағын жүргізуге дайындық кезеңін өткізу жоспарланған болатын. Бұл мерзімде интервьюерлер – әрбір елді мекендегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайын, онда тұратын адамдардың нақты санын анықтайды деп көзделген еді. Ал санақтың екінші кезеңі, яғни негізгі жұмысқа өзгерістер әзірге енгізілген жоқ. Жоспар бойынша, 1-30 қазан аралығында халық санағы жүргізілмек. Шараға мемлекеттік бюджеттен 8,2 млрд теңге жұмсалады.

Оқи отырыңыз: Халық санағы. Қазақстандықтар қандай сұрақтарға дайын болуы керек?

Түлектер соңғы қоңырауда бетперде тағуға міндетті

Биыл 25 мамырда еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау соғылмайды. 1-10 сынып оқушылары үшін дәстүрлі салтанатты рәсімнің орнына онлайн режимде іс-шара өтеді. Ал 11 сыныпты бітіріп жатқан түлектер үшін соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру 3-4 маусымда өтеді. Білім және ғылым министрлігі ұсынған мектеп бітіру іс-шараларын өткізу тұжырымдамасы төмендегіше:

  • Іс-шара тек бітіруші түлектерге мектеп аумағында, ашық алаңда өтеді;
  • Аттестаттар әр сынып үшін бөлек табысталады;
  • Аттестат табыстау шараларының аралығы кемінде 20 минутты құрауы керек (Алматы үшін 1 сағат);
  • Түлектер рәсімге мектеп формасында қатысады;
  • Әрбір түлекпен 1 немесе 2 ата-анасы қатыса алады;
  • Маскалық режимді міндетті түрде қамтамасыз етіп, арадағы 2 метр қашықтықты сақтау керек;
  • Түлектердің отбасыларына олардың егде жастағы аталары мен әжелерін шараға қатыстырмау ұсынылады.

Келесі шараларға жол берілмейді:

  • Мектепке немесе мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинау;
  • Ивент-агенттіктерді, аниматорларды шақыру;
  • Мерекелік дастархан жасап, салтанатты шара өткізу;
  • Автокөліктерді жалға алып, қала ішінде экскурсия жасау;
  • Мейрамхана, дәмхана және көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыру.

Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді

Алматыда ҰБТ тапсырушылар қауіпсіздігіне білім ордасының бірінші басшысы жауапты

20 маусым мен 5 шілде аралығында қалада ҰБТ өткізіледі. Оған 9 047 түлек қатысады. Тестілеу әдеттегі дәстүрлі форматта болады. Бірақ барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Түлектердің қауіпсіздігіне жауапкершілік бірінші басшылардан талап етілетін болады. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді. ҰБТ қаланың келесі 8 жерінде өткізілмек:

  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
  • Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
  • "Нархоз" университеті;
  • Халықаралық білім беру корпорациясы;
  • Халықаралық Бизнес Университеті;
  • Қазақ ұлттық әйелдер педагогикалық университеті;
  • Алматы технологиялық университеті.

Оқи отырыңыз: Пәтер жалдап тұратындар коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге ала алмайды. Маңызды 8 сұраққа жауап

Қазақстанда коронавируспен күрескендер "Халық алғысы" медалімен марапатталады

Қазақстанда коронавирустық инфекциямен күресте ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттау үшін "Халық алғысы" медалі тағайындалмақ. Ел Президенті жарлығының тиісті жобасы "Ашық үкімет" сайтында жарияланды.


«Халық Алғысы» медалі

"Халық Алғысы" медалі / Президент жарлығы жобасының сипаттамасынан алынған сурет


"Медальмен коронавируспен күресте ерекше көзге түскен ҚР азаматтары марапатталады. Марапатқа лайықтыларды ҚР Президентіне Парламент палаталары, Үкімет, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, министрліктер, өзге де орталық мемлекеттік органдар, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент, облыстар әкімдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер ұсынады" делінген марапаттау тәртібінің ережесінде.

Медальді Қазақстан Президенті өз қолымен тапсырады. Сондай-ақ оның атынан және оның тапсырмасы бойынша награданы: мемлекеттік хатшы, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері және Президент уәкілеттік берген басқа да лауазымды адамдар тапсыра алады.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың карантиннен шығуы неге қиын? Сараптама

ЕАЭО елдері арасында пандемия салдарынан туындаған шектеулер алынады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында одақтас елдерде коронавирус пандемиясы кезінде туындаған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңмен алудың жоспарын әзірлеу қажеттігі туралы мәлімдеді.

"Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ, бір жағынан азаматтарымыздың денсаулығын сақтайтын, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың тиімді механизмдерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде, одан кейінгі шектеулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қызметтердің, шекаралық ведомстволардың жұмысы жүйелі болуы маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференциясы

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференциясы / Ақорда сайтының суреті


Оқи отырыңыз: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы мен биологиялық қауіпсіздік кеңесі. Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселелер

БҰҰ Бас хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Covid-19 пандемиясын және оның салдарын жою аясында БҰҰ мен Қазақстанның қабылдаған нақты іс-шаралары талқыланды. Бас хатшы індетке қарсы күреске қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Бас хатшы азаматтардың денсаулығын сақтау, халықтың жағдайы төмен топтарына қаржылай көмек көрсету, бизнесті қолдау және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі жаңа экономикалық бағытты айқындау мақсатында Қазақстанның қабылдаған шараларын құптады.

"Сонымен қатар Антониу Гутерриш Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына төрағалық етуіне оң баға беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевты "Covid-19 тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландырудың жоғары деңгейдегі сегменті" атты форумға қатысуға шақырды. Аталған шара 28 мамыр күні бейне конференция форматында өтеді. Оған бірқатар елдің басшылары мен көптеген институттардың жетекшілері қатысады. Коронавирус эпидемиясы жалғасқан жағдайда артта қалған және дамушы мемлекеттерге қолдау көрсету мәселесін талқылау жиынның басты тақырыбы болмақ" деп хабарлады Ақорда сайты.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі Алматының алғашқы күні. Фоторепортаж

20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда қызметін қайта бастайтын нысандардың жұмыс тәртібі әзірленді

20 мамырдан бастап елордада сауда үйлері, сауда ойын-сауық нысандары және қоғамдық моншалар жұмысын бастайды. Олар әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейді. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Правлиева тұрғындар мен нысан иелерін төмендегі сақтық шараларын қатаң ұстауға шақырды:

  • Сауда бутиктеріндегі сатып алушылардың саны 5-тен аспауы тиіс;
  • Кем дегенде 2 метр әлеуметтік қашықтық сақталуы керек;
  • Кезекте тұрғанда, касса маңында, сауда аймағында және киім өлшеу бөлмелерінде сатып алушылар арасында кемінде 2 метр алшақтық белгілері болуы қажет;

Бассейні жоқ моншалар мен сауналар:

  • Жұмыс кестесі 9:00-ден 18:00-ге дейін алдын ала жазылу бойынша;
  • Жобалық сыйымдылығының көп дегенде 30%-ына ғана қабылдау;
  • Қызметкерлердің келушілермен тікелей байланысын азайту.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу

Атырауда мейрамхана мен дәмханалардың қандай жағдайда ашылатыны белгілі болды

Атырау облысының Бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар туралы айтты. Ол өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде мейрамханалар мен дәмханалар қызметіне 25 мамырдан бастап рұқсат берілуі мүмкін екендігін мәлімдеді. Десе де, облыс тұрғындары бос уақыттарын қоғамдық тамақтану орындарында өткізуі үшін мейрамхана иелері дайындықты қазірден бастау керек. Әрі мына шараларды сақтауы тиіс:

  • Тамақтану орындарында қызметкерлер мен келушілердің ара-қашықтығы сақталуы керек;
  • Мейрамханалар мен кафелерде желдету жүйесі жақсы күйде болуы шарт. Міндетті түрде ғимарат ішін желдетіп, ауасын тазартып тұру қажет;
  • Тамақтану орындарында тұрақты бактерицидтік шамдар орнатылуы тиіс. Бұл коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайтады;
  • Мейрамханалар мен кафелердің кіре берісіне дезинфекциялық тосқауылдар (кілемшелер) қойылуы керек;
  • Үстелдердің орналасуы біркелкі болғаны жөн, олардың арасы 1,5-2 метр қашықтықта болуы тиіс;
  • Ғимарат ішінде санитарлық және дезинфекция жұмыстары уақтылы жүргізіп, қызметкерлерге санитайзер мен медициналық маскаларды қолдану міндетті болып саналады.

Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе

Үкімет Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады

Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылдады. Ол іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау, халықтың табысын арттыру жөніндегі 10 бағыттан, 172 жүйелі және салалық шаралардан тұрады. Іс-шараларға мыналар кіреді:

  • Қаржыландыру және жеңілдікті несие беру, оның ішінде микробизнес тетіктерін кеңейту;
  • Экспорттық шығындарды кепілдендіру және өтеу құралдарын белсенді қолдану;
  • Форвардтық және ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу практикасын енгізу;
  • Жүктемені төмендету және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету;
  • Салықтар мен қарыздар бойынша преференциялар мен төлемді кейінге қалдыруды қолдану;
  • Жекелеген айыппұлдар мен алымдарды жою, әкімшілік кедергілерді азайту.

"Кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар салалардың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл салаларда 6 млн-нан аса адам жұмыспен қамтылған", – деді Премьер-министр Асқар Мамин.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары