Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 14 мамыр оқиғалары. Ата-аналардың екпеден бас тарту құқығы сақталады

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 154 адам анықталып, 123 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 62 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады

14 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 5 571

  • Алматы – 1 678;
  • Нұр-Сұлтан – 1 148;
  • Атырау облысы – 457;
  • Батыс Қазақстан облысы – 272;
  • Шымкент – 250;
  • Қызылорда облысы – 231;
  • Қарағанды облысы – 204;
  • Жамбыл облысы – 199;
  • Түркістан облысы – 196;
  • Алматы облысы – 190;
  • Ақтөбе облысы – 184;
  • Павлодар облысы – 155;
  • Маңғыстау облысы – 138;
  • Ақмола облысы – 110;
  • Қостанай облысы – 68;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 55;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 36.

Жазылғандардың жалпы саны – 2 531.

Көз жұмғандар – 32.

Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда қолданылатын екпелердің қалай сертификатталатыны туралы айтты

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әрбір вакцинаның қауіпсіздігін анықтау үшін бірнеше сатыдан тұратын тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, бұған дейін денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір заң осындай ашық әрі ауқымды талқылаудан өтпеген екен.

"Соңғы кезде әлеуметтік желілерде Кодекстің қабылдануына қарсы талқылаулар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде сапасыз вакциналар, жөн-жосықсыз сатып алу мен вакциналарды дұрыс тасымалдамау және одан бас тартушылар санының көптігі туралы шындыққа жанаспайтын әңгімелер айтылуда. Бұл қоғамдық сананы ашық түрде манипуляциялау деп санаймын.
Қазақстанда екпе салу мәжбүрлеп жүргізілмейді, олай болған да емес. Бүкіл әлемде бар практика секілді, біздің елімізде де ерікті түрде салынатын және міндетті вакциналар бар. Қандай жағдайда да ата-аналардың ақпараттандырылған келісімі немесе екпеден бас тарту құқығы бар. Екпе алмаған балалар құқығын шектейтін ешқандай норма жоқ. Ұжымдық иммунитетті, яғни балабақшаларға баратын барлық балалардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін бір ғана норма бар", ‒ дейді министр.

Біртановтың айтуынша, 2019 жылы Қазақстанда 4 841 334 балаға екпе салынса, оның ішінде тек 6 003 баланың ата-анасы екпеден бас тартқан. Сол екпе егілген 4 841 334 баланың тек 143-інен температураның көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы сияқты жағымсыз белгілер байқалыпты. Сонымен қатар, Қазақстанда 2019 жылы екпеден қайтыс болған балалар тіркелмеген.

"Осы сандар бәріне дәлел бола алады. Айта кету керек, Қазақстанда әрбір вакцина тиісті өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкес келетін көпсатылы тексеруден өткізіледі", ‒ дейді Елжан Біртанов.

Оқи отырыңыз: Мешіттер 18 мамырда ашылады. Намаз оқу, құран оқыту және неке қидыруға қандай талаптар қойылады?

Сеулден Павлодарға 156 қазақстандық ұшып келді

14 мамыр күні Павлодар әуежайына Токио ‒ Сеул ‒ Павлодар бағытымен ұшып келген эвакуациялық борт қонды. Әуе кемесіндегі жолаушылардың барлығы ‒ қазақстандықтар.
Токиодан ұшар алдында азаматтар термометриядан өткен. Елге оралған кезде оларды арнайы қорғаныс костюмін киген эпидемиологтар мен медицина қызметкерлері қарсы алды. Іс-әрекет алгоритміне сәйкес, шетелден келгендерден сауалнама алынып, термометрия жүргізілді, оларға қорғаныс маскалары берілді. Жүк пен әуе кемесі арнайы дезинфекциялық өңдеуден өтті.
Жолаушылардың бойында вирус бар-жоғын анықтау үшін анализ алынды. Оның нәтижесі белгілі болғанға дейін жолаушылар карантиндік госпитальде болады. Коронавирус инфекциясының белгілері анықталған жағдайда науқастар жұқпалы аурулар госпиталіне жатқызылады.

Оқи отырыңыз: Пәтер жалдап тұратындар коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге ала алмайды. Маңызды 8 сұраққа жауап

Теміржол вокзалдарындағы санитарлық-карантиндік шаралар тізімі бекітілді

Қазақстанда 1 маусымнан бастап теміржол жолаушылар тасымалының ашылуына байланысты Көліктегі Бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығарылды. Онда теміржол вокзалдарының басшылығы, теміржол көлігінде қызмет көрсететін тасымалдаушылар мен ұйымдар қатаң ұстануға тиісті негізгі санитарлық-карантиндік шаралар жазылған.

Негізгі талаптар:

  • Вокзал ғимаратына маска және жол жүру билеті болған жағдайда ғана кіруге болады;
  • Ғимаратқа кірер алдында вокзалдың қауіпсіздік қызметінің мамандары жолаушыларды байланыссыз термометрия арқылы тексереді;
  • Вокзалдар мен пойыздардың жұмысын қайта бастағанға дейін кондиционерлеу жүйесін тексеру және сүзгілерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуі тиіс;
  • Жолсеріктер пойыздарда жолаушылардан сауалнама алуы қажет;
  • Пойыздарда дезинфекциялық режимді күшейту;
  • Пойыздардың қызметкерлері мен мамандары қорғаныш маскалары мен қолғаптар киюге міндетті;
  • Жолаушыларға вагоннан вагонға орын ауыстыруға болмайды;
  • Пойыздарда антисептиктер, дәрілік және зарарсыздандыру заттары молынан болуы қажет.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі Алматының алғашқы күні. Фоторепортаж

Алматыда коронавирусқа қарсы күреске 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аталған соманың ішінде 202 млн теңге медицина қызметкерлерінің қонақүйде тұруына жұмсалған. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 419 821 800 теңгеге вирус жұқтырған науқастарды тасымалдайтын екі камера, 10 дана биологиялық EBO-10 комбинезоны, дәрілер, бетперде және медициналық қолғаптар сатып алыныпты.

Ал, жергілікті бюджеттен коронавирусқа қарсы күреске 554 839 000 теңге бөлінген. Бұл соманың бір бөлігіне (202 млн теңге) медицина қызметкерлерін орналастыру үшін қаладағы 12 қонақүймен келісімшарт жасалған. Жұқпалы аурулар және провизорлық стационарларда карантин режимінде жатқан науқастардың күнделікті тамағына 248 млн теңге жұмсалыпты. 94 млн теңгеден астам қаражатқа қорғаныс құралдары сатып алынған. Бұл заттарды сатып алу процесін "СК-Фармация" бірыңғай дистрибьюторы мен Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүзеге асырған.

Серіктестер жаңалықтары