Тікелей эфир

Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
2020 жылы Алматы облысының 34 мың тұрғыны бар Кеген ауданына 84 мың турист келген.

Алматы облысының Кеген ауданы негізінен аграрлық салаға маманданғанымен соңғы жылдары мұнда туризм де қарқынды дамып келеді. БАҚ өкілдері арнайы барып, Көлсай мен Қайыңды көлдері сән берген өлкенің тынысымен танысып қайтты.

Бұл жерде 1928 жылы 15 қазақ үйлі Қарқара ауданы құрылған. 1932 жылы аудан Кеген бекетіне көшіріліп, Кеген ауданы деген ат берілген. 1934 жылы қазіргі Ұйғыр ауданы, 1936 жылы қазіргі Райымбек ауданы Кегеннен бөлініп шыққан. 1961 жылы Кеген ауданы мен Нарынқол ауданы қосылып, 1965 жылы қайта бөлінеді. 1997 жылы екі аудан қайта қосылып, 2018 жылы Президент жарлығымен Кеген ауданы Нарынқолдан бөлініп, жеке ауданға айналды.

Кеген ауданында 34 елді мекен бар, 34 мыңнан астам халық тұрады. 32 мектепте 5 450 оқушы білім алады. Оларға 960-қа жуық мұғалім білім береді. 2020 жылы ауданда бес мектеп күрделі жөндеуден өткен. 

Ауданда 2020 жылы өнеркәсіп саласы бойынша 17 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Тартылған инвестиция көлемі 6 млрд 100 млн теңгені құраған. Кеген – аграрлы аудан. Мұнда 1 500-ден астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 30 млрд 700 млн теңгеге жеткен. Аудан көлемінде алғашқы мал етін өңдейтін кәсіпорын ашылып жатыр. Тауарлы сүт фермасын ашу жоспарланып отыр. 

КСРО кезінде ауданда қорғасын өндіретін "Тұйық" деген кен орны болған. Тәуелсіздік алған соң нысан жабылған. Кен орнын қайта іске қосу жоспарланып отыр. Жер телімдері, рұқсат беру құжаттары дайын. Ескі шахтаның ішін беріктендіру жұмыстары біткен соң қыркүйек айынан бастап қорғасын өндірілмек.

Пандемияға қарамастан ауданға 84 мың турист келген

Кеген ауданында Қазақстанның он маржанының қатарына енетін Көлсай мен Қайыңды көлдері орналасқан. Бұрындары туристер жазда көптеп келсе, қазір туризм маусымы жыл он екі айға ауысқан. 2018 жылы Көлсайға жол салынбай тұрғанда жылына шамамен 24 мың ғана турист келетін.

"Саты ауылы аудан көлемінде туризм ең дамыған ауыл. Көлсай мен Қайыңдыны көруге 2019 жылы 90 мыңға жуық турист келсе, 2020 жылы пандемияға қарамастан 84 мың турист келді. 12 млн теңге сомасында ақылы туристік қызметтер көрсетіліп, халыққа туризмнен 20 млн теңге түсім түскен. Туризм саласын дамытуға байланысты "Көлсай көлдері" ұлттық паркі маңында алты жоба іске қосылмақ. Бұл туристерге еуропалық стандарттарға сай сапалы қызмет көрсету мақсатында қолға алынып отыр", – деді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов. Фото авторы Нұртай Бердәзім

2021 жылы қонақ қабылдайтын төрт кешен, "Теміртау" эко-ауылы мен панто-сауықтыру орталығы ашылады. Аудан көлемінде Саты ауылы мен Қарқара жайлауына туризм тарту көзделген.

Әкімдік жергілікті азаматтарды тарта отырып қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында аудан тұрғындарын оқытуды көздейді. Талғат Байеділовтің сөзінше, Саты ауылындағы кәсіпкер өз ақшасына Алматыдан мамандарды шақырып бір апта тегін курс өткізген. Тұрғындар өз бетінше ағылшын тілін үйреніп жүр. Дегенмен шетелдіктерге сапалы қызмет көрсету үшін ағылшын тілін үйрету курстарын ашу да жоспарда бар.


Оқи отырыңыз: Қайыңдыға жол түсіп, бөгет салынады. "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде экотуризм қалай дамиды?


Қайыңды жолы 2022 жылы салынып бітеді

Аудан көлемінде 230 шақырым республикалық маңызға ие жол бар. Былтыр Саты мен Жалаңаш ауылдары арасындағы 32 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен. Дегенмен аудан арасында ескірген жолдар бар. Оларды жөндеуге "ҚазАвтоЖол" қаржы бөлген. 

Саты ауылынан Қайыңдыға баратын жол – 12 шақырым. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықса, бюджеттік өтінім беріп, екінші жарты жылдықта жол салу жұмыстары басталады. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржы – 2 млрд 200 млн теңге.

"Қайыңдыға барар жол жабылмайды. Жаңасы сол жолдың жанынан салынады. Туристердің келуіне еш кедергі жоқ. Салынатын жолдың 7 шақырымы – асфальт, бес шақырымы – табиғи тас жол. Қайыңдыдан төменге қарай өзен ағып жатыр. Жол бойында екі жерден көпір салынады. Сондықтан да көпірдің құрылысы жолдан қымбатқа түсіп отыр. Құрылыс 2022 жылдың жазында бітеді деген жоспар бар", – деді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов. 

Қырғыз Республикасына қарай Ереуіл мен Мыңжылқы арасындағы 12 шақырым жол жөнделген. Мыңжылқыдан қырғыз еліне қарай үлкен "Хан Тәңірі" халықаралық альпинистік лагері орналасқан. Екі жылдан бері туристер лагерьден тікұшақпен шығып, шыңға саяхаттай алады. Осы жерде туризмді дамыту мақсатында бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, 20 шақырым жол жөнделмек. 

Мұзтау қалай пайда болды?

Бөлексаз бен Шырғанақ ауылдарының арасында туристер "Мұзтау" деп атап кеткен орын бар. Келетін туристерге есеп жүргізілмейді. Келіп көремін деген адамның өз еркі, ешқандай қорғаудағы жер емес. Бұл табиғи құбылыс қыс кезінде өзі пайда болады. Бұл жер шаруа қожалықтың жері. Жазда субұрқақ секілді аспанға атқылап тұрады. Қыста су қатып, өзінше көрік береді.

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековтың сөзінше, мұнда ұңғыманы бұрғылап, артезиан суы шыққан. Малға азық ретінде егілетін көпжылдық шөптерді суаруға пайдаланылады. Құбыр өздігінен тесіліп, жер асты суының қысымымен су атқылап тұр. Судың температурасы – 10-14 градус.

"Жер асты суы жер бетіне жақын. Көрші ауыл жері саз болғандықтан Бөлексаз деп аталады. "Мұзтауда" артезиан суы өздігінен атқылап тұр, сорғы қойған ешкім жоқ. Қазір биіктігі – 14 метр, негізі су 21 метрге дейін атқылайды. Ауыл тұрғындары құбырдың тесігін кішкене кеңейткен. Шаруалар суды егістікке жаратады. Табиғи таза су, сапасын өзім зертханаға тексерттім. Бұл жердің қары маусымға дейін ерімейді", – деді Кеңес Қабылбеков.

Кеген ауданындағы Мұзтау. Фото авторы Zohan Tv

Биыл Мұзтауды тамашалауға келетіндер қатары көбейген. Табиғи құбылыс болғандықтан желдің соғуы мен аязға қарай пішіні жылда өзгереді. Осы маңға жақын ауыл тұрғындары балаларын сырғанауға әкеледі. 

"Апта сайын немерелерімді әкелемін. Осы жерден 25-30 шақырымдағы Шырғалаң ауылында тұрамын. Бүгін балабақша да, мектеп те жабық болған соң балаларды ойнатуға келдім. Жердің астынан атқақтап тұрған су аязда қатады. Мұз еріп кетіп, жазда судың құр бастауы қалады. Сонда да атқылай береді. Бұрын мал су ішуі үшін бұрғылап шығарылған", – деді аудан тұрғыны Бауыржан Бұлғақов. 

Бауыржан Бұлғақов немерелерімен. Фото Informburo.kz

Мойнақ су-электр станциясында форель шаруашылығы дамиды

Кеген ауданында Мойнақ су-электр станциясы жұмыс істейді. Ол Алматының жартысы мен облыстың біраз бөлігін энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Қытай Халық Республикасы 250 млн теңге инвестиция салып, ақшаны үш жылдың ішінде қайтарып алған. Қазір мұнда 125 адам жұмыс істейді. Олар станциядан 10 шақырым жердегі қалашықта тұрады. 80 үйі бар ауылды "Түтін шықпайтын ауыл" деуге болады. Өйткені, жылу да, электр де станциядан келіп тұр, басқа ауылдар секілді көмір жақпайды. Кеген ауданына су-электр станциясынан жыл сайын 400 млн теңге көлемінде салық түседі.

Мойнақ су-электр станциясы. Фото Informburo.kz

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков станцияда форель шаруашылығы қолға алынатынын айтты. Шаруашылық ашылса, туризмнің дамуына да әсерін тигізеді. Инвесторлар келіп, қанша қаржы салынатынын есептеп жатыр. Көктемде форель суға жіберіліп, тәжірибе жасалады. Содан кейін шаруашылық жұмысын бастайды. Кеңес Қабылбеков бұл жерді форель өсіруге ауа райы мен климаты келісті, ең қолайлы жер деп отыр. 2021 жылы станцияға келетін жолдың бәрі асфальтталады. Туризм дамыса, халықты осы жерге шоғырландыру жоспарланып отыр.


Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?


Ауылдағы қонақ үй жағдайы қалай?

Көлсайға жақын Саты, Қарабұлақ, Жалаңаш, Күрметі ауылдарында туристер қонатын жатын орындар жеткілікті. Саты ауылының өзінде 60-тан астам үй қонақтарды қабылдайды. Соның бірі – Жанар Жұматаеваның "Албан" қонақ үйі.

Жанар осыдан бес жыл бұрын абысынымен бірге ескі үйде туристерді күте бастаған. Екі жыл бұрын жаңа үй салып, оны барлық керек-жарақпен жабдықтаған. Бір мезетте 24 адам демалады. Бұл үйге келетіндердің басым бөлігі шетелдіктер. Жанар да, абысыны да, олардың балалары келген қонақтарды қазақы киіммен қарсы алады. Оларға қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсету үшін ойындар, шоу-бағдарламалар, сиыр сауу, бауырсақ пісіру секілді шеберлік сағаттарын өткізеді. Қонақ үй иелері мен балалары ағылшын тілін өз бетімен үйреніп жүр.

Жанар Жұматаеваның отбасы туристермен бірге. Фото Жанардың жеке мұрағатынан

Бөлмелерді жалдау бағасы жабдықталуына байланысты. Алты жасқа дейінгі балаларға тегін. Жатын орнымен қоса үш уақыт тамақ беріледі. Кез келген асты бергенде дастарханда құрт, май, бауырсақ, тосап тұрады.

"Екі үйде де қонақтарды қабылдаймыз. Карантинге дейін тек шетелдіктер келетін. Өзіміздің бағдарламаларымыз бар. Екі үйдің балаларына костюм тіктірдік. Ән де айтады, би де билейді. Шетелдік қонақтарға бауырсақ пісіртеміз, мастер-класс өткіземіз. Киіз үй тігіп, ұлттық ойындарды көрсетеміз. Бізге туристер әлемнің барлық елінен келген шығар", – деді Жанар Жұматаева.

"Албан" қонақ үйіндегі жатын бөлме. Фото авторы Нұртай Бердәзім

Кәсіпкер туристерге қызмет көрсету арқылы әр елдің мәдениетімен, менталитетімен танысып, тегін білім алатынын айтады. Карантин уақытында қазақстандықтар көптеп келген. Оның сөзінше, шетелдік туристерге қарағанда жергілікті адамдардың демалу мәдениеті төмен. Десе де үй иелері шыдамдылық танытып, келушілердің қас-қабағына қарайды. 5-6 жылда демалушылармен дауға келмеген. Жаз кезінде қонақ үйде бос орын болмайды. Қысқы маусымда адам саны азаяды.

Ұлттық парк қызметкерлері қанша қадағаласа да, Көлсай мен Қайыңды көлдерінде қоқыс тастап кететін туристер жоқ емес. Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов тазалықты сақтау, табиғатты қорғауға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Интернет сапасы жыл санап жақсарып келе жатқанын жеткізіп, Көлсай мен Қайыңдыға да алдағы уақытта интернет тартылады деп сендірді. 


Пресс-тур Алматы облысы ішкі саясат басқармасы "Жетісу Медиа" коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен өтті.

Серіктестер жаңалықтары