Тікелей эфир

Зейнетақы, жәрдемақы, "Ата жолы": Әлеуметтік салада 1 шілдеден бастап не өзгерді?

Шілде айынан бастап зейнеткерлер өз жинағын түгел пайдалана алады.

Информбюро порталы бүгін – 1 шілдеден бастап Қазақстан заңнамасында қандай өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді деген сұраққа жауап береді.

"Ата жолы" картасы іске қосылды

Бүгіннен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар "Ата жолы" картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады.

"Ата жолы" картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады. Мұндай картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие болады.

"Ата жолы" картасы бар адамдар мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды. Егер "Ата жолы" картасының иесі Қазақстан азаматтығын алса, оның картасы жарамсыз деп танылады. Ал еңбек ету немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өз бетінше таңдайды", – делінген еңбек министрлігінің хабарламасында.


Оқи отырыңыз: "Ата жолы" картасы 10 жыл мерзімге беріледі. Оны алу шарттары белгілі болды


Карта иегерінің тағы қандай құқығы бар?

  • медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету;
  • еңбек кодексіне және "халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;
  • кәсіпкерлік кодекске және  өзге де құқықтық актілерге сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
  • мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;
  • халықаралық шарттарға және заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады.

Зейнеткерлер өз жинағын түгел пайдалана алады 

1 шілдеден бастап зейнеткерлер тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге өз жинақтарының толық сомасын пайдалана алады. Әлеуметтік кодекс аясында БЖЗҚ жинақтарының барлық сомасын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу үшін пайдалануға болады.

"Зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы жинақталған қаражатты екі мақсатта пайдалану үшін "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты зейнет жасы туралы: халықтың қалауы мен елдің мүмкіндігі әртүрлі


Оны кімдер пайдалана алады?

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар – "төменгі жеткіліктілік шегінен" асатын соманың бір бөлігін;
зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер – жинақтарының 50 пайызына дейін; өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.

Зейнетақы жинағының жартысын инвесткомпанияларға бере алады 

1 шілдеден бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызына дейін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға бере алады. Бұл азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өздерінің зейнетақы жоспарын құруға, жинақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Қай елде зейнетақы мөлшері жоғары?


Жинағын жеке басқарушы компанияға аударған адам оны кейін басқа компанияға не қайтадан зейнетақы қорына аудара алады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына берілетін арнайы жәрдемақы мөлшері өсті

Шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар адамдар және зейнеткерлерге 1,23 АЕК (2023 жылы – 4244 теңге) көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2023 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 28 316 адам жәрдемақы алады. Жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және заңнамаға сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

"Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 3828 азаматқа 3692 теңгеден 30 000 теңгеге дейін біржолғы материалдық көмек көрсетіледі", – делінген еңбек министрлігінің хабарламасында.


Оқи отырыңыз: Алаш күнін белгілеу мәселесін Саяси қуғын-сүргін жөніндегі мемлекеттік комиссия қарайды


Айта кетейік, 2003 жылдан бері елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 18,4 миллиард теңге төленді. Биыл бұл мақсаттарға 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Әлеуметтік төлемдер мөлшері өсті

1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға ұлғайды. 

Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлеммен 92 мыңға жуық адам, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлеммен 61 мың отбасы қамтылады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы іске қосылды


"Мемлекет азаматтардың табысын арттыру бойынша іс-шараларды тұрақты негізде қабылдап келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, биыл 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскер мен еңбек адамын қамтыды. Ең төменгі айлық көрсеткіші арқылы еңбекақы деңгейін белгілейтін ұйымдар біліктіліктің санат аралық жүйесін ескере отырып, өзге де санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру жағына қарай қайта қарастырады", – делінген ресми хабарламада. 

Енді ХҚКО-да неке қидыруға болады 

Бүгіннен бастап АХАТ бөлімдерінің функциялары "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға берілді. ХҚКО-ларда азаматтық хал актілерін тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтердің барлық түрі көрсетіледі.

"Осылайша, азаматтардың барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден "бір терезе" қағидаты бойынша алу мақсатында барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары бірыңғай жүйеге біріктірілген", – деді Алматы қаласы әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімі басшысының м.а. Жанар Бейсенова.


Оқи отырыңыз: ХҚКО мереке күндері қалай жұмыс істейді?


Сондай-ақ неке қию және бұзуды, өлімді мемлекеттік тіркеу, акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар, түзетулер енгізу, оның ішінде атын, әкесінің атын, тегін өзгерту, әкелікті (анасы екенін) анықтау, бала асырап алу секілді мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру және жою, бастапқы және қайталама куәліктерді, анықтамаларды электрондық нұсқада немесе қағаз түрінде беру қызметтері бар.

ХҚКО жұмыс кестесі

Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі 1 шілдеден бастап өзгереді. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтары мереке күндерін қоспағанда, сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал жұмыс күндері олардың жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады: 9.00-ден 20.00-ге дейін.

"ХҚКО-ның қалған бөлімдері дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін стандартты кесте бойынша жұмысын жалғастырады. Қазақстандықтар сондай-ақ "ХҚКО" қосымшасы арқылы, бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі бойынша, eGov порталында, EgovKzBot2.0 телеграм-ботында, Egov mobile қосымшасы арқылы ХҚКО-ға кезекті алдын ала брондай алады", – делінген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз хабарламасында.

Такси жүргізушілері мен курьерлер салық төлейді

Мемлекеттік кірістер комитеті интернет-платформалармен бірлесіп, такси жүргізушілері мен курьерлерге ыңғайлы функционалды жүзеге асырды. Енді такси немесе курьерлік жеткізу қызметі кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе мекемеге (басқа кәсіпкерге) жалдамалы қызметкер ретінде рәсімдеу жолымен салық пен әлеуметтік төлем төлеуге міндетті.

"Бұл талаптар бұрыннан бар, бірақ әртүрлі себепке байланысты көп азамат орындамайды. Біздің ойымызша, себептердің бірі – міндеттемелерді орындауға байланысты әкімшілік рәсімдерді орындауға дайын еместігі", – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.

Салық төлеуші үшін eSalyq Business арнайы мобильді қосымшасын қолданып, 1 пайыздық бағамен табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру) төлейді. Осыған байланысты, интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызмет көрсететін тұлғаларға салық міндеттемелерін орындауға көмектесу үшін мемлекеттік кірістер комитеті eSalyq Business мобильді қосымшасын пилоттық жоба ретінде іске қосып жатыр. Мұнда жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тікелей интернет-платформада өтеді.


Оқи отырыңыз: Қашықтық пен санатына қарай 12 мың теңгеге дейін. Әуежайда шетелдіктерге арнап такси бағасы жазылған тақташалар ілінді


Платформа операторы табысын төлеу кезінде тиесілі салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлейді, содан кейін мәліметтер автоматты түрде мемлекеттік кірістер комитетіне беріледі. 

Бүгінгі күні ақпараттық жүйелерді баптау бойынша Яндекс.таксимен жұмыс жүріп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін азаматтар ерікті негізде пилоттық жобаға қосыла алады.

Серіктестер жаңалықтары