Тікелей эфир

"Қазақтың Никулині" атанған алғашқы қазақ клоун қазір шіркеу күзетіп жүр

Фото: КЖА
Фото: КЖА
74 жастағы Алтай Әлжанов өз өміріне риза екенін айтады.

Алматы қаласындағы София соборы жанындағы Иверский-Серафимов монастырының күзетшісі Алтай Әлжанов автобуста келе жатып, адамдардың өзіне ұзақ қарайтынын жиі байқайды. "Сізді бір жерден көрген сияқтымын" деген жандарға өзінің бір кездері клоун болып жұмыс істегенін мойындайды. Алтайды танитындардың көбі – аға буын өкілдері. 

80 адамнан тұратын ансамбль құрамында 10 жасынан бастап еңбек еткен Алтай Мәскеуге гастрольдік сапармен жиі баратын. Сахнада тұрып әртүрлі би қойылымдарын орындайтын. 

1965 жылы Қазақстанда алғаш рет эстрадалық студия ашылды. Ол – қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі. Екі жылдан кейін студия жанынан аңызға айналған қазақстандық "Гүлдер" ансамблі құрылды. Оның құрамына 18 жастағы Алтай да кіргісі келген. 

Қазақ мемлекеттік циркінің facebook парақшасы

"Биге түсейін деп келгем. Педагог мені көріп қалып: "Ойбай! Аяқтарыңыздың арасынан троллейбус өтеді ғой!" деді. Расымен аяғым қисық еді. Қатты ренжіп, кетіп қалдым. Шығар жолда би бөліміне түсе алмағандар цирк бөліміне кіре алатынын көріп қалдым. Кіріп едім, абитуриенттер отыр екен. Педагог: "Жігіт, не істеп тұрсыз? Кіріңіз! Не істей аласыз?" деп сұрады. Мен спорттық гимнастика мен акробатикадан ересектер арасында бірінші разрядым бар екенін айттым. "Сальто, фляк жасай аласыз ба?" деп сұрады. "Жасай аламын" дедім. Трико берді. Оны кидім де, өнерімді көрсеттім. Педагог болса: "Қаласаңыз, бізге түсіңіз" деді. Циркке түскім келмеді, триконы шешіп қайтардым да, шығып кеттім. Алайда түні бойы ойландым. Таң ата циркке оқуға түсуге қайта бардым. Осылайша, менің цирк саласындағы жолым басталды", – дейді кейіпкер. 

"Советский цирк" журналы

"Акробат боламын деп нық шешім қабылдадым. Мәскеуден КСРО еңбек сіңірген қайраткері Георгий Васильевич Перкун келді. Мені көріп, кеудемді, жүрек тұсымды нұсқап: "Мына жеріңде клоун отыр" деді. Ол мені жаттықтыра бастады. Қарт жазушыларды шақырды, олар мен үшін клоунада жазды. Костюмерлерді шақырды, олар мен үшін костюм тікті. Музыканттарды шақырды, олар мен үшін музыка шығарды. Осылайша мен клоун болдым", – дейді Алтай.

Нақтырақ айтсақ, Алтай Әлжанов алғашқы қазақстандық "ковёрный" болған. Цирктегі "ковёрный" дегеніміз – қойылым бойы нөмірлер арасында өнер көрсететін клоун. Бұндай клоун кеңестік циркте бағдарламаның ажырамас кейіпкері ретінде қалыптасты.

Алтай екі жанр бойынша өнер көрсеткен: клоунада және акробатика. Екі нөмір үшін 500-550 рубль ақы алған. Ол уақытта бұл ақша цирк директоры алатын жалақыдан да көп болатын. 

Осылайша, Алтайдың репетицияға, гастрольдік сапарға толы өмірі жалғасқан. Циркте жүріп Алтай өзінің жұбайын кезіктірген. Кейін екінші, үшінші, төртінші әйелін де цирктен тапқан. Қазіргі жұбайы – жетінші әйелі. "Не үшін жеті әйел алғансыз?" деген сұраққа иығын көтеріп, сәл жымиып: "Әртістің өмірі көшпелі, бұндай сынаққа екінің бірі шыдай алмайды" деп жауап берді. 

"Бір қалада бір-екі ай боламыз да, кейін гастрольге кетеміз. Баланың жөргегіне дейін, ыдыс-аяғымызға дейін бірге алып жүремін. Бұндай өмірге шыдамаған әйелдер кетіп қалады. Кейде циркпен бірге мен кететінмін. Бірінші әйеліммен ренжісіп қалғанымда: "Мен кетемін" деді. "Бала ше?" деймін ғой. "Сенің балаң маған керек емес" дейді. Осылайша бір жарым жастағы баламен қала бердім. Әр қалаға барған сайын балалар бөтелкесін алатынмын. Бірінші сыныпқа барғанша жанымда жүрді. Кейін балам мектепке барғанда, анамның жанына қалдырдым", – дейді Алтай Әлжанов. 

Никулинмен таныстық 

Алтай Әлжановтың жеке мұрағатынан

Алтай ағаның сөзінше, цирктің балалары ерекше болады. Цирк әртісінің балалары да осы салаға бейім келеді. 

Алтай Әлжановтың жеке мұрағатынан

Жыртқыш аңдармен жұмыс ерекше абай болуды талап етеді. 1984 жылы Харьковта көрерменнің көзінше Болгариядан келген әйел әртісті манежде жолбарыстар талап тастаған. Қойылым бірден тоқтатылып, адамдар тарап кеткен. Ассистенттер қолына тапанша алып, жолбарысты қамаған. Алтай осы оқиғаның куәгері болыпты. 

Осындай қайғылы жағдайда Алтай Әлжанов кеңес әрі армян циркінің аңызға айналған әртісі Леонид Енгибаровпен танысқан. Әйгілі клоун Әлжановтың ұстаздарының бірі болды. 

Леонид Енгибаров. Сурет ашық дереккөзден алынды

"Лёня – клоун, мим, мәтінсіз өнер көрсетеді. Режиссерім: "Енгибаров стилінде колунада қоя аласың ба?" деп сұрады. Мен келістім. Кейін ол Лёняны менің нөмірімді көруге шақырды. Режиссердің өтініші бойынша көрсеттім. Лёня өнерімді көрді де: "Бәрі тамаша! Алайда, бұдан кейін мені қайталама, жарай ма? Ешқашан ешкімді көшірме. Өз-өзіңмен бол" деді. Мәскеуде кездескенімізде атақты Юрий Никулин де маған солай деді: "Мысалы, мен ешқашан Алтай болмаймын. Сен ешқашан Никулин болмайсың. Түсіндің бе?" деді ол. "Түсіндім, Юра аға" дедім мен. Клоунның өзіне ғана тән дүниесі болуы керек. Алайда қайда барсам да, мені Никулинге ұқсататын. Мен әзілдеп "қазақтың Никулині" екенімді айтатынмын", – деп еске алады Алтай Әлжанов. 

Алтай Әлжанов. "Советский цирк" журналы

Басында Алтай үшін жазушылар қойылым жазатын. Уақыт өте келе Перкунмен ақылдаса отырып сөзді өзі жазатын болды. 

"Қойылым біткенде гримді тез сүртіп тастап, жұрттың арасына кіріп кететінмін. Адамдардың не айтып жатқанын тыңдайтынмын. "Бағдарлама керемет болды", "Анау, кішкентай қараторы клоун керемет екен" деген сөздерді естігенде қуанып қалатынмын. "Жақсы жігіт екен, бірақ әлі де жұмыс істеу керек" деген сөздерді де еститінмін", – дейді ол. 

Алтай Әлжанов оң жақтан бірінші тұр, сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Алтай Әлжанов КСРО Мәдениет министрлігі, мемлекеттік циркінің төлқұжатымен зейнеткерлікке шыққан. 

Алтай Әлжановтың жеке мұрағатынан

"Мен қазір де циркке жиі барамын, көнекөз әріптестеріммен кездесемін. Қазір реквизиттер қымбат, сондықтан да цирктің билеті арзан тұрмайды. Көрермен де аз. Бұрын әр күні аншлаг болатын. Клоун өзі акробат, өзі гимнаст болу керек. Жануарлармен жұмыс істей алуы тиіс. ол жан-жақты болуы керек", – дейді Алтай Әлжанов. 

Алтай Әлжановтың жеке мұрағатынан

"Адамдарға балалық шақты қайтару үшін өзің де бала болуың керек. Балаларды күлдіру үшін жан-дүниең бала күйінде қалуы тиіс. Адамға грим жағып қоюға болады, алайда жүрегінде сайқымазақ болмаса, бәрі бекер", – дейді Алтай Әлжанов. 

Алтай Әлжанов қазір шіркеу ғимаратында күзетші

"Қазақтың Никулины" қазір шіркеу күзетшісі. Сурет: КЖА

"70 жасымда әкімдік шақырып: "Алтай аға, сен енді демал" деді. Цирк жанында цирк өнерінің студиясы бар. Гимнаст, акробаттарды дайындайды. Бәрінің педагогтары бар. Клоунада бойынша ұстаз жоқ. Мені сол жаққа шақырған, бас тарттым. Қазір ұлымның да өз отбасы бар. Ол Алматыда тұрады. Немерелерім көп. Аталарымен бірге олар циркке барады. Тегін. Көршілерімді де циркке апарамын. Өмірге разымын", – дейді Алтай Әлжанов. 

Дегенмен, зейнетақысы тұрмысына жетпеген соң Алтай Әлжановтың басқа жұмыс іздеуіне тура келген.

"Алматы қаласындағы София соборының жанындағы Иверский-Серафимов монастырына күзетші керек болып, осы жерге жұмысқа тұрдым. Қызмет барысында ұрлық болмауына жауап беремін, тәртіпті қадағалаймын. Өз жұмысымды жақсы көремін. Алайда, циркті сағынамын. Өйткені менің жолым – адамдарды күлдіру", – деп түйіндеді сөзін Алтай Әлжанов. 

Автор: Полина Чихичина

Аударған: Мейіргүл Оңғарова

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары