Informburo.kz жылды қорытындылап, 2023 жылы ел назарын аударған оқиғаларға шолу жасады.
Тікұшақ апаты
23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында магистральді мұнай құбырын әуеден шолу үшін ұшып шыққан "Қазавиақұтқару" АҚ Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонды. Апаттан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті. Қаза атпқандардың барлығы ТЖМ-ге қарасты "Қазавиақұтқару" АҚ қызметкерлері болған.
МИ-8 тікұшағының жұмыс істегеніне бір жыл ғана болған. Апатқа ауа райы әсер еткен болуы мүмкін.
Абай облысындағы өрт
Биыл екі рет аза тұту күні болды. Оның біріне 8 маусымда Абай облысында тұтанған өрт себеп болды. Өрт 60 мың гектарды шарпыды. "Семей орманы" резерватында өртті сөндіру кезінде Успенское орманшылығының 14 қызметкері қаза тапты.
Абай облысындағы орман өрті мен оның салдарынан 14 орманшының қайтыс болуына байланысты 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қаза тапқан орманшылар көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін "Құрмет" орденімен марапатталды.
Оқи отырыңыз: Экология министрлігі: "Семей орманы" резерваты техникасының 80 пайызы тозған
"Қазақстан" шахтасындағы апат
17 тамыз күні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі "Қазақстан" шахтасында өрт шықты. Шахтадада 227 адам болған. Өрт кезінде шахтада болған 227 адамның 222-сі жер бетіне аман-есен шығарылды. Жер астында қалған бес адамның денесі табылды.
Өрт себебін анықтағанда жұмыс берушінің кінәсінен қауіпсіздік шаралары сақталмағаны дәлелденген. Заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталды.
Костенко шахтасындағы апат
28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды. Құтқарушылар жер астынан 205 кеншіні шығарды. Өкінішке қарай, шахтадан 46 кеншінің денесі табылды. 29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қазақстан туы бір жылда екінші рет төмен түсірілді.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы "өрт көмір оятын жерде метан жарылған соң басталған болуы мүмкін" деген болжам таратты.
Халықаралық АрселорМиттал корпорациясы Теміртаудағы шахталарға 1995 жылдан бері иелік етіп келген еді. Қайғылы оқиғадан кейін қазақстандық металлургиялық компания Қазақстанның меншігіне өтті. AMT компаниясы Қазақстандағы кәсіпорындарын 286 млн долларға сатты. Компанияның жаңа инвесторы – Антон Лаврентьев иелік ететін Allur компаниялар тобы атанды. Компания атауы Qarmet деп өзгертілді.
Салтанат Нүкенованың өлімі
9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасынан Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың мәйіті табылды. Ол жедел жәрдем келгенше сол жерде жан тапсырған. Сол кезде "кісі өлтіру" бабымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі қамауға алынды.
11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев экс-министрдің үстінен "аса қатыгездікпен кісі өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаев 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін заңды күшейту, агрессормен жұмыс істеуге қатысты қозғалыстар өзекті бола түсті. Петицияға қол жинады.
Еске салсақ, Қуандық Бишімбаев 2017 жылы қаңтарда пара алды деген күдікпен ұсталып, он жылға сотталды. Кейіннен мерзімі қысқартылып, 2019 жылы қазанда бостандыққа шықты.
Алматы хостеліндегі өрт
30 қарашада таңертең Алматы хостелінде өрт шығып, 13 адам көмірқышқыл газына уланып қаза тапты. Хостелде 72 адам болған. Өрт сөндірушілер келгенде 1-қабаты мен жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталған.
Қайтыс болған 13 адамның төртеуі – шетелдік (екеуі – Ресей азаматы, екеуі – Өзбекстан азаматы), тағы тоғызы – Қазақстан азаматтары.
Бұл ретте жер телімі ресми түрде дүкенді пайдалану және қызмет көрсету үшін белгіленген. Алайда нысан өрт шығардан бір жарым ай бұрын хостелге айналдырылған. Алматы қаласының әкімдігі бұл жерді хостелге айналдыруға рұқсат бермеген. Сонымен қатар, хостелдер жертөлелерде тұруға тыйым салынған.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы хостел бизнесі: Саны, ақысы және оларға қойылатын талаптар қандай?
Өрт фактісі бойынша Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қызылша дерті
АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегінше, Қазақстан әлемде қызылшамен сырқаттану бойынша үшінші орында тұр.Орталық жариялаған статистика бойынша, Қазақстанда 2023 жылдың мамырынан қазанына дейін қызылша ауруын жұқтырудың 12 985 жағдайы тіркелген. Бірінші орында Йемен тұр. Жұқтырғандар саны – 25 261 адам. Екінші орында Үндістанда тұр (14 927 адам). Тізімде Қазақстаннан кейін Эфиопия мен Пәкістан жайғасқан.
ЮНИСЕФ мәліметінше, халықтың жан басына шаққанда қызылшамен ауыратындар саны бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында тұр. Қазақстанда 100 мың адамға орташа есеппен 69 науқастан келеді.
Оқи отырыңыз: Қызылша қалай жұғады және оған қарсы екпе алу міндетті ме? Маңызды 8 сұраққа жауап
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 25 мыңнан асқанын хабарлады. Оның 80 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Жұқтырғандардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Қазақстанда қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі.
Азия ойындары
Азиадаға спорттың 30 түрінен қазақстандық 525 спортшы қатысты. Төрт спортшы 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама алды.
Ал Азия пара ойындарын Қазақстан 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медальмен аяқтап, командалық есепте 11-орынға тұрақтады.
Еуро-2024 чемпионаты
Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына шыға алмады. Қазақстан құрамасы H тобында Дания, Финляндия, Словения, Солтүстік Ирландия және Сан-Мариномен кездесіп, жалпы тоғыз ойын өткізді.
23 наурызда алғашқы ойында қазақстандық футболшылар өз алаңында Словенияға қарсы ойнап, 1:2 есебімен жеңілді. Одан кейін Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Сырт алаңда Сан-Мариноны 0:3 есебімен жеңді. Ал Финляндиядан 1:0 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландияға қарсы екі ойында да 0:1 есебімен жеңді. Финляндияға қарсы қарымта матчта 1:2 есебімен алға шықты. Ал Даниядан 3:1 есебімен жеңілді. Қазақстан Сан-Мариноны 3:1 есебімен жеңіп, топтық кезеңде үшінші орынға жайғасты. Еуропа чемпионатына жолдама алуға мүмкіндік беретін соңғы матчта сырт алаңда Словениядан 1:2 есебімен ұтылды. Осылайша Қазақстан құрамасы топтық кезеңнен шыға алмады.
Қазақстандық футболшылар 2024 жылы Ұлттар лигасының плей-офф матчтарында қарсыластарын жеңсе, Еуропа чемпионатына жолдама ала алады. Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024-ке шыққан жағдайда "F" тобында Түркия, Португалия және Чехия командаларымен кездеседі.
Ұлттық қордан балаларға ақша аударылады
16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаражат аударуды қарастыратын заңға қол қойды. Заң 1 қаңтарда күшіне еніп, ақпаннан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында балаларға төлем жасалады. Бұл бағдарламаға 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан азаматы саналатын әрбір бала қатысады.
Баланың деректері Мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, онда бағдарламаға автоматты түрде қатысады. Ал ақша түсетін арнайы шот та балаларға автоматты түрде ашылады.
Оқи отырыңыз: "Ұлттық қор – балаларға": Ата-ана шот ашуы қажет пе? Өзекті 7 сұраққа жауап
Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Қорға түсетін инвестициялық табыстың 50 пайызы жыл сайын 18 жасқа толмаған балалардың жеке шоттарына теңдей аударылып отырады. Ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана ала алады.