Тікелей эфир

Қызылша қалай жұғады және оған қарсы екпе алу міндетті ме? Маңызды 8 сұраққа жауап

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Вакцина алу – қызылшадан сақтанудың жалғыз амалы.

Биыл Қазақстанда қызылша дерті өршіп тұр. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам адамның қызылшамен ауырғаны анықталды. Оның 10,5 мыңы – 14 жасқа дейінгі балалар. Қызылша жұқтырған балалардың 70 пайызы вакцина алмаған. Бес мыңнан астам баланың ата-анасы екпеге рұқсат бермеген. 

Қызылшаның белгілері қандай? Адамға қалай жұғады? Қызылшаның емі бар ма? Не үшін вакцина алу қажет? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.

№1. Қызылша қандай ауру? 

Қызылша – вирусты инфекция, яғни инфекциялық жұқпалы ауру. Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның оны жұқтырып алуы әбден мүмкін. 

№2. Ауру белгілері қандай?

Аурудың негізгі белгілері:

  • әлсіздік;
  • дене қызуының көтерілуі;
  • қабақтың ісінуі;
  • бас ауруы;
  • ұйқысыздық;
  • жалпы мазасыздық;
  • тамаққа тәбеті болмау;
  • шырышты секрециясы бар күшті ринит;
  • құрғақ жөтел;
  • конъюктивит;
  • 3-8 күнде денесіне бөртпе шыға бастау.

№3. Ауру қалай жұғады?

Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы көз деуге болады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады.

Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені сәбидің бойында анасынан берілген ауруға қарсы денелер, яғни антитела уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина алмаған адам кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

№4. Қызылшаның инкубациялық кезеңі қаншаға созылады?

Ауру үш кезеңнен тұрады: катаральды, бөртпе кезеңі және пигментация кезеңі. 

  1. Қызылшаның алғашқы белгілері аурудың катаральды кезеңінде көрінеді. Бұл кезең ұзаққа созылмайды, тек 3-5 күндей болады. Бұл кезеңде ұйқышылдық пен тез шаршау секілді аурудың алғашқы нақты белгілері пайда болады. Жөтел басталып, мұрыннан су ағуы мүмкін. Дене қызуы да аздап көтерілуі ықтимал. Бұл кезеңде көрінетін негізгі белгі – тістердің түбінде, ауызда ерекше бөртпелер пайда болады.Осы белгі ауруды ерте анықтап, баланы оқшаулауға көмектеседі. Ауру өршісе жөтел жиілейді, дене қызуы біртіндеп көтеріледі, тіпті 40 градусқа жетуі мүмкін.
  2. Катарльды кезең бөртпе кезеңіне ауысады. Бұл кезеңде баланың денесінде қызылша бөртпесі көрінеді. Бірінші құлақтың артында, шаш өсетін бас терісінде пайда болады. Содан соң бетке, мойынға және кеудеге таралады. Екінші күні бөртпе иықтың, қолдың, арқаның, іштің терісінде көріне бастайды. Үшінші күні саусаққа шығады. Бөртпе кезеңі қызылшаның шегі деп есептеледі. Бұл кезеңде қызба айқын бола түседі, интоксикация мен катаральды белгілер күшейеді. Науқасты тексеру кезінде артериялық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталады.
  3. Пигментация кезеңі. Бөртпе пайда болғаннан бастап 3-4 күн ішінде науқастың жағдайы жақсарады. Дене қызуы түседі, бөртпе жоғалады. Бөртпенің пигментациясы қалғанымен, уақыт өте келе ол да жоқ боп кетеді. Адам толық жазылғанша ұйқысы келіп, ашу қысып, шаршап жүруі мүмкін.

№5. Қызылша белгілері анықталса, не істеу қажет?

Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамалары тапсырған жөн. Қорытындысына қарай диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігер қажет деп тапса өзге де анализдерді тапсыруы мүмкін. Дәрігерлер қызылша анықталған науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін 21 күн бойы тексереді.

№6. Аурудың салдары неге әкелуі мүмкін?

Қызылша вирусының алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Сол үшін дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Көбінесе қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады. Ал көзі ауыратындар қызылша жұқтырса, ауру асқынып соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиісті.

№7. Қызылшаны қалай емдейді?

Бұл жұқпалы ауруды арнайы емдеу тәсілі жоқ. Ауру жұқтырған науқас төсекте жатып, сұйықтықты көп ішуі керек. Дәрігер қызу түсіретін, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы, қақырық түсіретін дәрілер мен витаминдер тағайындайды. Ауру асқынып кетсе ауруханаға жатқызылады.

Баланың бөртпелерін ештеңемен майлаудың қажеті жоқ. Денесін бөлме температурасында сумен жуу жеткілікті. Жиі су ішкізіп, оңай қорытылатын, дәрумендерге бай тағам беру керек. Ал конъюнктивиттің алдын алу үшін көзді қайнаған жылы шайға малынған мақта тампонымен жуады. Антибиотиктер ауру асқынғанда ғана тағайындалады.

№8. Қызылшаның емі болмаса, ауырмас үшін не істеу керек?

Кез келген жұқпалы ауруды алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе алу. Қызылшаға қарсы екпе бала бір жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде ата-анасының рұқсатымен салынады. Одан соң алты жасында тағы салынады. Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина тегін.

Вирус таралмас үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасап тұру қажет. Қызылша жұқтырған адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармаған жөн. Ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүрген дұрыс.

Мамандардың айтуынша, бұл дерттен өліп кету қаупі бар. Көбінесе вакцина алмаған адамдарда ауру ауыр өтеді. Вакцина ойлап табылғанға дейін қызылша балалардың 85 пайызына тарап отырған. ДСҰ мәліметінше, 2000 жылдан бері вакциналау әлем бойынша қызылшадан қайтыс болу көрсеткішін 80 пайызға төмендетті.

Серіктестер жаңалықтары