Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда студенттерге арналған 380 жатақхана бар. Ондағы төсек-орын саны – 106 203. Оның ішінде 182 нысаннан 24 560 төсек-орын жалға алынған. Қыркүйектің басында елде жатақхана орындарына тапшылық 23 686 орынды құраған. Алматы қаласында орын тапшылығы 14 мыңға жеткен. Ал Астана қаласында – 5300 орын. Солтүстік Қазақстан облысында 2300 орын тапшы. 

Осы мәселені шешу үшін жоғары білім беретін 58 оқу орын 182 объекті немесе 24 560 төсек-орындық жатақхана, жекеменшік хостелдермен келісімшартқа отырды. Бұл жерде қойылатын ең басты талап – хостелдерде студент жастар тұруы керек, сонымен қатар жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Санитарлық нормалардың, өрт қауіпсіздігінің сақталуы – осының барлығы университеттердің жекеменшік бизнес өкілдерімен келісімшарт жасағанда қоятын ең басты талаптары.

Хостелді студенттер ғана емес, Қазақстанға жұмыс істеуге келген шетелдіктер де паналайды. Биыл қазан айында Алматының Алмалы ауданында орналасқан хостелдердің бірінде 14 Нигерия азаматы анықталды. Шетелдіктердің Қазақстан аумағында болу мерзімдері өтіп кеткен. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт болған хостелмен студенттердің тұруы үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоймылмаған. Студенттер осы хостелде тұруға өтініш бермеген.

Заңсыз жүрген нигериялық азаматтар / Фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Хостелге қандай талаптар қойылады?

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығында хостелдерге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар көрсетілген. Онда хостел деп жеке тұлғалардың уақытша тұруына арналған және пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін, көппәтерлі тұрғын үйдегі жеке кіру есігі бар тұрғын емес үй-жай не жеке тұрған ғимарат (ғимараттың бір бөлігі) деп белгіленген. 

Хостел көппәтерлі тұрғын үйде орналасса кіретін жеке есігі болуы керек. Тұру бөлмелері ретінде цоколь мен жертөлені пайдалануға рұқсат жоқ. Объектілер сумен жабдықтау, суды бұру, жылумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Күн сайын ылғалды жинау жүргізілуі керек. Ауа баптау жүйесі не желдеткіштің болуы талап етіледі.

Хостелде тұратын әр адамға төсек-орын жиыны, сүлгі берілуі керек. Хостелде 15 адамға кемінде бірд:

  • дәретхана кабинасы;
  • қол жуғыш;
  • душ болуы керек.

Жуынатын бөлмелер, дәретхана орындықтары мен қақпақтары, биде, суды ағызатын тұтқалар мен дәретхана есіктері күн сайын дезинфекциялық ерітіндімен өңделуі керек.

Сондай-ақ, асхана, асүй, өз-өзіне қызмет көрсету әдісімен тамақ ішуге және дайындауға арналған бөлмелер жабдықпен, құрал-саймандармен, асүй және асхана ыдыстарымен, азық-түлік сақтауға арналған ыдыстармен және жуғыш заттармен ыдыстармен жабдықталады.

Хостелде тұру ақысы қанша?

Хостелде бірнеше бөлме болады. Әр бөлмеде төсек орын саны да әртүрлі. Барынша көп адам қабылдау үшін қос қабатты төсектер қояды. Мұндайда бөлмедегі орын саны 12-ге жетуі мүмкін. 

Алматыда хостелде тәулігіне тұру бағасы 2 мың теңгеден басталады. Айына кем дегенде 30 мың теңге төлеп тұруға болады. Жақсы жағдай жасалған хостелдердің бағасы қымбат.

2gis картасында өрт болған Almaty hostel-де 100 орынға дейін бар екені және тәулігіне тұру ақысы 2000 теңгеден басталатыны жазылған.

Жыл басынан бері 15 жатақханада өрт болды