Соңғы жылдары жұмсақ ойыншықтар әлемінде бұрын-соңды болмаған құбылыс орын алды. Орталық Азия мен Еуропада, АҚШ-та құбыжық ойыншық Лабубу ерекше танымалдылыққа ие болды. Қоянға да қасқырға да ұқсас, тісі ақсиған, тостақ көзді ойыншық бір қарағанда қорқынышты көрінгенімен, нағыз фан-клубы, коллекционерлер қауымдастығы қалыптасқан трендке айналды. TikTok-та осы ойыншыққа қатысты вирустық бейнелер миллионнан асады. Бұл құбылыстың артында не бар? Лабубу балалар мен ересектерді қалай қатар жаулап алды? Лафуфу деген кім? Зерттеп көрдік.
Лабубу қайдан шықты?
Лабубу – тек сүйкімді ойыншық емес, ол шынайы өнер мен еркін қиялдың тоғысынан туған кейіпкер. Оның авторы – гонконгтік суретші әрі иллюстратор Касин Лун (Kasing Lung).
Касин Лун шығармашылық жолын кітап иллюстрацияларынан бастаған. 2011 жылы How2work компаниясымен бірлесе отырып, алғашқы балаларға арналған кітаптары мен ойыншықтарын шығарды. 2013 жылы оның қытай тілінде "Менің кішкентай ғаламшарым" атты суретті кітабы жарық көрді. Онда әлемге күмәнмен қарайтын кішкентай баланың тарихы баяндалады. Ал 2014 жылы белгілі бельгиялық балалар жазушысы Брижит Миннмен бірге балетке қызығатын қоян туралы “Лиззидің билегісі келеді” деген ертегісі жарық көрді. Осы туындыдан кейін Касин Лун балалар әдебиетінің жаңа жұлдызына айналды. Бельгияның беделді Illustration Award сыйлығын жеңіп алған алғашқы қытайлық суретші ретінде тарихқа енді.
Бірақ оның нағыз жұлдызды туындысы – 2015 жылы шыққан "Пука туралы хикая" деген ертегі кітабы болды. Бұл кітап "Құбыжықтар трилогиясының" алғашқы бөлігі еді. Лабубу – осы әлемде алғаш пайда болған кейіпкер.
Автор оны былай сипаттайды: "Лабубу – жүрегі таза, бірақ байқамай тентектік жасап қоятын рухтар тобы".
Оның артынан басқа кейіпкерлер пайда болды. Атап айтқанда, Лабубу эльфтерінің көсемі – Зимомо, сүйекке ұқсайтын, бірақ вегетариан монстр – Тайкоко, ай жарығында пайда болатын қардан жасалған кейіпкер – Спуки мен тышқанға ұқсас Пато.
Касин Лун бұл кейіпкерлерді жайдан-жай ойлап таппаған. "Мен өзіме тиесілі рухтар әлемін жасағым келді. Оларға өзіме қызық, тіпті сәл тентектеу сипаттар қостым. Себебі олар өмірге толы, еркін және шынайы болсын дедім (...) Адамдар көбіне ережелерге бағынып өмір сүреді. Ал Лабубу – сол шеңберді бұза алатын кейіпкер. Ол біздің батылымыз жетпейтін дүниелерді жасайды. Кейде бізге де сондай батылдық керек. Сол үшін де Лабубу – менің ең сүйікті туындым", – дейді ол.
Лабубудың пайда болуына Скандинавия ертегілері мен фольклоры себеп болған. Касин Лун жеті жасында отбасымен бірге Гонконгтан Нидерландыға көшіп кеткен. Ата-анасы мейрамхана жұмысымен айналысып жүргенде ол Скандинавия ертегілерін оқып, өз қиялындағы кейіпкерлердің суретін салады екен. Әсіресе, орманда немесе жерасты үңгірлерде өмір сүретін тролльдер туралы ертегілерге қатты қызығыпты. Ең сүйіктілерінің бірі – "Үш ешкі мен тролль" атты классикалық скандинав ертегісі мен "Смурфтар".
"Бұл – қарапайым ертегі сияқты көрінгенімен, өте терең әрі ойландыратын туынды. Міне, мені осы ертегі жаңа оқиғалар ойлап табуға шабыттандырды. Ал "Смурфтар" сол хикаяның кейіпкерлерін сан түрлі қылып жазуға шабыттандырды", – дейді Касин Лун.
Лабубу алғаш рет 2015 жылы көпшілік назарына ұсынылды. Алайда оның танымалдығы 2019 жылы келді.
Қалай трендке айналды?
2019 жылы Касин Лун қытайлық Pop Mart компаниясымен серіктестікке отырды. Осыдан кейін Лабубудың жұлдызы жанды.
Pop Mart ойыншықты "тосынсый" форматында (surprise box), яғни ішінде не бар екенін білмей сатып алу моделі бойынша сатылды. Бұл тәсіл тұтынушыларда коллекцияны толық жинауға деген әуестікті күшейтіп, сатылымның күрт өсуіне себеп болды.
Pop Mart негізін қалаушы Ван Нин 2025 жылы Forbes тізіміне еніп, оның байлығы 23 млрд доллар деп бағаланған. Бұл Pop Mart өнімдеріне, соның ішінде Лабубуға деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.
Бүгінге дейін 300-ден астам Лабубу шығарылған. Бағалары да әртүрлі: 15 доллардан бастап, 960 долларға дейін жетеді.
2025 жылдың маусымында Бейжіңде өткен алғашқы аукционда биіктігі 120 см, жалбыз түсті Лабубу 170 мың долларға сатылды.
Жұлдыздардың қандай қатысы бар?
Labubu-ның тартымдылығы тек ерекше дизайнымен шектелмейді. Оның айналасында сәндік субмәдениет қалыптасты. Әсіресе, 2024 жылы әйгілі BLACKPINK тобының әншісі Лиса (Lalisa Manobal) әлеуметтік желіге Лабубумен түскен сурет салғаннан кейін тренд басталды. Ол осы ойыншықты инстаграмдағы суреттерінде, тіпті Рождество шыршасын безендіруде қолданды. Кейін бұл ойыншық басқа да белгілі тұлғалар, инфлюенсерлер, тіпті кейбір K-pop жұлдыздарының сөмкесінде сәндік элемент ретінде пайда болды. Бұл оны балалардан бөлек, 20-30 жастағы жастардың да қызығушылығына бөлеп отыр.
@damelya_sw_ 🤪🤪🤪
♬ оригинальный звук - Damelya Sweet
Балалар бұл ойыншыққа неге қызығады?
Балалар клиникалық психологы Айнұр Алдаштың жазуынша, Лабубуды балалар қорықса да қарайды, алады, себебі бала психикасында қызығушылық пен қорқыныш қатар жүреді. Сонымен қатар бұл кейіпкер баланың санасында түсніксіз, бірақ тартыпты күй тудырады. Балаларға екі эмоцияның қатар келуі де "ғажап" әсер болуы мүмкін. Әрине, айналадағы жаппай сұраныс пен "топтан қалмайын" деген ықпал да бар.
"Балаңыз Лабубы әперуді сұраса, маман ретінде пікірім мынау: Балаңыз өз дене мүшесін білетін жаста ма? Егер 6-7 жасқа толмаған болса, бұл ойыншықты алмаған жөн. Ал 6-дан асқан балаға әперсеңіз де, не үшін ол ойыншыққа қызықты сұраңыз. "Қорқынышты ма?" "Қорқынышты болса, неге алғысы келеді?", "Ол қандай кейіпкер?, "Ол кейіпкердің несі ұнайды, несі ұнамайды?" деген сияқты сұрақтар қойып, талқылап, сезімдерін қорытуға көмектесіңіз", – дейді маман.
Алайда қазір дүкен сөрелерінде тұрған Лабубулардың көбі – Лабубу емес, Лафуфу.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тоннадан астам улы ойыншық сатылымнан алынды. Оларды қалай айыруға болады?
Лафуфудың айырмашылығы неде?
Lafufu – Лабубудың көшірмесі. Бұл жалған өнімдер шынайы Pop Mart ойыншықтарына ұқсас көрінгенімен, арзан әрі сапасыздау. Лафуфудың кең таралуы әлеуметтік желідегі трендтің қарқындылығын дәлелдегенімен, ол Қытайда зияткерлік меншікті қорғау мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті.
Pop Mart пен Labubu феноменінің табысы Қытай үшін стратегиялық деңгейге шықты. Қытай Коммунистік партиясының ресми басылымы "People’s Daily" Лабубуды "Қытайда жасалған"-нан (Made in China) "Қытайда ойлап табылған"-ға (Created in China) ауысудың символы ретінде жазды. Мақалада: "Лабубудың өрлеуі – Қытайдың мықты өндірістік әлеуеті мен шығармашылық инновациясының үйлесімі. Бұл әлем тұтынушыларының эмоциялық қажеттіліктеріне дәл жауап береді" деп жазылған.
The Guardian жазуынша, Pop Mart компаниясының ұлттық бренд дәрежесіне көтерілуі Қытай билігінің жалған өнімдерге қарсы күресін күшейтуіне себеп болды. Ел "жалған тауарлар елі" деген беделден арылуға тырысып жатқан тұста, бұл брендті қорғау маңызды қадамға айналды. Сәуір айында Қытайдың шығысындағы Нинбо қаласында кеден қызметі Лабубудың зияткерлік меншігін бұзды деген күдікпен 200 мың жалған өнім партиясын ұстаған. Ал маусым айында тағы бір арнайы операция барысында 2 мыңнан астам контрафакт өнім тәркіленген.
USD:
506.5 / 509.5
EUR:
590.0 / 595.0
RUB:
6.47 / 6.59
"Балаңыз Лабубы әперуді сұраса, маман ретінде пікірім мынау: Балаңыз өз дене мүшесін білетін жаста ма? Егер 6-7 жасқа толмаған болса, бұл ойыншықты алмаған жөн. Ал 6-дан асқан балаға әперсеңіз де, не үшін ол ойыншыққа қызықты сұраңыз. "Қорқынышты ма?" "Қорқынышты болса, неге алғысы келеді?", "Ол қандай кейіпкер?, "Ол кейіпкердің несі ұнайды, несі ұнамайды?" деген сияқты сұрақтар қойып, талқылап, сезімдерін қорытуға көмектесіңіз", – дейді маман.