Тікелей эфир

7 адамның құшағы әрең жететін ағаш. Шарын ерен тоғайынан фоторепортаж

Шарындағы Ерен тоғайы \ ©Қарлыға Бүйенбай
Шарындағы Ерен тоғайы \ ©Қарлыға Бүйенбай
Тоғайда келушілерге арналған бірнеше ағаш үй бар.

"Шарын ерен тоғайы" – ғылыми-экскурсиялық маңызға ие, ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын, бір күнде тамашалауға болатын маршрут. Сондай-ақ, Шарындағы ерен тоғайындағы аңшылық үй 1972 жылы салынған. Мұнда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Дінмұхамед Қонаев бірнеше рет аңшылыққа шыққанда тоқтаған. Дәл қазір үйдің ішінде қоғам қайраткерінің жақындарымен түскен суреттері мен қолданған жиһаздары сақталған. 

Тоғайда 7 адамның құшағы әрең жететін алып "Ақсақал ағашы" бар. Әлемде сирек кездесетін ереннің табиғи өскен ортасы – жайылма тоғай. 

©Бақытжан Батырханұлы

Сан алуан түрлі табиғи ландшафтардың арасында осыдан екі миллион жыл бұрын мұз басу дәуірінен бері сақталып қалған ерекше ағаштар кездеседі.

©Бақытжан Батырханұлы

Табиғи ескерткіш атына ие болған, өткен дәуірдің өсімдіктер әлемін сипаттайтын Шарын өзені бойындағы тоғайда өсетін соғды ерені сол замандардың куәсі. 

Ылғал сүйгіш, ұсақ жапырақты соғды ерені – Fraxinus Sogdiana Bunge – биіктігі бойынша бірінші қабатты ағаш түрі. Жекелеген ерекше ағаштың биіктігі 31 метрге, ал кеуде биіктігіндегі диаметрі 147 см жетеді.

©Бақытжан Батырханұлы

Ересек жастағы ерен орманының орташа биіктігі (50-60 жыл) – 24 метр, ал диаметрі 44-46 сантиметрді құрайды. Бөрікбасының пішіні доғал – шар тәрізді. Жапырағы қою жасыл түсті, бір сағақта 7-11 жапырақ ромб және доғал тәрізді болып орналасады. 

Жапырақтың жиегі – ара тісті болып келеді. Өркендері қою жасыл түсті, ақ теңбілі бар. Тұқымы – қанатты ланцет пішіндес. Қанаттарының ұзындығы 3-6 сантиметр аралығында қатты өзгереді. 

©Бақытжан Батырханұлы

Тұқымы тамыз айының соңы, қыркүйектің басында пісіп жетіледі. Піскен тұқымдар ағаш бұтағында ұзақ салбырап тұрады, кейде қыста да көруге болады. Жапырақтарының түсуі біркелкі емес – тамыз айының ортасынан бастап, қыркүйектің соңына дейін жалғасады. 

Соғды ерені ыстыққа төзімді, ауаның құрғақшылығын орташа (13-15%) көтереді. Топырақтың сортаңдануына төзімді, хлоридті және сульфатты сортаңды топырақта өсе алады. 

©Қарлыға Бүйенбай

Соғды еренінің биіктігі 30 жасында 20-25 метрге дейін жетеді және 300 жылдан аса тіршілік етеді. Жас кезінде ағаштың бөрікбасы жіңішкелеу дөңгеленген болса, ал ересек жаста жан-жағына жайылып өседі. Діңі түзу өскен, бұтақтары әдемі өрнектелген және мықты болып келеді, бұтақтану кезеңі 40-60 жылға созылады. Тамыр жүйесі жақсы қалыптасқан қуатты, жуан, топырақтың беткі сортаңдау қабатынан өтіп, жер асты суына дейін жетеді. 


Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?


Соғды еренінің 4-6 жастағы жас шыбығының тамыры 1,5 метр тереңдікке барады. Ағаштың жемістену жасы 15-20 жылдан басталады. Тұқымның өнгіштік қабілеті 3-4 жылға дейін сақталады. Шарын өзені жағалауындағы соғды ерені негізгі орман алқабын құрап, басты түрі болып саналады. 

©Қарлыға Бүйенбай

Ұлттық табиғи парк аумағындағы тоғай орманының негізгі құрамы – таза соғды ерені. Оның орман алқабындағы көлемі 35 пайызды құрайды. 

©Бақытжан Батырханұлы

Өзен бойындағы тоғайда соғды еренімен бірге тораңғы және терек өседі. Тораңғы соғды еренімен бірге палеоген кезеңінен бері сақталып, өсіп келе жатыр және сирек кездесетін ағаш түрі ретінде еліміздің "Қызыл кітабына" енгізілген. 

©Бақытжан Батырханұлы

Шарын өзені бойындағы тоғайдың екінші террассасында жайылма орманды, жапырақты-бұталы "Қызыл кітапқа" енгізілген Іле бөріқарақаты, Іле ұшқаты өседі. Бұл бұта түрлерінің жемісін осында мекендейтін аңдар мен құстар қорек етеді. 

©Бақытжан Батырханұлы

Табиғи ескерткіш аумағында қасқыржем, қойбүлдірген, қосүйлі қалақай, ноғай қарақұмығы, қала гравилатын кездестіруге болады. 

©Бақытжан Батырханұлы

Сондай-ақ, сүтқоректілердің 24 түрі, соның ішінде Орта Азиялық кәмшат, қабан, түлкі, борсық, елік, герпефаунаның 17 түрі, құстардың 50-ден астам түрі, қарадегелек, маймаққаз, үлкен аққұтан, бұлбұл, алабұлбұл, қызылтұмсықты сүңгуір, үкі, бәбіскек мекендейді. 


Оқи отырыңыз: Бақыт Оразымбетова: Қазақстанда Шоқан Уәлиханов маршрутын ұйымдастыру қажет


 

Серіктестер жаңалықтары