700 мың теңгемен басталған бизнес. Ауыл кәсіпкері қалай агротуризмді дамытып отыр?

Азаматтың алма бағы. Сурет: Informburo.kz
Азаматтың алма бағы. Сурет: Informburo.kz

Азаматтың алма бағында берісі Ресей, арысы Кореядан қонақтар келіп серуендейді.

"Қатарластарың қалаға кетіп жатқанда, ауылда қалып жеке кәсіпті қолға алу үшін бір ауа мен жерге ортақтасып отырған жандарға деген махаббат керек шығар", – дейді жас кәсіпкер Азамат Берікболұлы. Бүгінде ол Алматы облысының Қызылжар ауылында демалыс кешенін ашып, оның жұмысын отбасымен бірге жүргізіп отыр. 27 жастағы үш баланың әкесі бұл кешеннің бастапқыда пандемиядан кейін адамдардың таза ауамен тынығып, бақта серуендеуі үшін ашылғанын айтады. Кейін Оңтүстік Корея, Қытай, Грузия, Ресей сынды елдерден келетін туристер көбейіп, атауын ағылшыншалап Apple house деп қойған. 

Азамат Берікболұлы Информбюро тілшісіне ауылдық елді мекенде туризмді қалай дамытуға болатынын әңгімеледі.

– Қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылатын, ерекше алма бағы бар дәмхана ашу туралы идея кімге тиесілі?

– 2017 жылы Алматы облысының Есік қаласында бір гектар жері бар үй сатып алдық. Бастапқы кезде мұнда ата-әжеміз тұрды, ал біз қонаққа келетінбіз. Үйдің үлкендері шетел аралап жүріп, "қазақтың дәстүрі мен болмысын көрсете алатын ерекше дәмхана ашсақ" деген ой тастады. Кейін 2019 жылы пандемия басталып, ішкі туризм қарқынды түрде дами бастады.

Ойлана келе үйде бір істі қолға алуды шешіп, адамдар таза ауада серуендеп, өздері өсіп тұрған алманы теріп жеп, суретке түсе алатындай бақ жасадық. Мұнда қонақтар ұлттық және Орталық Азия асханасынан дәм татып қана қоймай, бақта балаларымен бірге уақыт өткізе алады. 

– Көптеген жастар күнкөріс қамымен Алматы, Астана секілді ірі қалаларға кетіп жатады. Ауылда осындай бизнес бастау үшін қанша қаражат керек және бұл қаншалықты тиімді?

– Ауылдық жерде бизнес ашып, бірден миллиондаған қаражатқа кенелемін деу – өз-өзіңді алдаумен тең. Біріншіден, ол бизнестің қандай түрі екеніне және өзіңнің жеке ұстанымыңа байланысты. Бастаған істі жарты жолда қалдырып кетпеуге елге деген шынайы сүйіспеншілік қана көмектесе алады. Құр сөзбен айқайлап айтатын патриотық туралы емес, өзіңмен бір жерде, бір ауылда тұрып жатқан адамдарға деген жанашырлық сезімі туралы айтамын.

Біздің мақсат – ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді дәріптеу, шетелдіктерді қазақ елімен таныстыру. Қаржы мәселесіне келсек, бастапқыда тек 700 мың теңге салдық. Оған балалар ойнайтын батут, балмұздақ аппараты және қажет үстелдер мен орындықтарды сатып алдық. Сондай-ақ, жастардың қалада өмір сүруге деген ұмтылысынан теріс ешнәрсе көріп тұрған жоқпын. Тиімділікке келетін болсақ, ауылда мұндай бизнесті қолға алу оңайырақ. Өйткені, бәсекелестер аз болады. 


Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?


Азамат Берікболұлының атасы мен әжесі. © Informburo.kz 

– Шетелдіктер көп келе ме? Оларға қандай ұлттық тағамдар ұсынасыздар? Ән, би, күй шашу бола ма?

– Жаз мезгілінде Қытай, Корея, Ресей, Польша, Грузиядан, сондай-ақ, өзіміздің Атырау мен Ақтаудан келген қонақтарымыз көп болды. Туристік агенттіктердің құлағына алтын сырға, егер олар бізге алдын ала хабарласып жатса, біз міндетті түрде ән және би шашу дайындап қоямыз. Десе де, шетелдіктерді көбінесе қазақтық ұлттық тағамдары қызықтырады. Сондай-ақ, келген қонақтарымыз кез келген уақытта баққа кіріп, алма тере алады. 

– Шетелдіктер қандай тағамдарға тапсырыс береді?

– Олар көбінесе бауырсақты ұнатып жеп, кейін аспазшыларымызбен бірге пісіріп көруге сұранады. Ет пен сірне, қымыз бен шұбатқа қайта айналып келіп тапсырыс береді. Шетелдіктерге ауылдың қарапайым тұрмысы мен алма бағының ішінде демалу ұнайтынын байқаймыз. Қазақстандағы алма сорттарына қызығып жатады. 


Оқи отырыңыз: Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы қалай түрленді? Фотоайғақ


– Бақта қандай алмалар өседі? Олар ерекше күтімді қажет ете ме?

– Жыл сайын 5-6 тоннадай өнім алып, оларды арнайы тоңазытқышта сақтаймыз. Жалпы, алманың "американка", "айдарлет", "золотой превосход", "Рахат", "Айнұр" секілді сорттары өсіп тұр. Тиісінше суарып, түрлі дәруменмен қоректендіреміз.

Apple house кешенінің өнімдері. © Informburo.kz 

– Алма бағының ортасында әйнектен жасалған ерекше ғимаратты байқадық. Онда қонақтар кіре ала ма?

– Бастапқыда оның суретке түсетін аумақ болғанын қаладық. Уақыт өте келе шыны ғимарат ер азаматтардың сүйіктісіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайтын жеріне айналды. Олар ғимаратты өз қалауынша безендіріп, отырыстар өткізеді. Әзірге бұл жерді жалға алу тегін, егер ертерек ескертсе, қолдан келген көмегімізді аямаймыз. 

– Өнімдеріңізді қала дүкендерінен көрмедім. Оларды экспорттау жоспарда бар ма?

– Иә, әзірге түрлі салат, тосап, компот өзіміздің кешенде ғана сатылып жатыр. Қонақтарға ұсынатын сусындар мен өнімдердің көбісін өзіміз қолдан әзірлейміз, бәрі де табиғи өнімдерден жасалған. Болашақта құжаттарды реттестіріп, дүкендермен келісімшартқа отыру жоспарда бар. 


Оқи отырыңыз: Ғалым Мәншүк Жексембекова: Қазақстанда күнделікті тағамға жаңғақ қосу мәдениеті қалыптаспаған


Apple house кешеніндегі алма бағы. © Informburo.kz 

– Ауылдық елді мекендерде жергілікті туризмді дамытуға бағытталған тренингтер өте ме? Олар қаншалықты пайдалы?

– Осы жазда QazaqGeography мұрындық болған екі тренингке қатыстым. Ауыл азаматтары үшін бұл тренингтер тәжірибелі кәсіпкерлермен таныстыратынымен құнды. Олармен өзара тәжірибе алмасып, бір-бірімізге қол ұшын созуға тырысамыз. Мысалы, осы жиындардың бірінде бізге "балымызды кешеніңізде сатсақ бола ма?" деген ұсыныс түсті. Білген білімімізді көбірек бөліссек, елдегі туризм бұдан да асқан қарқынмен дамитын еді деп ойлаймын.  

 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары