Тікелей эфир

Бақыт Оразымбетова: Қазақстанда Шоқан Уәлиханов маршрутын ұйымдастыру қажет

Экскурсовод туризм саласын дамыту туралы әңгімеледі.

Бақыт Оразымбетова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет және туризм қайраткері, қазақ спорт және туризм академиясының туризм ҒЗИ жетекші экскурсовод-әдіскері, материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының мүшесі, Ұлы Жібек жолы тақырыбы бойынша ҚР ұлттық жаттықтырушысы.

Бүкіл ел бойынша эксклюзивті экскурсиялардың авторы Қазақстанда міндетті түрде бару керек жерлердің реестрі мен Шоқан Уәлиханов маршрутын жасау, патриотизм, әлеуметтік туризмдегі шаманизмнің көбеюінің себебі туралы әңгімеледі. 

– Бұрын экскурсоводтарды қалай дайындады?

– 1978 жылы Алматы қаласында алғаш рет дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ қолдауымен дәрігерлік көмекті жетілдіруге арналған халықаралық конференция өтті. Осы конференция кезінде жол нұсқаушылар мен экскурсоводтар қажет болды. Тиісті курсты тәмамдап, осы экскурсоводтардың қатарына қосылдым.

Кейін әпкеммен бірге Иран королі Мохаммед Реза́ Пехлеви́мен жұмыс істедім. Осы жұмысым менің тағдырымды түбегейлі өзгертті десем болады. Өзіме қандай жағдай тап болсам да, туған жерім, туған тарихым туралы айтуды тоқтатпаймын деп сөз бердім. Жалпы экскурсовод болу үшін білімді ұстаз, оқуға және алған білімді басқалармен бөлісуге деген құштарлық қажет. 

– Қазақстанда "міндетті түрде бару керек" жерлердің реестрін жасауды ұсындыңыз. Бұл тізімде қай жерлер қалып кетпеуі керек?

– Әлемде ішкі туризмнің ортақ концепциясына айналған кластер бар. Соның негізінде өте маңызды құжат құрылады. Мысалы, ішкі туризмдегі ортақ ұлттық маңызы бар маршруттар. Өкінішке орай, қазір бізде мұндай жоқ. Осы тізімге Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, қазақтың Моцарты Құрманғазы, Қобыланды және басқа да батырларымыздың туып-өскен жері, жүрген жолы, кесенелер, ірі шайқас болған жерлер енуі керек.

Дара тұлғаларымызға тағзым ету арқылы оларға бір табан жақындай түсеміз. Осындай реестр арқасында қазақстандықтар мен шетелдіктерде Қазақстан, қазақ халқының тыныс-тіршілігі, мәдениеті мен өнері туралы терең түсінік пайда болады. Жас өрендерді де елі мен жерін сүюге жетелейміз. 

©Бақытжан Батырханұлы

– Патриотизмге тәрбиелеудің ең әсерлі жолы қандай?

– Патриотизм сөзіндегі "патри" бөлігі латын тілінен аударғанда "Отан" деген мағынаны білдіреді. Осы Отанға деген махаббат кішкене қара шаңырақтан дариды. Ол "Мен Отанды сүйемін, Отаным бәрінен жоғары" деп кеудені ұрып, аттандайтын сөздер емес, үнсіз, іштей ғана сезіне алатын махаббат. Тәуелсіз туған жеріміздің бар екені бақыт. Батырларымыз қасық қаны қалғанша күреспегенде, билеріміз дұрыс жолға бағыттамағанда, хандарымыз дұрыс шешім қабылдамағанда бұл Тәуелсіздігіміз болмайтын еді ме?

Екінші жағынан қазақта "Қарға баласын аппағым дейді, кірпі баласын жұмсағым" дейді деген сөз бар. Бірақ Отанға деген махаббат объективті болуы тиіс. Бауыржан Момышұлы айтқандай, өз халқыңды сүю деген, өзге ұлтты жек көру деген сөз емес. Біз өзге халықтардың дәстүрі мен мәдениетін құрметтеуіміз керек. Отансүйгіштік туралы айтқанда Шоқан секілді дара тұлғаларымыз үлгі аларлық патриоттарымыз. 

– Сіз Шоқан Уәлиханов маршрутын жасауды ұсынған едіңіз. Оған қай жерлер кіруі керек деп есептейсіз?

– Шоқан Уәлиханов маршрутымен Қазақстан бойынша тур жасауға болады. Қостанай облысындағы Күнтиместен бастап, Сырымбет, Ом, Алтын-Емел, Қашқар, кейін Есік өзеніне дейін жалғасатындай. Мұны гранд тур деп атауға болады. Кейін ішінен таңдап алып бару мүмкіндігін енгізу қажет. Бастысы – осы тур кезінде барлық ақпаратты ғылымға негіздеу.


Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?


– Интерпретацияның басты шарты ғылым, дедіңіз. Туризмде аңызға орын жоқ па?

– Саяхат кезінде аудитория әртүрлі болады. Мысалы, балаларды қызықтыра түсу үшін аңыз айтып беруге болады. Бірақ ғылымға негізделген ақпарат қоса жүруі керек. Аңыз көркем жерлерге және тарихта ерекше есте қалған адамдарға қатысты болады. Мысалы, Бауыржан Момышұлы, Шоқан Уәлиханов аңыз адамдар. Олар туралы не айтсақ та, барлығы фактіге негізделген. Ал логикаға негізделген аңыздарды әңгімені қызықты ете түсу үшін айтуға болады. "Тұтқын кавказ қыз" фильмінде Шурик фольклорды оқып, кейін құстарға жаным ашиды деп жылайды. Сол жерде оның қателігі туралы да айтылады. Мұндайдан қашуымыз керек. 

©Бақытжан Батырханұлы

– Қазір "қасиетті жерлерде" бедеулікті емдеу, жазылмас аурудан айығу, бір сәтте байып кету жолдарын үйрететін бақсы-балгерлер көп. Шаманизмге жақын әрекеттерді қаншалықты құптайсыз? 

– Мұны "әлеуметтік туризм" деп атаймыз. Бірде Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы әулие жерлердің маршрутын жасадық. Әріптестерім "Халықты мұндай шаманизм жайлаған жерлерге жібермеуіміз" керек деп қарсыласты. Меніңше, біз бар болғаны жаны ауырған жандарға шипа болып, олардан махаббатымыз бен мейірімімізді аямауымыз керек. Мысалы, баласы аутизм, церебралды сал ауруы, олигофрения секілді ауруларға шалдыққан әйелдерді күйеуі тастап кетіп жатады. Бұл моральдық тұрғыда да, материалдық тұрғыда да өте қиын.

Жақын достары мен туыстары сөзбен қолдап, жанына демеу болудың орнына, әулие жерлерге бағыттап жібереді. Кезінде қазақтарда әруаққа табыну болғанын еске алып, сонда барады. Егер шын көмектескіміз келсе, осы маршруттарда гуманизация жасап, жаны қиналғандардан мейірімімізді аямауымыз керек. Сонда ғана олар халықты алдайтын бақсы-балгерлерге бармайды. 

– Уикипедия ақпаратынан ары аспайтын нұсқаушылардың міндетіне тек жолды дұрыс көрсету кіре ме?

– Олар ары қарай дамып, экскурсовод болғысы келсе, бұл мамандық жан-жақтылықты талап етеді. Мысалы, бір ғана Шарын шатқалы туралы айту үшін 11 пәнді қатар білу қажет. Ол гидрология, геоморфология, география, ораграфия және т.б. Хан-Тәңірі туралы айту үшін оның қалай түзілгенін, неліктен шыңының мәрмәрдан құралғанын, қырғыздардың неге оны басқа атайтынын, Мұқағалидің оны өлеңдеріне қосқанын білуіміз керек. Яғни "5 W" сұрағына жауап береміз. Ал бұл үшін үлкен эрудиция қажет. Әл-Фараби мен Рудаки айтқандай, білім адамда барлық қасіреттен қорғайды. Бұдан өзге жастардың көркем әдебиеттен алыстауы – бөлек әңгіме. 

©Бақытжан Батырханұлы

– Туризмді дамытушы ретінде арманыңыздың шыңы қандай?

– Қаңтар қырғыны кезінде көп адам баласын жоғалтып, қайғырды. Өзімнің әріптесім де баласын жоғалтты. Өмір қасқағым сәттей өте қысқа екенін көрдік. Бұл қырғын үкіметтің бізді қорғауы керек екенін, ал халықтың ел игілігі үшін еңбектенуі керек екенін көрсетті. Осы бағалауымыз керек қысқа ғұмырдағы менің арманым – Қазақстанда этнотуризмнің нығайғанын көру, сол жолда өз үлесімді қосу. Ұсынушы қызметін ұсынғаны үшін, ал екінші тарап сол қызметті алғаны үшін өзін бақытты сезінетін гармонияда өмір сүреміз деп ойлаймын. Мен тек Қазақстанды емес, барлық мемлекетті көруіміз керек деп ойлаймын.

Бірде Олжас Сүлейменов "Біз басқаларды тану арқылы өзімізге бір табан жақындай түсеміз" деп айтқан екен. Расымен де, шетелге барып келсек, "Бұл бізде де бар ғой. Ал мынау бізде басқаша ғой. Біз де осылай жасауымыз керек екен" деп келеміз. Бірақ шетелден келген соң елді сынаудың қажеті жоқ. Бастысы адам декорацияны ауыстыру арқылы таным-түсінігін кеңейтеді. Туризм адамдарды сүюді, үлкен білімді, міндет қылмай қызмет етуді қажетсінеді. 


Оқи отырыңыз: Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған кітапта ғалым жайлы тың деректер ашылды


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары