Тікелей эфир

Мүгедектерге арналған жаңа жәрдемақы. Қайда және қандай құжат өткізу керек?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жәрдемақы 24 мыңға жуық адамға төленеді.

Қазақстанда жаңа жәрдемақы енгізілді. Бұл әлеуметтік көмек мүгедектік себебіне қарамастан, I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға беріледі. Informburo.kz жәрдемақы қалай тағайындалады, қандай құжаттар қажет деген сауалдарға жауап береді. 

№1. Құжат қабылдау басталды ма?

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына сәйкес, Қазақстанда мүгедектік себебіне қарамастан, I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы тағайындалады. Заңды іске асыру үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің "Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 3 маусымдағы № 445 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

4 қарашада мүгедектік себебіне қарамастан, I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы алу үшін құжат қабылдау басталды. Жәрдемақы ХҚКО-ға жүгінген күні тағайындалады.

№2. Жәрдемақы мөлшері қандай?

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерін құрайды. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылы – 34 302 теңгеге тең. Сонда мүгедектік себебіне қарамастан, I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшері 2021 жылы 48 023 теңгені құрайды. 

№3. Қандай құжаттар қажет?

I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар осы жәрдемақыны тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне өтініш бере отырып, оған мынадай құжаттарды қоса тапсырады:

  • жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, қандас куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат);
  • I топтағы мүгедекке қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат (ондай дерек болған жағдайда);
  • күтім жүзеге асырылатын адамның мүгедектігі туралы анықтама;
  • сәйкестендіру үшін – жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат;
  • психикалық денсаулық орталығында есепте тұру дерегінің жоқтығы туралы анықтама.

Бұдан басқа, күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адамның әрекет қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басын куәландыратын құжат бойынша ҚР Әділет министрлігінің "Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқоры" ақпараттық жүйесінде тексеріледі.


Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға берілетін жәрдемақы 20% ұлғаяды


№4. Қанша адам жәрдемақы алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазіргі таңда I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Олардың арасында комаға түскен науқастар, төсек тартып жатқан мүгедектер бар. Қабылданған заңның арқасыда бөгде адамның күтіміне мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады. 

№5. Жәрдемақы қалай төленеді?

Күтім жасайтын адамға жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек өтініш жасаған күннен бастап бірінші топтағы мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге тағайындалады және төленеді. Бірінші топтағы мүгедек қайтыс болған жағдайда күтім жасайтын адамға жәрдемақы – қайтыс болған айды қоса алғанда, ал бірінші топтағы мүгедек немесе күтім жасайтын адам басқа елдімекенге не шетелге көшкен жағдайда, көшкен айды қоса алғанда төленеді.

№6. Отбасында бірнеше мүгедек болса, жәрдемақы әрадамға жеке есептеле ме?

Иә, отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүгедек тұрса, күтім жасайтын адамға жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалады және төленеді. Бірінші топтағы мүгедекке күтімді бірнеше адам жасаса жәрдемақы олардың біреуіне ғана тағайындалады. Сондай-ақ, бірінші топтағы мүгедек және күтімді жүзеге асыратын адам бір елдімекенде тұруға тиіс.

№7. Күтім жасайтын адамға қандай жағдайда жәрдемақы тағайындалмайды?

Келесі себептер анықталса:

  • кәмелетке толмаса;
  • заңды күшіне енген сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылса;
  • психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрса;
  • бірінші топтағы мүгедек толық мемлекететтің қамтамасыз етуінде болса күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындалмайды.

Оқи отырыңыз: Мүгедектер неге несие ала алмайды? Қазақстанда қаржылық инклюзияның дамуы кенжелеп тұр


№8. Жәрдемақы қандай жағдайда тоқтайды?

Келесі жағдайлар болса:

  • бірінші топтағы мүгедектің немесе күтім жасайтын адам өтініш жасаса;
  • бірінші топтағы мүгедек немесе күтім жасайтын адам қайтыс болса;
  • бірінші топтағы мүгедек немесе күтім жасайтын адам басқа елдімекенге не шетелге көшіп кетсе;
  • мүгедектің мүгедектік тобы өзгерсе күтім жасайтын адамға жәрдемақы төлеу тоқтатылады.

Сондай-ақ, бірінші топтағы мүгедек күтім жасайтын адамды ауыстыру туралы Мемлекеттік корпорацияға өтініш бере алады.

Серіктестер жаңалықтары