Тікелей эфир

Мәжіліс депутаты: Мүгедектікті алу мерзімі бір жылға дейін созылады

Қазақстанда 696 825 мүгедек бар.

Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында мүгедектікті белгілеу, оны қайта рәсімдеу және балалар үшін мүгедектікті қайта қарау мерзімін ұзартуға қатысты мәселені көтерді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, республикада 696 825 мүгедек бар. Оның ішінде 598 571 адам (85,9%) ересектер және 98 254 адам (14,1%) 18 жасқа дейінгі балалар бар.

"Бұл адамдардың өз бетінше көп құжат жинауы өте қиын. Бұл әсіресе ауыл тұрғындарына қатысты. Ең алдымен, мүгедектер тұрақты тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға хабарласуы қажет. Яғни, ауыл тұрғыны 4 ай ішінде диагнозын қойып, оңалту бағдарламасы мен дәрігердің бақылауынан өту кестесін жасау үшін аудан орталығына келуі керек. Содан кейін ғана түрлі құжаттарды жинауды талап ететін облыстық басқармаға медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Бұлар да айтарлықтай уақытты талап етеді. Осылайша, мүгедектікті алу мерзімі орта есеппен 2 айдан бір жылға дейін созылады", – деді Ғани Ташқараев.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: "Бақытты отбасыдан" жетімдер мен мүгедектер сырт қалып қойды


Оның сөзінше, бүгінгі күні мүгедектер мүгедектігін алу немесе растау мәселелерінде мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан толық түсіністік таба алмай отыр. Олар өз мәселелерін әртүрлі құзырлы органдарға жеткізуге мәжбүр.

"Мысалы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша 2021 жылы сотқа 102 талап арыз беріліп, қаралды. Оның ішінде 77 (75,5%) іс бойынша талап арыздар қанағаттандырудан бас тартылды және 25 іс бойынша арызданушылардың талаптары қанағаттандырылды. Әдiлет органдарына өтiнiштердiң төмен көрсетiлуi, ең алдымен, аталған тұлғалардың жалпы денсаулық жағдайымен, сондай-ақ адвокаттың шығындарын өтей алмауымен байланысты", – деді депутат.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары