USD: 465.3 / 467.9
  • EUR: 536.0 / 541.0
  • RUB: 5.35 / 5.47
Тікелей эфир
Алматы +31C
Все города

Діни уағыз бен әдепсіз әзіл. Қазақстанда асабалардың қызметін лицензиялау қажет пе

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Кейінгі кезде той жүргізуші асабалар жиі сынға ұшырап жүр.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде асабалардың тойда айтқан сөзі мен әрекетіне қатысты бірнеше видео таралып, пікірталас тудырды. Осы оқиғалардан кейін әлеуметтік желі қолданушылары арасында асабалардың қызметін реттейтін курс, сертификаттау немесе лицензиялау жүйесін енгізу қажет пе деген мәселе де көтерілді.

Желіде талқыланған кейстер

Желіде тараған видеолардың бірінде асаба Сабыржан қонақтардың мамандығына қатысты бірнеше әзіл айтқан. Мәселен, өрт сөндірушіге "Өртің көп болсын" десе, дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне "дене шынықтыруны түрмеден келгендер де істеп жатыр ғой" деп мұқатқан. Ал базарда қауын-қарбыз сататынын айтқан қонаққа үстінен "жаман иіс шығып" тұрғанын айтып, әзілдеген.

@ninasolo7771 Сабыржан өлтіреді иә осы🤣🤣 | 2часть🤍#реккесгл #хахаха #foryou #рекомендации #сабыржантамада ♬ оригинальный звук - 𝑵𝒊𝑵𝒂 𝒔𝒕𝒓𝒆𝒂𝒎𝒆𝒓

Бейнежазба тарағаннан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір бөлігі мұны тойдың көңіл-күйін көтеруге бағытталған әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі адамды көпшілік алдында мазақ етуге теңеді. 

Алайда асаба өзін сынағандарға "Тойда жүргеніме 15 жыл болды. Қатты жандарың ашыса, келіп айтпайсыңдар ма? Педофилдермен, алқаштармен, есірткі қолданатындармен, жезөкшелермен, парақорлармен  алыссаңдаршы. Тойда нәпақамызды әрең тауып жүрген адамдарда нелеріңіз бар? Ол кісілердің ешқайсысы ренжімейді – күнде тойда жүрген адамдар", – деді.

Осы асабаның бұған дейінгі тойлардың бірінде электронды темекіге ұқсас құрылғы қолданғаны түсірілген видео да әлеуметтік желіде тараған. Бұл видеоға қатысты да әртүрлі пікір айтылды. Бір қолданушылар оның әрекетін той жүргізушісінің кәсіби мінез-құлқымен байланыстырса, енді бірі мұны асабаның жүргізу стилінің бір бөлігі ретінде бағалады.

Бұдан бөлек, актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерей жүргізген той да әлеуметтік желіде талқыланды. Ол әнші Жанболат пен Жазира Байырбековардың ұлының үйлену тойын басқарып, қалыңдықтың анасына "Мен сізді көшеде көрсем алып қашуға дайынмын" деп әзілдеймін деп, сынға қалған еді.

Сонымен қатар тойда би жарыс ұйымдастыратын асабалар да кейде көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Желі қолданушылары мұны "ерсі", "ұят" деп қабылдап жатады.

Асабаға қатысты пікірлер

Желі қолданушылары асабалардың әрекетін әртүрлі тұрғыдан талқылап жатыр.

Мұхамеджан Тазабек тойдағы сөз бен әзілді қоғамның ойлау деңгейі мен тәрбиесінің көрсеткіші ретінде сипаттады. Оның айтуынша, тойдағы сөзге асабамен бірге ақсақал, имам, өнер адамы және қонақтар да жауапкершілікпен қарауы керек.

"Той – біздің мәдениетіміздің айнасы. Тойдағы сөз - халқымыздың ойлау деңгейінің көрсеткіші. Тойдағы әзіл – біздің тәрбиеміздің өлшемі. Тойдағы тәртіп – қоғамдағы тәртіптің көрінісі. Сондықтан асаба да, ақсақал да, имам да, өнер адамы да, қарапайым қонақ та бір нәрсені ұмытпауы керек: бүгін айтылған әр сөз ертең бүкіл елдің бағытына айналуы мүмкін", – деп жазды ол.

Күләйхан Сәлімбаева асабалардың әрекетін қоғамдағы ортақ мәдениетпен байланыстырып, олардың бір-бірінен асып түсуге тырысатыны туралы жазды.

"Лепірген даңғаза елді "елден ерекше" аузыма қарату үшін не ойлап тапсам екен деп: әйелді жерге домалатты, еркекті әжуалап мазақ қылып төмен қаратты, төрде кірленге шешенің аяғын жуғызды, баланы таққа отырғызды, төрге малға тезек тастатты. Лепірген ел – тасыған есерсоқ, желкөңіл. Ал енді… Желіні ашсаң- "аh" ұрып асабаға "астапыралла" деп жаға ұстаған қазақ. Асабалардың бір-бірінен өткен “өнерін”пікірде жарыса жазған қазақ. “Өнерлі” асаба аспаннан түсті ма? Жоқ қытайдан, ресейден келді ма әлде? Жоқ. Оны өзің тәрбиеледің қазақ. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Қақпақты жоғалтқан соң итке неге "өкпелегендей" сыңай танытасың?", – деп жазды желі қолданушысы.

Алмас Серікұлы асабаларға қатысты заң мен оқыту мәселесі көтеріліп жатқанын атап өтіп, асабаның ішкі мәдениетін тәрбиемен байланыстырды.

"Асабалар туралы заң керек, оқыту керек дейді. Дегенмен асаба, ішкі мәдениетті оқумен емес, текпен, тәрбиемен көрсетеді. Қалай сіңді, солай шығарады", – деп жазды ол.

Мұртаза Жүнісұлы болса, асаба қызметіне лицензия енгізуді, ол үшін арнайы сынақ тапсыртқызып, кәсіби этикалық және эстетикалық талаптар қоюды ұсынды.

Жанат Нұрмаханова асабаларға қатысты бойкот жариялау идеясын айтып, той иелерін сөз қадірін білетін адамдарды жүргізуші ретінде таңдауға шақырды.

Осылайша, әлеуметтік желідегі жазбаларда мәселені әртүрлі жолмен шешу туралы ұсыныстар айтылды: бірі оқыту мен лицензиялауды ұсынса, енді бірі мұндай қызметті той иелерінің таңдауы мен асабаның жеке мәдениетіне байланыстырады.

Асаба қызметінің қазіргі мәртебесі

Қазақстанда асабаға қызмет көрсету үшін арнайы мемлекеттік лицензия талап етілмейді. Той жүргізушілері өз қызметін, соның ішінде жеке кәсіпкер ретінде, заңнамада белгіленген жалпы тәртіппен жүзеге асыра алады. Ал асаба болу үшін арнайы мемлекеттік кәсіби сертификат немесе міндетті оқу курсын аяқтау талабы қарастырылмаған.

Сондықтан әлеуметтік желідегі пікірталаста асабалық қызметке кәсіби талап енгізу мәселесі де көтеріліп отыр.

Курс пен сертификаттауды қолдайтындар мұндай жүйе асабалардың кәсіби дайындығын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды. Лицензиялау идеясын қолдайтындар оны кәсіби жауапкершілікті белгілеудің бір тетігі ретінде қарастырады.

Ал бұл ұсыныстарға қатысты басқа пікір білдірушілер асабалықтың шығармашылық сипаттағы қызмет екенін, оның сапасын міндетті лицензия арқылы реттеу қажет емес екенін алға тартады.

Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша бірыңғай қоғамдық ұстаным қалыптасқан жоқ.

Қазіргі шешім қандай?

Тақырыпқа қатысты пікір білдірген этнограф Бұлбұл Кәпқызы тойдың қалай өтетіні той иесіне байланысты екенін айтты.

"Қазақтың тойы қазақтың этнографиясына, этнофольклорына сай болса, билері де қазақтың сыпайы әдебінен озбаса деймін. Той иесі асабамен де, бишілермен де алдын ала келісуі керек. "Біз дәстүрден озбаймыз" деген талапты нақты қойған жөн. Асабалар үлкендерді келемеждейтін, келін мен енені бір-біріне қарсы қоятын әзілдерден аулақ болуы керек. Өкінішке қарай, кейбір тойларда "келіннің жауы – ене" деген сияқты сөздер айтылып жатады. Бұл қандай үлгі, қандай тәрбие? Өзім де жақында келін түсіріп, той жасадым. Асабамен де, тойға шақырған бишілермен де алдын ала әдеп жөнінде келістім", – дейді этнограф.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау