"Мен де буллинг құрбаны болдым". Мектептегі әлімжеттік туралы "Тоқылдақ" фильмі түсірілді

Фильмде мектептегі әлімжеттік мәселесі қозғалады. Фото: "Тоқылдақ" фильмінен кадр
Фильмде мектептегі әлімжеттік мәселесі қозғалады. Фото: "Тоқылдақ" фильмінен кадр
Мистикалық триллер әрі әлеуметтік драма жанрындағы фильм үлкен экранға 26 қарашада жол тартады.

26 қарашада мектептегі буллинг, жасөспірімдер қатыгездігі мен отбасындағы немқұрайлылықты арқау еткен "Тоқылдақ" мистикалық триллері прокатқа шығады. Режиссер Арыстан Кауневтің дебюттік фильмінде қатарластарынан қорлық көріп, жақындарынан қолдау таппаған жасөспірімнің оқиғасы баяндалады.

Осы орайда Информбюро тілшісі фильм авторларымен сөйлесіп, олардың буллинг мәселесіне қатысты көзқарасын білді.

Фильм не туралы?

Олжас – сыныптастары келеке етіп, қорлық көрген буллинг құрбаны. Үйінде оны ешкім түсінбейді. Мектепте ешкім қорған бола алмайды. Болған жағдайды анасына айтып бергені үшін құрдастары оған "Тоқылдақ" деген лақап ат қояды. Алайда мектептегі жанжал көп ұзамай қорқынышты оқиғаға ұласады. Қолдау көрмей, тығырықтан шығар басқа жолды таппаған жасөспірім ішкі күйзелісін жұмбақ дәптердің беттеріне түсіре бастайды. 

Оқиға Стивен Кингтің "Кэрри" атты аңызға айналған туындысымен үндесіп, қатыгездік жазасыз қалмайтынын еске салады.

"Біз буллинг туралы ғана емес, ешкім елемейтін адамның жалғыздығы туралы да айтқымыз келді. Триллер элементтері бар мистикалық драма қорқынышпен қатар жанашырлық арқылы жасөспірімдерге түсінікті тілде сөйлесуге мүмкіндік береді. Бұл оқиға тек жасөспірімдерге ғана емес, ересектерге де арналған. Себебі кинотуынды бөгде адамның жан ауруын байқамау қаншалық оңай екенін, ал немқұрайлылық қаншалықты қымбатқа түсетінін көрсетеді", – деп атап өтті продюсер Анна Чакиртова.

Дебюттік жұмыс

Режиссер-дебютант Арыстан Каунев көрерменге ол "Sheker" сериалының авторларының бірі ретінде таныс. Сонымен қатар Арыстан "Брат или брак", "Қазақша бизнес" және "Дәстүр: Теріс бата" сияқты танымал жобалардың сценарийлерін жазуға көмектескен.

Режиссер Арыстан Каунев. Фото: "Тоқылдақ" фильмінің баспасөз қызметі

"Sheker" сериалында біз адамның моральдық тұрғыдан құлдырауын, оның біртіндеп құбыжыққа айналуын зерттедік. "Тоқылдақта" да осы тақырыпқа қайта оралсақ та, бұл жолы мүлде басқа қырынан көрсетеміз", – дейді режиссер.

Фильмде басты рөлді "Тренер аға" сериалында танымал болған Мағзаман Төренияз сомдап шықты. Сондай-ақ фильмге Толқын Нұрбекова, Әсел Акбарова, Амина Оразбай, Жасұлан Айтен, Алмагүл Сағындық, Кенжебек Башаров және басқа да актерлер түсті.

Түсірілім жұмысы. Фото: "Тоқылдақ" фильмінің баспасөз қызметі

Фильмнің бас продюсерлері – Анна Чакиртова мен Анар Жүнісова. Олар "Приговор", "Чёрный двор", "Қара бекіре" және "Таргет" сериалдарында жұмыс істеген.

"Дебют – бұл жаңа буын, жаңа кино тілі. Режиссер алғашқы фильмінде көрермен алдында шынайы болады. Ол тәуекелге барып, өз дауысын іздейді және оқиғаны өз көзқарасымен көрсетеді. Сондықтан жас авторларға мүмкіндік беру керек. Арыстанды автор ретінде бұрыннан бағалаймын, сондықтан осы жобаны бірге жүзеге асырғанымыз үшін қуаныштымын", – дейді продюсер Анар Жүнісова.

Буллинг тақырыбы неге өзекті?

Фильм авторлары буллинг тақырыбы қоғамда өзекті екенін, сондықтан мұндай проблемаларды қоғам бірлесе отырып шешуі қажет дейді. Десе де өздері де қатарластарына буллинг жасағанын не буллинг құрбаны болғанын жасырмайды.

"Мен буллинг құрбаны болған жоқпын, керісінше, оның екінші жағында болдым. Бұған қатты өкінемін. Бірақ ол кезде кішкентаймын, әрі қиын кездер еді. Күшпен бәрін жеңуге болады деп ойладым. Мектепке ата-анамды шақырғанда олар менің істегендерім үшін қатты ұялатын. Жоғары сыныптарда басқа қызығушылықтарым пайда болып, сыныптастарыммен де қарым-қатынасым өзгерді. Олармен осы күнге дейін араласып тұрамын", – деді фильм продюсері Анар Жүнісова.

Фильм кейіпкерлері. Фото: "Тоқылдақ" фильмінің баспасөз қызметі

Фильм режиссері Арыстан Каунев үшін бұл тақырып таңсық емес. Оқушы Арыстан алтыншы сыныпта Ақмолаға көшіп келіп, жаңа мектепте оқи бастағанда қатарластарынан әлімжеттік көрген. 

"Неге екені белгісіз, бірінші ауысымда тек үздіктер мен озат оқушылар, ал екінші ауысымда қалғандары оқитын еді. Үштік бағаларымның кесірінен бірінші ауысымда оқи алмадым. Өз сыныбыма кірген бойда-ақ кейбір оқушылардың жасы менен үлкенірек екені бірден байқалды. Олар менің мазамды алатын. Желкеден ұратын, құлақтан шертіп соғатын, ақшамды тартып алатын. Бұл сыныпта ешкім оқымайтындай әсер қалдырды. Сол кезде мен мектепке бармай қойдым. Әдетте тез сіңісіп кетуші едім, ал бұл жолы мүлдем қаламадым. Екі апта бойы мектепке барған жоқпын. Тек екі аптадан кейін ғана мектептен ата-анама қоңырау шалып, қайда жүргенімді сұрады. Содан кейін үйдегілерге бәрін айтып бердім. Содан кейін мені басқа мектепке ауыстырды", – деді фильм режиссері Арыстан Каунев. 

Әсел Акбарова. Фото: "Тоқылдақ" фильмінен кадр

Актриса Әсел Акбарова "Тоқылдақ" фильмінде мектеп директорының рөлін сомдайды. Ол оқушылардан емес, мұғалімдер тарапынан буллинг көргенін айтып отыр.

"Бірінші сыныпқа барып, енді-енді жазуды үйреніп жүрген кезім. Дәптердегі үй жұмысын көрсеткен кезде мұғалім бүкіл сыныптың көзінше: "Ойбай, мынаны қалай-қалай жазғансың? Бір сөйлемін өзің, бір сөзін атаң, бір сөзін әжең, мамаң жазған ба?" – деген. Алғашқы ұстазың сөйтіп айтса оқығың келмей қалады. Оңаша айтса болады, бірақ бүкіл балалардың көзінше айтудың қажеті жоқ. Өкінішке қарай, кейбір мұғалімдер тарапынан осындай оқылықтар, кемшіліктер болады", – деді актриса.

Буллинг тақырыбын қозғайтын көптеген жобаға түсіп жүрген актер Айбарыс Сауытқан өзі буллинг құрбаны болмаса да, өзгені сөзбен келеке еткені үшін өкінетінін айтты. Ал Жасұлан Әйтен мектепте өте тәртіпсіз оқушылардың бірі болғанын, буллинг жасағаны үшін әлі күнге дейін ұялатынын жеткізді.

Фильм кейіпкерлері. Фото: "Тоқылдақ" фильмінің баспасөз қызметі

Актриса Амина Оразбай кейіпкері Әсел секілді қыздар мектепте болғанын, мұғалімдер сыныпта жоқ кезде екі қыз қабырғаға тақап, мойнынан ұстап көтергенін, қорқытып әңгіме айтқанын еске алды. Ол мектептен шыққан соң анасына хабарласқан, бірақ қорыққан соң бәрін айта алмаған.

Басты кейіпкер Олжастың анасын сомдаған актриса Толқын Нұрбекова ата-ана мен ұстаз балалардың пікіріне құлақ асып, олармен тең дәрежеде сөйлесу керек дейді. "Тоқылдақ" фильмін көрген соң ата-ана баласымен сөйлесіп, қарым-қатынасына жаңаша көзқараспен қарайды деп үміттенеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау