Соңғы жылдары қазақ тойларының форматы айтарлықтай өзгерді. Бұрын тойдың негізгі мазмұны салт-жоралғылар мен ән-күйге негізделсе, бүгінде арнайы қойылған би нөмірлері мерекенің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Жас жұбайлардың алғашқы биі, әке мен қыздың вальсі, күйеу жігіттің достарымен немесе қалыңдықтың құрбыларымен дайындаған қойылымдары, тіпті кәсіби би ансамбльдерінің қатысуы – бүгінде көпшілік тойда кездесетін көрініс.
Әлеуметтік желінің ықпалымен той индустриясында жаңа трендтер жиі пайда болып, тез таралады. Алайда олардың барлығы бірдей қоғамның қолдауына ие болып отырған жоқ. Әсіресе ұлттық дәстүр, әдеп және отбасылық құндылықтар тұрғысынан түрлі пікір туғызатын би нөмірлері жиі талқыға түседі.
@baglan_abdraimov ♬ оригинальный звук - Baglan
Соңғы бірнеше жылда ұзату тойда әкесі мен қызының вальс билеуі дәстүрге айналды. Бұл, негізінен, Батыс елдеріндегі үйлену тойларында жиі кездесетін көрініс. Онда неке қию салтанатында қалыңдықты әкесі ертіп шығады, осылайша қызын жаңа өмірге "шығарып салады".
@azhar_restaurant Жүректі елжірететін кадр…🕊️ Сіздерде де осындай сәт болды ма?🥹 #той #ұзату #әке #вальс #ресторан ♬ оригинальный звук - azhar_restaurant
Қазақстанда да мұндай көріністі жылы қабылдайтындар бар. Олар әкесі мен қызының арасындағы ерекше байланысты, қоштасу сәтіндегі эмоцияны көрсететін әсерлі сәт деп есептейді. Мұндай видеолар әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинап, көпшілік тарапынан жылы пікірге ие болып жатады.
@event.miras Недеген креатив😱😍🔥🤯 #alem #той #ресторан #алматы #рек ♬ оригинальный звук - event.miras
Алайда бұл үрдісті қазақы дүниетанымға сай келмейді деп сынайтындар да аз емес. Әсіресе әлеуметтік желіде әкесі мен қызының ұзақ құшақтасып, көз жасына ерік беріп билейтін видеолары қызу пікірталас тудырады.
Тойдың тағы бір жырамас бөлігіне айналған тағы бір дәстүр – жас жұбайлардың алғашқы биі. Кей жұп бұл сәтті ерекше есте қалдыру үшін бірнеше апта бойы хореографпен дайындалады. Қарапайым вальспен шектелмей, заманауи би, киім ауыстыру, арнайы жарық, түтін эффектілері қолданылатын қойылымдар да көбейді. Кейбір жұптар белгілі фильмдердің немесе музыкалық қойылымдардың сюжетін қайталаса, енді бірі әлеуметтік желіде трендке айналған билерді таңдауға тырысады.
@ar_trend Тойда би билеп, жұртты өнеріне тәнті еткен ерлі-зайыптының видеосы желіні жарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Тойда бірнеше ән бірігіп, попурри жасалып, оған жұбайлар билеп, өнерін көрсетеді. Олардың биі желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленді. «Қандай әдемі! Киімдері де билері де үйлесіп тұр», «Үлгі болып жүре беріңдер. Аман болыңдар. Бақытты болыңдар!», «Сүп-сүйкімді, жарасымды жұп. Билері өте тамаша!», «Қандай әдемі жұп! Билері де үлгі боларлықтай жастарға. Киімі келіннің қандай тартымды. Біздің жастарға үлгі», - деп жазды желі қолданушылары.
♬ оригинальный звук - Ar_trend
Дегенмен көрерменнің назарын аударуға деген осындай ұмтылыстар да кейде сынға ұшырайды. Әлеуметтік желіде тараған кейбір видеолардағы интимдік сипаттағы қимылдар, шамадан тыс жақын пластика немесе ойын-сауық клубтарына тән элементтер көпшілік тарапынан той форматына сәйкес келмейтін әрекет ретінде бағаланып жатады. Мұндай жағдайларда пікірталас бидің көркемдігі туралы емес, оның отбасылық мерекенің сипатына қаншалықты сәйкес келетіні жөнінде өрбиді.
Тойларға шақырылатын кәсіби би ансамбльдері де сыннан кенде емес. Әсіресе бишілердің ашық киімдері мен кейбір би қимылдары жиі сыналады.
@fiesta_danceschool Мы умеем превратить любое мероприятие в легенду. Танец «Латино» с яркими костюмами — публика в восторге!🔥🔥🔥 #шоубалеталматы #той #рекомендации #банкетныйзал #хореография ♬ оригинальный звук - SHOWBALLET ✨FIESTA✨
Осылайша бүгінгі қазақстандық той мәдениетінде би тек көңіл көтерудің құралы емес, қоғамдағы талғам, ұлттық болмыс, этика және заманауи трендтердің арақатынасы туралы пікірталастың да өзегіне айналып отыр.
Бұл мәселеге қатысты ұлттық дәстүр мен қазіргі үрдістердің арақатынасы, тойдағы мәдени және этикалық шекара туралы этнографтардың көзқарасы қандай? Осы сауалға материалдың келесі бөлімінде сарапшы пікірі арқылы жауап іздейміз.
Этнограф: Қазақтың тойы қазақтың әдебінен озбауы керек
Тойдағы би мәдениетіне қатысты қоғам пікірі екіге жарылғанымен, этнограф Бұлбұл Кәпқызы мұндай өзгерістердің барлығы бірдей қазақтың дәстүрлі дүниетанымына сәйкес келе бермейтінін айтады.
Этнографтың сөзінше, соңғы жылдары кең тараған әкесі мен қызының вальсі қазақтың үйлену салтында болмаған.
"Әкесі мен қызының билеуі, әкесінің қызын жетектеп күйеу жігітке әкеліп беруі – қазаққа тән дәстүр емес. Қазақта қызды күйеу жігітке жеңгелері жетектеп әкелген. Тіпті анасы да, ағалары да бұл рәсімге араласпаған. Бұл – қазақ мәдениетіндегі сыпайылық пен әдептің көрінісі. Сондықтан бүгін жеңгелер атқарған рөлді әкенің орындап жүргенін дұрыс деп есептемеймін", – дейді этнограф.
Сарапшының пікірінше, тойдағы би тек көңіл көтерудің құралы емес, халықтың эстетикалық талғамы мен мәдениетін де көрсетуі тиіс.
"Қазақ биінің табиғатына қарасақ, белден төмен дене мүшелерін ерекше қимылдатып билеу болмаған. Қазақтың биі қолдың нәзік қимылына, құстың қалықтағанын бейнелейтін пластикаға негізделген. "Қамажай", "Қарлығаш" сияқты билер соның дәлелі. Сондықтан бүгінгі тойларда "тосынсый" деп көрсетілетін дөрекі қимылдарды құндылығы бар дүние деп айта алмаймын", – дейді ол.
Этнограф тек би қимылдары ғана емес, бишілердің киімі де ұлттық тойдың атмосферасына сай болуы керектігін атап өтті.
"Қазір кейбір тойларда асабалар мен бишілердің бәрі ақ түсті киім киіп шығады. Бұл да дұрыс емес. Ақ көйлек – қалыңдықтың белгісі. Ер адамдардың да, бишілердің де қазақы үлгідегі киіммен, ұлттық нақыштағы әдемі қимылдармен өнер көрсеткені әлдеқайда жарасымды көрінеді", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бүгінгі той индустриясында мәселе жаңашылдықта емес, оның шегін білуде.
"Қазақтың тойы қазақтың этнографиясына, этнофольклорына сай болса, билері де қазақтың сыпайы әдебінен озбаса деймін. Бір тойда қалыңдықтың той көйлегімен сальто жасағанын көрдім. Мұндай дүниелердің қажеті жоқ. Керісінше, қазақтың ибасы, мәдениеті мен әдеп-ғұрпы көрініп тұрғаны әлдеқайда құнды", – дейді ол.
Этнографтың пікірінше, тойдың қалай өтетіні ең алдымен той иесінің ұстанымына байланысты.
"Той иесі асабамен де, бишілермен де алдын ала келісуі керек. "Біз дәстүрден озбаймыз" деген талапты нақты қойған жөн. Асабалар үлкендерді келемеждейтін, келін мен енені бір-біріне қарсы қоятын әзілдерден аулақ болуы керек. Өкінішке қарай, кейбір тойларда "келіннің жауы – ене" деген сияқты сөздер айтылып жатады. Бұл қандай үлгі, қандай тәрбие? Өзім де жақында келін түсіріп, той жасадым. Асабамен де, тойға шақырған бишілермен де алдына ала әдеп жөнінде келістім", – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, қазіргі тойларда қазақтың төл салттарын жаңаша форматта көрсетуге мүмкіндік жеткілікті.
"Мейрамхананың мүмкіндігі болса, қазақтың әдемі салттарын көбірек көрсеткен дұрыс. Мысалы, беташарда келінге ең жеңгесі қолдау болып тұруы, келіннің мінезі терінің илеуіндей болсын деп аяғының астына тері төсеу, келінге қымыз құйдыру сынды әдемі салттар бар", – деп түйіндеді этнограф.
"Әкесі мен қызының билеуі, әкесінің қызын жетектеп күйеу жігітке әкеліп беруі – қазаққа тән дәстүр емес. Қазақта қызды күйеу жігітке жеңгелері жетектеп әкелген. Тіпті анасы да, ағалары да бұл рәсімге араласпаған. Бұл – қазақ мәдениетіндегі сыпайылық пен әдептің көрінісі. Сондықтан бүгін жеңгелер атқарған рөлді әкенің орындап жүргенін дұрыс деп есептемеймін", – дейді этнограф.
Күйеу бала қайын жұртына сәлем сала ма? Тәжім ету дәстүрі қайдан шықты
Той жасауға мораторий. Халықты қарыздан құтқара ма, әлде ұлт дәстүрлерін ұмыттыра ма?