Тікелей эфир

"Дархан Juzz көзі тірісінде бағаланбады". Әнші Дархан Жүнісбековтің қазасына – 1 жыл

Әнші Дархан Juzz
Әнші Дархан Juzz
Дархан Жүнісбеков 2023 жылы 24 ақпанда Таиландта жол апатынан көз жұмды.

Informburo.kz Дархан Juzz қазасының бір жылдығына орай, оны достары және әріптестерімен бірге еске алады. 

Жұлдызы ерте сөнген музыкант

Дархан Juzz-дің бірнеше әніне бейнебаян түсірген режиссер Рүстем Әлпи оны былайша еске алады:

"Дарханмен Алматыда таныстым. Онымен жеке таныспай тұрып та, шығармашылығымен жақсы таныс едім. Әндерін бұрыннан жиі тыңдайтынмын. Қазақстандық музыкаға жаңа леп әкеліп, қазақ тілінің көркемдігін көпшілікке таныта білген әртіс ретінде құрметтедім. Алматыда өзіміздің жеке продакшнымызды ашып, ең алғаш продюсер Айзатулла Хусейнмен бірге Дарханның "Кейіпкер" деген әніне бейнебаян түсірдік. Сол бейнебаянды түсіру барысында Дархан екеуміз етене жақын араласа бастадық.

Дархан өзгелерге ұқсамайтын ерекше жан еді. Өз шығармашылығын жоғары қоятын, қатты бағалайтын. Бірақ, өзімшілдігі жоқ еді.

Дархан өзінің ән әлеміне қатты берілген адам болды. Өнер жайлы, музыка жайлы күні-түні сөйлесіп отыруға дайын еді. Естуімше, марқұм Табылды Досым сондай адам болған дейді. Дархан өзінің әндерін үтір-нүктесіне дейін жақсы білетін. Ол сөзін де, әнін де өзі жазатын, әрбір шығармасына үлкен махаббатпен қарайтын".

Сурет Мақсат Шуткараевтың жеке мұрағатынан алынды

Режиссер Дарханның қарапайымдығы туралы айта отырып, мына бір оқиғаны баяндап берді:

"Бір жиында отырғанда қыздар Дарханға "сізбен суретке түссек бола ма? Мүмкін, болашақта сіз де Jah Khalib сияқты танымал боп кетерсіз" дегені бар. Сонда олардың сөзіне Дархан емес, айдаладағы мен шамданып қалдым. Ал Дархан болса, еш ренжіген жоқ, қыздармен бірге суретке түсті. Мұндай нәрселерге ол юмормен қарап өтті. Өзі сондай қарапайым, әрі биік адам еді".


Оқи отырыңыз: Умер известный казахстанский инди-музыкант Darkhan Juzz


Рүстем Әлпидің айтуынша, Дарханның жеке өмірі де оңай болмаған. Музыкант жұбайымен жастай ажырасып, ұлы мен қызын өзі тәрбиелеген екен.

"Дархан екі баласына керемет тәрбие бере білді, қашан көрсең де, балаларын ойнатып, қыдыртып жүретін. Бір жаққа бара жатса да, қасына балаларын ертіп алатын. Екі баласына деген әкелік махаббаты шексіз еді. Екеуімен де жан досы секілді сырласатын", – дейді режиссер.

Рүстем Дархан Жүнісбековтің көзі тірісінде жарыққа шыққан соңғы бейнебаяны "Шырақты" түсірген. Бұл бейнебаянға Дархан өзінің екі баласын да қатыстырған.

Дарханның "Шырақ" бейнебаянының түсірілімі кезіндегі суреті

"Екеуміз кейде көлікте отырып, оның әлі жарыққа шықпаған әндерін тыңдайтынымыз бар еді. Бір күні "Шырақ" деген әнінің демо-нұсқасын тыңдатты. Сосын сол әнге бейнебаян түсіреміз деп шештік. Мен бейнебаянға екі баласының түскенін қаладым, Дархан бірден келісті. Бейнебаянда балалардың анасының образын алыстатып көрсеттік. Әдейі осындай визуалдық стиль қолдандық. Себебі, Дарханның сол кездегі шынайы өмірі сондай еді.

Менің бұған дейін түсірген барлық бейнебаяным алдын-ала жоспарланатын. Ал Дарханның осы бейнебаянын жоспарсыз, түйсігімізге сеніп түсіріп шықтық. Көктем келіп, алма бақтың гүлдеген кезінде тауға арнайы бардық. Түсірілім кезінде Дарханның жоқ боп кеткенін байқадым. Іздеп шықсам, бір бұрышта гитарасын ұстап, ыңылдап тұр екен.

"Ерте келген көктемде,

Алатаудың бөктерінде

Жанды шырақ шекемде,

Сөнбесін алауы.

Не көрсем де,

Тәңірімнің қалауы" деп әндетіп тұрды.

Дереу сол шумақты айтқызып, таспаға жазып алдық. Кейінірек студияға барып жазып, әнге қостық. Дарханның тау басында жалғыз тұрып ән айтқан сәті есімнен кетпейді. Ол өзі әндеткендей, көктемнің алғашқы күні Алатаудың бөктерінде жер қойнына тапсырылды. "Осы төбеден" деген әнінде де "осы төбеден бәрі көрінеді" деген жолдары бар. Соған қарағанда, Дархан өзінің кететінін сезген сияқты...", – дейді Рүстем. 

Түсірілім тобы бейнебаянның екінші локациясын іздеп жүргенде, алыста тұрған үлкен күмбезді байқапты. Дархан әнінің соңғы шумағын сол мазардың жанында тұрып шырқаған. Режиссер "сол бейнебаяндағы визуал, образдар менің сценарийіммен емес, "жоғары жақтың" сценарийімен түсірілгендей көрінеді" дейді. 

"Дархан табиғатты қатты жақсы көретін, өзін табиғаттың бір бөлшегі деп санайтын. Үнемі тауға кетіп қалып, шегелердің үстіне шығып, медитация жасайтын. Тәңіршілдікті діни наным ретінде емес, табиғатпен үндестігі үшін, философиясы үшін жақсы көрді. Байқасаңыз, өзінің әндерінде де табиғат, аспан, жер-ана деген тіркестерді жиі қолданған.

Соңғы рет сөйлескен кезімізде "тісім ауырып жатыр" деп маған видеосын жіберген еді. Сосын аяқ астынан "демалысқа барамыз" деп шешіп, Тайландқа кетті. Сол жақтан қайтпай қалды ғой..."

Дархан Juzz. Сурет Мақсат Шуткараевтың жеке мұрағатынан алынды

Режиссер мен музыкант енді-енді шығармашылық тандем құра бастаған кезде Дархан өмірден өтіпті. Екеуі тағы екі бейнебаянның сценарийін жазып, дайындап қойған екен. Сондай-ақ, "Көз тимесін" деген live-жобаны түсіреміз деп келіскен. Ол жерде Дархан басқа әншілермен бірге ән айтуды жоспарлаған екен. 

"Дарханды көзі тірісінде бағаланды деп айта алмаймын. Көпшілік оның қадірін қайтыс болғанда ғана түсінген сияқты. Дархан өзі қаншама есікті қақты, көптеген жобасына демеуші іздеді, таба алмады. Сондай кездерде мен "сендей талантты адамның бетін қалай қайтаруға болады?" деп таңғалатынмын. Меніңше, бұл да біздегі эстраданың, шоу-бизнестің деңгейін көрсететін сияқты. Өкінішке қарай, той әндерін, жылаңқы махаббат әндерін не кальян рэпін айтып жүргендер қыруар ақша тауып, осындай өзіндік қолтаңбасы, индивидуал стилі бар хас таланттар назардан тыс қалып жатады. Дархан қазақ музыкасындағы бағаланбаған, жұлдызы ерте сөнген әртіс болды. Оның айтары да, берері де өте көп еді", – дейді Рүстем Әлпи. 


Оқи отырыңыз: Darkhan Juzz-дың "Әуе" альбомы BEU жүлдесін иеленді


Дархан "Ирина Қайратовна" тобына көп көмектесті 

"Ирина Қайратовна" тобының мүшесі Алдияр Жапарханов Дарханмен көзі тірісінде жақын араласқан жандардың бірі. Олар 2017 жылы Алматыда танысқан. 

"Біз Дарханмен бірге пәтер жалдап тұрдық. Ол нағыз профессионал, өзіндік әлемі бар өте талантты адам еді. Гитарамен қазақша ән айтқанда, бәрімізді баурап алатын. Дархан қолына гитарасын алған кезде біз бүкіл әлемді ұмытушы едік.

2017 жылдың желтоқсан айында "Ирина Қайратовна" тобының алғашқы концерті өтті. Сонда біз Дарханның "Неге нигга" деген әнін орындап шықтық. Ол бізге осы концертке дайындалу барысында музыка жазу жағынан қатты көмектесті.

"Неге нигга" – біздің сүйікті әніміз. Біз өзіміздің кез келген концертімізде (шетелдегі концерттерден басқа) Дарханның осы әнін міндетті түрде орындаймыз. Концертке келген тыңдармандарды Дархан Juzz шығармашылығымен танысуға шақырамыз, оны ұмытпауға тырысамыз. Әр концертте досымызды еске аламыз", – дейді Алдияр. 

Алдияр Жапарханов досының мінезін былайша еске алды:

"Дархан адамның бәріне бірдей ашыла бермейтін қызық адам еді. Мен оған бұл жағынан жақын болдым ба екен, әйтеуір мінезін жақсы білетінмін. Бір жолы бір топ адам болып түнгі клубқа бардық. Клуб ішінде Дарханды таппай қалдық, іздеп-іздеп, үйге қайтып кеттік. Таңғы алтылар шамасында Дархан үйге келіп, бізден пышақ сұрайды (күлді). Бір жігітпен сөзге келіп қалса керек, соған қайта барып, мәселені шешкісі кеп тұр. Біз оны алдап-cулап, үгіттеп үйде қалдырдық. Бұл сол кезде біз үшін өте күлкілі жағдай болды. Оның болмашы нәрсе үшін қырам-жоям дегеніне күлдік. Өзі тез ашуланып, тез тарқайтын. Біз оның сол мінезін қызықтайтынбыз".

Дархан Juzz бейнеленген мурал Астана қаласы, Абай көшесінде орналасқан

Алдияр сөз соңында әңгіме арнасын Дарханның балаларына бұрды:

"Дарханның артында бір ұл, бір қызы қалды. Менің білуімше, ең жақын достары оның балаларына жиі хабарласып тұрады. Өнердегі бауырларымызға жаңа жоба, презентациялар болған кезде Дарханның балаларын шақырып, көңіл бөлейік дегім келеді. Мүмкіндік болған кезде соларға көмектесіп, қарайласып тұрсақ деймін".

Дарханның өмірі туралы biopic жанрында көркем сериал түсіреміз 

Дарханның жақын досы, режиссер, дизайнер Мақсат Шуткараев былтыр онымен бірге Таиландқа демалысқа барған. Сол жерде досының қазасына куә болған алғашқы адам да – өзі. 

"Маған Дарханның өмірінің соңғы күндерінде қасында болу бұйырыпты. Біз Таиландқа бірге барған едік. Осы жерде бір нәрсені айтқым келеді, Дархан жол апатына ұшыраған кезде оның ақыл-есі түзу болды. Бұл өзі күтпеген жерден келген қаза. Ол мопед жүргізуді білмейтін, жүріп келе жатып көлікті басқара алмай қалған ғой. Дарханның қазасы маған өте ауыр тиді. Бұл тақырыпты талқылау маған әлі күнге дейін қиын тиеді. Өмірімде бірінші рет мәйітханаға бардым, өмірімде бірінші рет осындай жақын досымнан айрылдым. Досымның ғұмыры дәл осылай ерте үзіледі деп ойламадым. Орны ойсырап қалды", – дейді Мақсат.

Дархан мен Мақсат 2017 жылы Айтөре деген режиссердің үйінде танысқан екен.

"Ол кезде Айтөре мен Дархан "Ерікпе" деген әнінің бейнебаянын монтаждап жүрген еді. Бірақ, бейнебаян сол күйі жарыққа шықпады. Дархан екеуміз ол кездесуде көп сөйлесе қоймадық. Өмірінің соңғы жылында, былтыр ғана етене жақын араласа бастадық. Дархан Алматыға жақын бір ауылда тұрды, қалаға келген сайын менің үйіме қонатын. Екеуміз бірге көп уақыт өткізетін едік. Мен бейнебаян, видео түсірумен айналысамын. Сондықтан болар, шығармашылық саласының біраз өкілін жақсы танимын. Дархан өнер адамдарының ішіндегі ең шынайы адам болды деп нық сеніммен айта аламын. Өзі өтірік айтуды білмейтін. Ол маған да адал дос бола білді. Екі баланы жалғыз өзі қалай өсіріп жатқаны туралы жиі айтатын. Өз балам жоқ болса да, мен оған қарап, әке болудың қандай екенін бағамдаушы едім", – дейді Мақсат. 

Дархан Жүнісбеков пен Мақсат Шуткараев

"Дархан енді жоқ" дегенді миым қабылдаған кезде мен оның балалары туралы ойлана бастадым. "Енді балаларының тағдыры не болмақ?" деп жүрегім ауырды. Біз, Дарханның достары мен әріптестері оның балаларына барынша көңіл бөліп, әкесінің жоқтығын білдірмеуге тырысамыз", – дейді Мақсат. 

Былтыр желтоқсан айында Дархан Жүнісбековтің "Aue" деген альбомы "Beu Awards - 2023" премиясында "ең үздік альбом" атанды. Марапаттау рәсімінде сахнаға шыққан Мақсат Шуткараев Дарханның өмірі туралы biopic жанрындағы көркем сериал түсіруді қолға алатынын хабарлаған еді:

"Дәл қазір сериалға қатысты ешқандай ақпарат бере алмаймын. Себебі, процесс енді ғана басталып келе жатыр. Оны түсіруге бір жыл кете ме, екі жыл кете ме, әзірше белгісіз. Фестивальдің марапаттау рәсімінде сериалды жарнама үшін емес, өзімді қамшылау үшін айттым. Елдің алдында сөз бердім бе, енді соны орындауым қажет". 

Сурет Мақсат Шуткараевтың жеке мұрағатынан алынды

Сондай-ақ, Мақсат өзінің командасымен бірге Дарханның тағы бір ән жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырғанын айтты:

"Досымның артында қалған музыкалық мұрасына қатысты біраз жоспарымыз бар. Дарханның өнердегі тарихы аяқталған жоқ, керісінше енді басталып жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Оның жариялап үлгере алмай кеткен дүниелерін жарыққа шығаруға күш саламыз".  

Мақсат Шуткараев қазір Таиландта жүр. Былтыр досы қаза болған елге арнайы барыпты.

"Дарханның туған әпкесі елден топырақ ала келді. 24 ақпан күні Дарханның қаны төгілген жерге барып, топырақ салғымыз келеді", – деді Мақсат. 

Серіктестер жаңалықтары