Cмартфонға тыйым және мүлік салығы: 1 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді

Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Сондай-ақ, цифрландыру мен денсаулық саласында бірқатар өзгеріс бар.

Қазақстанда қыркүйек айынан бастап қоғам өмірінің түрлі саласына қатысты біршама жаңашылдық күшіне енеді. Білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінен бастап, салық, зейнетақы жинағын басқару және жеке қауіпсіздік ережелеріне дейін ауқымды өзгерістер қарастырылған. Күздің алғашқы айында азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін басты жаңалықтар мен жаңа ережелерге шолу ұсынамыз.

Оқушылар енді БЖБ мен ТЖБ жазбайды

1 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушылары үшін бағалау жүйесі өзгереді. Үйреншікті БЖБ мен ТЖБ жойылып, олардың орнына әр бөлімнен кейін аралық бақылау жұмыстары өтеді. Сонымен қатар балаларға тапсырмаларды орындауға көбірек уақыт беріледі. Бұрын БЖБ-ға 15-20 минут бөлінсе, енді аралық бақылау жұмысы толық бір сабақ уақытын алады. Бұл ретте формативті бағалау бұрынғыша (1-ден 10 балға дейін) қалады. Мұғалім тек бір тапсырманы емес, баланың сабақ бойы атқарған жұмысын: жауаптарын, өздік және топтық жұмысын, үй тапсырмасын және басқа да белсенділіктерін ескереді.

Жаңа пәндер мен курстар 

1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде жаңа міндетті пәндер мен курстар енгізіледі. 5-7 сынып оқушылары үшін "Конституция негіздері", 8-11 сыныптар үшін "Заң мен тәртіп" курсы енгізіледі. Ал 5-11 сынып оқушылары "Жеке қауіпсіздік" пәнін оқиды. Биыл бірінші сыныпқа баратын балалар үшін бейімделу кезеңі қарастырылып, оқу жүктемесі азайтылады. Негізгі назар тәжірибеге және балалардың жас ерекшеліктеріне аударылады.

Мұғалімдерге сыйлық беруге тыйым салынды

Биыл қазақстандық мектептерде мұғалімдерге қандай да бір сыйлық беруге тыйым салынды. Бұған 1 қыркүйек сияқты мерекелерде берілетін дәстүрлі гүл шоқтары да кіреді.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 28 тамызда ОКҚ-да өткен брифингте мектеп ішінде гүл сыйлауға да, қандай да бір сыйлық беруге де рұқсат етілмейтінін айтты. Сонымен бірге ол бұл талапты бөлек жазып көрсеткендіктен, бұлай етудің еш қажеттілігі жоқ екенін ескертті. Өткен жылдары Оқу-ағарту министрлігі басқа ұстанымды қолдаған еді. 2024 жылы ведомство өкілдері мұғалімдерге гүл сыйлау құрмет пен алғыстың белгісі болғандықтан, бұған рұқсат етілетінін хабарлаған болатын. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та мұны "жақсы дәстүр" деп атаған еді.

Мектепте боянып жүруге қатысты өзгерістер 

Қазақстанда мектеп оқушыларының макияж жасауына тікелей тыйым салынбаған. Дегенмен мектеп бұл ережені өз бетінше енгізе алады. Өйткені мектеп формасына қойылатын талаптар ата-аналар мен қамқоршылық кеңестің пікірі ескеріле отырып, мектеп деңгейінде белгіленеді. Осыған орай, мектеп өзінің жарғысында немесе ішкі тәртіп ережелерінде оқушылардың сабаққа боянып келуіне болмайтынын жазып қоюы мүмкін. Макияж жасаудың өзі мектеп формасы талаптарын бұзу болып саналмайды, сондықтан оқушының бетіндегі косметика үшін ғана ата-анаға айыппұл салуға болмайды. Десе де оқушылар өз мектебінің ережелерін сақтауы тиіс. Мектеп формасына қойылатын талаптарды жүйелі түрде бұзғаны үшін ата-аналарға алдымен ескерту жасалып, кейін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл – 21 625 теңге. Бұл ретте баланы мектеп формасы сәйкес келмегені үшін сабаққа жібермей қоюға құқығы жоқ.


Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылында 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оқушылар саны қанша болады


Оқушылар смартфон ұстамайды

Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушылар сабақ кезінде смартфондарын тапсырады немесе сөмкесінен шығармайды. Бұл ереже барлық сыныпқа бірдей жүрмейді. Ол ең алдымен 1-7 сынып оқушыларына қатысты. Сабақ кезінде телефондарды тапсыру керек болады, алайда бұл смартфондарға толық тыйым салуды білдірмейді. Министрлік оларды сабақ пен оқу процесі кезінде пайдалануды реттегісі келеді. Бұл ретте сабақтарда планшеттерді пайдалану жоспарланып отыр. Жоғары сынып оқушылары үшін ерекшеліктер болуы мүмкін, өйткені кейбір пәндер онлайн-платформаларды қолдану арқылы өтеді.

Мектептерге жасанды интеллект енгізіледі

Тағы бір өзгеріс – ел мектептеріне жасанды интеллектті енгізу. Әуелі ЖИ технологиялары Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте тестілеуден өтеді. Бұл шара қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту үшін қолға алынып отыр. Кейін жобаны 500 шағын жинақты мектепке дейін кеңейту жоспарланған. Ал 2029 жылға қарай ЖИ жүйесін Қазақстандағы барлық 2600 шағын жинақты мектепке енгізу көзделіп отыр. Мектептерде ЖИ-репетиторларды да пайдалану жоспарлануда. Мұғалімдер сабаққа дайындалу және білімді тексеру үшін ЖИ құралдарына қол жеткізеді.

АӘД жаңа бағдарлама бойынша оқытылады

1 қыркүйектен бастап қазақстандық мектептерде алғашқы әскери дайындық пәні жаңартылған бағдарлама бойынша өте бастайды. Өзгерістер "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңға енгізілген түзетулерге байланысты. Пәннің өзі қайтадан "Алғашқы әскери дайындық" деп аталады, ал оның бағдарламасы қолданбалы, тәжірибелік сипатқа ие болуы тиіс. Өзгерістер сабақтың мазмұнына ғана емес, оқытушыларды даярлауға да қатысты болады. Мұғалімдер біліктілігін әскери оқу орындары базасында арттырады. Бұдан бөлек, АӘД оқытушыларының әскери өтілі болуы қарастырылған.

Оқушыларды жаңа оқулықтар күтіп тұр

Қазақстан мектептеріндегі оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады. 2026 жылдың 30 тамызына дейін 3-сынып оқушылары жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақ және орыс тілдері, математика, дүниетану, әдебиеттік оқу және музыка пәндері бойынша кітаптар жаңартылады. Сонымен қатар жетінші сынып оқушыларында дүниежүзі тарихынан жаңа оқулық пайда болады. Жаңадан шыққан оқулықтарда жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары ескеріледі. 2027 жылы жаңарту процесі жалғасады. 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптарға, ал 1 сәуірге дейін 8-сыныптарға арналған жаңа оқулықтарды дайындау жоспарланып отыр. 


Оқи отырыңыз: Orda.kz редакциясы 1 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтатады


Балаларға арналған жаңа тамақтану форматы 

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда мектептегі тамақтану талаптары да өзгереді. Мәзір балалардың жасы мен қажеттіліктерін ескере отырып жасалады. Басты өзгеріс – рационда тағамға қосылатын тұз бен қант шектеледі. Бұл ретте тамақ дайындау үшін тек йодталған тұз қолданылуы тиіс. Мәзірдің кемінде 75 пайызы өсімдік тектес өнімдерден – көкөністер, жемістер, жармалар, бұршақ тұқымдастар, жидектер, жаңғақтар мен тұқымдардан тұруы керек. Ыстық тамақ бұрынғыша ұсынылады. Кейбір мектептерде тамақтану "швед үстелі" принципі бойынша ұйымдастырылуы мүмкін, ал шағын жинақты және асханасы жоқ мектептерде балаларға ланч-бокстар беріледі. Тегін ыстық тамақпен бұрынғыдай барлық 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топтағы балалар қамтамасыз етіледі.

Мектеп формасы қандай болуы керек?

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы үш түрге бөлінеді: күнделікті, мерекелік және спорттық. Форманы таңдау кезінде балалардың жасы, климат, мектептегі температура, сабақ өтетін орын және қауіпсіздік талаптары ескерілуі тиіс. Форманың үлгісін мектептің өзі қамқоршылық кеңеспен, ата-аналармен және мектептегі өзін-өзі басқару органдарымен бірлесе отырып анықтайды. Соңғы нұсқа жалпымектептік ата-аналар жиналысында бекітіледі. Қазақстандағы мектептер ата-аналарды форманы белгілі бір өндірушіден немесе белгілі бір дүкеннен сатып алуға мәжбүрлей алмайды. Елде мектеп формасына қойылатын жалпы талаптар бар, бірақ оның түсі мен үлгісін әр мектеп ата-аналармен немесе қамқоршылық кеңеспен бірлесіп шешеді. Ал форманы қай жерден сатып алуды ата-аналардың өзі таңдайды. Егер директор немесе мұғалім форманы белгілі бір сатушыдан алуды талап етсе, ата-аналар Білім саласында сапаны қамтамасыз ету аумақтық департаментіне немесе Оқу-ағарту министрлігіне шағымдана алады. Мұндай заңсыз талаптар үшін мектеп басшысы жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Балаларды медициналық тексеруден өткізудің жаңа тәртібі

30 тамыздан бастап Қазақстанда балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізудің жаңа ережелері күшіне енді. Енді тексеру кезең-кезеңімен және баланың жасын ескере отырып жүргізіледі. Медицина қызметкерлері бой мен салмақты, ал бес жасқа дейінгі балалардың бас айналымын да өлшейді. Алты жастан бастап қан қысымы өлшенсе, бес жастан бастап дене салмағының индексі есептеледі. Сонымен қатар балаларға плантография жасалып, қандағы оттегі деңгейі тексеріледі және ЭКГ түсіріледі. Кардиограмма 10, 14, 15 және 16 жаста қарастырылған. Педиатр немесе жалпы практика дәрігері баланың жалпы жағдайын, дене және психикалық дамуын бағалайды. Оған қоса ағзаның негізгі мүшелері мен жүйелерінің жұмысы тексеріледі. Он жастан бастап жыныстық даму деңгейі бағалана бастайды. Қыздардың репродуктивті денсаулығы 12, 14 және 16 жаста қосымша тексеріледі. Қажет болған жағдайда бала бейінді маманға бағытталады. Алты жасқа дейінгі балалар үшін хирург, невролог, лор-дәрігер, офтальмолог және стоматологтың қатысуымен қосымша тексеру қарастырылған. Жаңа ережелердегі бөлек тармақ – балаға қатысты ықтимал қатыгездік белгілерін анықтау. Медицина қызметкерлері жарақаттарға, байланған немесе күйген іздерге, сондай-ақ тиісті күтімнің, тамақтанудың, медициналық көмек пен қауіпсіздіктің жоқтығын білдіретін белгілерге ерекше назар аударады. Ата-аналар медициналық тексеру нәтижелерін цифрлық медициналық жүйелер мен мобильді қосымшалар арқылы көре алады.

Ауылдағы жалдамалы баспананы тұрғындар өзі таңдайды

Қыркүйекте ауылдық жерлерде мемлекеттік жалдамалы үйлерді бөлу тәртібі жаңарады. Кезекте тұрғандар өз ауданындағы баспананы өзі таңдау мүмкіндігін алады. "Отбасы банк" жүйесі арқылы өтінім қабылдаудың алғашқы кезеңі 1-7 қыркүйек аралығында ЭЦҚ көмегімен жүргізіледі.

Базалық мөлшерлеме бойынша жаңа шешім шығады

4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін хабарлайды. Қазіргі көрсеткіш – 16,75%. Бұл көрсеткіш несие мен депозит пайыздарына тікелей әсер етеді: мөлшерлеме өссе, несие қымбаттап, жинақ сақтау тиімдірек болады.


Оқи отырыңыз: Непалдағы жойқын су тасқыны: 750 адам қаза болып, мыңдаған адам жоғалды 


Бейнебақылау камераларына ортақ стандарт енгізіледі

1 қыркүйектен бастап бейнебақылау жүйелеріне арналған алғашқы ұлттық стандарт күшіне енеді. Жаңадан салынған немесе жөндеуден өткен нысандардағы камералардың сапасы (ажыратымдылығы, жарық сезімталдығы, жиілігі мен орналасуы) бірыңғай талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ видеожазба үздіксіз жүргізіліп, кемінде 30 күн сақталуы тиіс.

ББҚ сапасын бақылау: Цифрлық таңбалау енгізіледі

1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларға міндетті түрде Data Matrix коды басылады. Бұл таңба өнімнің заңды екенін әрі қайдан шыққанын анықтауға көмектеседі. Ал осы күнге дейін шығарылған таңбасыз қоспаларды жарамдылық мерзімі біткенше сата беруге рұқсат.

Зейнетақы жинағын жеке компанияларға сеніп тапсыру

7 қыркүйектен бастап ел азаматтары зейнетақыдағы қаржысының 100 пайызға дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушыларға бере алады. Ақшаны Ұлттық банкте қалдыру немесе жеке компанияға аудару шешімін салымшының өзі қабылдайды. Барлық шарт пен мүмкіндіктер БЖЗҚ сайтында орналастырылған.

Кімдер салық декларациясын тапсыруға міндетті?

15 қыркүйекке дейін азаматтардың белгілі бір санаты 2025 жылғы табысы мен мүлкі бойынша 270.00 нысанды есепті тапсыруы тиіс. Олардың қатарында:

  • мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жубайлары;
  • компания басшылары, құрылтайшылары және жеке практикамен айналысатындар;
  • цифрлық актив иелері мен табысын өзі декларациялауға тиіс тұлғалар;
  • 2025 жылы жалпы құны 20 мың АЕК-тен (86,5 млн теңге) асатын мүлік немесе актив сатып алғандар.

Қараусыз қалған жануарларды аулау ережесі өзгереді

4 қыркүйектен бастап қаңғыбас жануарларға қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Егер жануар адам өміріне, өзге жануарларға немесе мүлікке қауіп төндірсе, жергілікті органдар шұғыл шара қолданады. Бұл ретте қаңғыбас мысықтарды санын азайту мақсатында ұйықтатуға толық тыйым салынады, ал иттерге эвтаназия тек заңда көрсетілген айрықша жағдайда ғана жасалады.


Оқи отырыңыз: Алматыда 1-5 қыркүйекте кей қызметкерлер қашықтан жұмыс істеп, жол қозғалысы өзгереді


Мүлік салығын төлейтін соңғы мерзім

Азаматтар 1 қазанға дейін 2025 жылға арналған мүлік салығын (пәтер, үй, саяжай, гараж, тұрақ орны т.б.) төлеуі қажет. Төленетін соманы eGov, банк қосымшалары немесе салық органдарының сервистерінен білуге болады. Мерзім өтіп кетсе, әр күн сайын өсімпұл есептеледі.

Тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталады

15 қыркүйектен бастап елде тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі. Екпе ең алдымен созылмалы ауруы барларға, оқушыларға, жүкті әйелдерге, қарттарға және кішкентай балаларға салынады. Екпе алатын азаматтардың тізімі 3 қыркүйекке дейін бекітілуі тиіс.

Шетелде жүрген қазақстандықтарға паспорт берудің жаңа шарты

1 қыркүйектен бастап шетелдегі консулдықтар мен елшіліктер арқылы құжат рәсімдей алатын азаматтар тізімі нақтыланды. Олар: тұрақты тұратындар, студенттер, еңбек шартымен жүргендер, шетелде туған балалар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Құжатты дайындау мерзімі жүйенің қосылуына байланысты 40 жұмыс күннен 90 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.

Алматыдағы көліктерге экологиялық тексеру енгізіледі

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеру енгізіледі. Жаңа талаптың қалай жұмыс істейтіні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірілді. LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратовтың айтуынша, жаңа талап бензин, газ және дизель отынымен жүретін көліктерге қатысты болады. Экологиялық техникалық тексеруден өту автокөліктің кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өтуінің міндетті шартына айналады. Дулат Маратов екі рәсімнің бір-бірінен бөлек екенін атап өтті.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның вице-президенті болып Ерлан Қарин тағайындалды 


Яғни экологиялық техникалық тексеру техникалық байқауды алмастырмайды және оның құрамдас бөлігі болып саналмайды. Алайда жаңа талап күшіне енгеннен кейін шығарындыларды тексеруден өтпеген көлік жоспарлы техникалық байқаудан өте алмайды. Бұл ретте көлік иелеріне 1 қыркүйекке дейін техникалық тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады. Егер көлік 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өткен болса, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Қайта техникалық байқаудан немесе экологиялық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Әдеттегі техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал шығарындылар деңгейін анықтайтын техникалық тексеру сертификатталған жабдықпен қамтылған, бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау