Алматыда жаңа оқу жылының басталуына байланысты жол қозғалысы мен қоғамдық көлік жұмысы күшейтіледі. Әкімдік қала тұрғындарына оқу жылының алғашқы күндерінде бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұрады.
1 қыркүйек күні таңертең мектептер маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және көлік қозғалысы көп учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады.
Қала тұрғындарына жеке көлікпен мектептің кіреберісіне дейін бармау және мүмкіндігінше балама қозғалыс тәсілдерін алдын ала қарастыру ұсынылды.
"Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымы да тексерілген. Бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайына ерекше назар аударылған. Нәтижесінде 140-тан астам ескерту бойынша анықталған кемшіліктер жойылды. Мектеп аумақтары тәулік бойы бейнебақылауда болады. Оқу жылының алғашқы екі аптасында жолаушылар санының артуына байланысты қоғамдық көлік жұмысы күшейтіледі", – делінген хабарламада.
Қазір қалада қатынайтын 3200 автобусқа қосымша резервтен 500-ге жуық автобус шығарылады. Бұл жолаушылар көп бағыттарда автобустар санын арттырып, қарбалас уақытта қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.
"Метро жұмысы да күшейтіледі. Пойыздар саны 11-ден 13 құрамға дейін көбейтіліп, таңғы уақытта қозғалыс аралығы 3 минутқа дейін қысқарады. Сонымен қатар қыркүйектің алғашқы аптасында салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Қолданыстағы талап бойынша оларға белгіленген учаскелерде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруге тыйым салынады. Бұл шектеу қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тасымалдарға қолданылмайды", – делінген хабарламада.
Әкімдік қала орталығындағы ірі компанияларға, банктерге және басқа ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлердің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыруды немесе жұмыс уақытын икемдеуді ұсынды.
Өз кезегінде әкімдікке қарасты құрылымдық бөлімшелер мен ұйымдар 1-5 қыркүйек аралығында қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру шараларын қабылдайды.
Әкімдік тұрғындарға жолға шығар алдында бағытын жоспарлап, таңертең жеке автокөлікті мүмкіндігінше пайдаланбауды және қоғамдық көлік пен метроға басымдық беруді сұрады.