Непалда жойқын су тасқыны мен селден қаза тапқандар саны 750 адамға жетті. Тағы 3 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Құтқару жұмыстарына қайта жауған нөсер жаңбыр мен су тасқынының қайталану қаупі кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды Euronews.
Непал билігі табиғи апаттан зардап шеккен аудандардың тұрғындарына су тасқыны қайта болуы мүмкін екенін ескертіп, сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Сел сәрсенбі күні жүрген. Соңғы мәлімет бойынша, Непалда 734 адам қаза тауып, 2498 адам із-түзсіз жоғалған. Ал Тибетте 16 адам қаза тауып, 546 адам жоғалғандар қатарында. Тибетте жоғалғандардың арасында Непалдың жүзден астам азаматы және оннан астам елдің азаматтары бар. Құтқарушылардың жұмысы да күрделене түскен. Түнде жауған қатты жаңбыр мен өзендердегі су деңгейінің көтерілуі іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандарға жетуді қиындатып отыр.
Қазір гидроэнергетика нысандарының қызметкерлерін іздеуге ерекше назар аударылған. Салада жұмыс істейтін 933 адам із-түзсіз жоғалған. Билік бірнеше су электр станциясының тоннельдерінде 100-ден астам адам қалып қоюы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Негізгі құтқару жұмыстары Trishuli 3A және Trishuli 3B нысандарында жүргізіліп жатыр. Станциялардың бірінде әскерилер бұрғылау жабдығы арқылы лай басып қалған тоннельдің жоғарғы бөлігіне жол ашқан. Осыдан кейін тоннельге ауа жіберіліп, ішкі бөлігін тексеру үшін камера түсірілген. Бұл уақытта Непалдың зардап шеккен аудандарынан қаза тапқандардың денелері әлі де табылып жатыр. Жергілікті мәйітханаларда орын қалмаған. Құрбандардың басым бөлігінің жеке басы әзірге анықталған жоқ.
Мәселен, Читван ауданынан табылған 233 адамның денесінің төртеуі ғана танылған. Қаза тапқандарды бауырластар зиратына жерлеу жоспарланып отыр. Оған дейін кейін жеке басын анықтау үшін олардың ДНҚ үлгілері алынады.
Құтқару операциясы жалғасып жатыр. Алайда қайта жауған нөсер жаңбыр мен су тасқынының қайталану қаупі төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын айтарлықтай қиындатып отыр.